Білім

Оқушылар дәстүрлі форматта оқиды

Брифинг

Облыста соңғы бір тәулікте коронавирус инфекциясы бойынша 66 жағдай тіркелді. Оның 52-сінде ауру белгілері байқалса, қалған 14-і — симптомсыз. Қазір инфекциялық ауруханаларда 242 науқас ем алуда.

Облыс эпидемиологиялық жағдайды бағалау матрицасына сәйкес «сары» аймаққа көшкені белгілі. Ақпанның 10 күнінде 1230 адамның қауіпті індетті жұқтырғаны анықталды. Соңғы аптада аурушаңдық көрсеткіші 1,9 есеге төмендеген.

— Өткен аптада ведомствоаралық комиссияның отырысында оқушыларды дәстүрлі форматта оқытуға көшіру мәселесі қаралды. Осы шешімнің негізінде 10 ақпан күні Қаулыға өзгерістер енгізілді. Яғни алдағы аптадан бастап білім беру ұйымдары штаттық форматта жұмыс істеуге көшеді, — дейді санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментінің басшысы Райхан Қойшанова.

Облыста карантиндік шектеу шараларын бақылайтын 47 мобильді мониторингтік топ жұмыс істейді.  Биыл жергілікті полиция өкілдерінен түскен мәліметтерге сәйкес 919 мың теңге көлемінде 20 әкімшілік айыппұл салынған. Сондай-ақ Ashyq жобасы бойынша 161 адам «қызыл», 33 адам «сары» статуспен анықталып, 91 890 теңгеге әкімшілік жауапкершілікке тартылған.

— Соңғы тәулікте жедел жәрдем қызметіне 700-ден астам шақырту келіп түсті. Бүгінде Ақтөбе қаласындағы инфекциялық ауруханаларда — 189, облыс аудандарында — 53, жансақтау бөлімшелерінде 28 науқас ем алып жатыр. 9 адам  өкпені жасанды желдету аппаратына қосылды. КВИ диагнозы бойынша 34 жүкті әйел және 142 бала бақылауға алынды. Карантиндік стационарларға 9 адам жатқызылды. Олар — Мәртөк және Қарғалы аудандарында. Жыл басынан бері қауіпті вирус жұқтырған 17 адам қайтыс болды. Қазір облыстағы барлық керуеттер жүктемесі — 40 пайыз, — деді облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров.

Оның айтуынша, қазір облыс орталығында коронавирус инфекциясын тестілейтін 12 зертхана жұмыс істеп тұр, тәуліктік қуаты 8200-ге дейін жетеді. Соңғы тәулікте 2 жарым мың зерттеу жүргізілген.

Өткен жылдың ақпан айынан бастап облысқа 1 миллионнан астам доза вакцина жеткізілген. Қазіргі таңда бірінші компонентін — 395 011, екінші компонентін 372 712 адам алған. 75 736 адам ревакцинациядан өткен.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button