Әлеумет

Қоғамдық көлік қызметі жолаушылар ойынан шыға ма?

Қала тұрғындарының көп тіршілігі қоғамдық көлік қызметін пайдалануға келіп тіреледі. Сондықтан да бұл мәселе қазіргі күнде билік тарапынан да, басқа қоғамдық ұйымдар жағынан да ерекше назар аудартып отыр. Оның себебі, уақыт талабына сай қызмет көрсету мәдениетін көтеру қажеттігі қай кездегіден де гөрі күн тәртібіне жиі көтерілуде.

Облыстық ішкі саясат басқармасы жанындағы қоғамдық-саяси кеңестің ұйымдастыруымен өткізілген «Қала тұрғындарын көлікпен тасымалдау және мәдениетті қызмет ету – қала мәдениетінің бір саласы» деп аталған жиында осы бағыттағы ортақ ойласу өрбіді.

Кеңес отырысына саяси партиялардың облыстағы филиалдарының жетекшілері, «Батыс» өңіраралық көліктік бақылау инспекциясының, облыстық жол полициясы басқармасының, «Автопарк», «Троллейбус паркі» ЖШС басшылары қатысты.

Жолаушыларға қызмет көрсететін автопарк, троллейбус паркі мекемелерінің директорлары Қанат Қалиев, Әбдіжәми Тәжімұратов өз ұжымдарындағы бүгінгі ахуал туралы баяндап берді.

Мыңға жуық адам еңбек ететін автопаркте соңғы алты-жеті жыл ішінде көптеген жаңарулар жүзеге асырылды. Мәселен, жыл сайын тұрақты түрде орта есеппен алпыс-жетпіс жаңа автобус сатып алынады. Және сыйымдылығы үлкен, мініп-түсуі жолаушыларға қолайлы көліктерге қарай бағыт ұсталынуда. Осындай мақсаттың орындалуы нәтижесінде «Газель» көліктері маршруттардан ығыстырылды. Қазіргі уақытта қалада 45 бағытта жолаушылар тасымалданады.

Жолаушыларға қызмет көрсету мәдениеті де автопарк басшылығының жіті назарында екені айтылды. Бұл ретте көлік жүргізушілер мен кондукторлардың бірыңғай киім формасына көшіріліп, жолаушыларға бұрынғыдай билет кесу ісі қолға алына бастағаны, бүкіл қызмет аясында мемлекеттік тіл басты орында екендігі тілге тиек етілді.

Аталған ұжымдағы басты проблема – тәжірибелі жүргізушілердің жетіспейтіндігі. Автопаркте жаңадан жұмысқа қабылданған адам сынақ мерзімінен өткізіледі, дегенмен қозғалысы көп көшелерде көлік жүргізу үлкен сақтықты, салқынқандылықты һәм шеберлікті талап етеді.

Осыған байланысты облыстық жол полициясы басқармасы бастығының орынбасары Ерлан Алтынбаев өткен жылы ғана автобус жүргізушілер арасында 883 тәртіп бұзушылық орын алғанын айтты. Оның ішінде көлікті ішімдік ішкен күйде басқару дерегі де бар. Өкініштісі, адам өліміне соқтырған жол-көлік оқиғалары да болды. Тәртіп сақшысы автобустардың техникалық жарақтылығына ерекше мән беру керектігіне назар аударды.

Сонау сексенінші жылдардың басында жұмыс істей бастаған троллейбус паркінде бастапқы кезеңдерде 78 көлік қызмет етсе, қазір оларды саусақпен санауға болады. Оның есесіне мұнда жаңа автобустар сатып алына бастапты. Соның есебінен кәсіпорын несиелік қарыздарынан құтылып, қазір қалыпты жұмыс ырғағына көшкен. Ең бастысы, еңбекақы уақытында беріледі.

Аталған мәселе кеңес отырысында қаралмас бұрын қала көшелерінде бақылаулар жүргізілген. Оның қорытындысы туралы жиында Коммунистік партияның облыстық комитетінің хатшысы Жолдас Ерекенов баяндап берді.

Баяндамашы жетістіктерді жоққа шығармайтынын айта отырып, көзге түскен кемшіліктерге көбірек көңіл бөлді.

«Жолаушылар тасымалдаушылар тендерде белгіленген міндеттемелерінен гөрі құқықтарын көбірек пайдаланатын сияқты, — деп бастады ол сөзін, — мысалы, жүрудің аралық уақытының сақтала бермеуі, кейбір аялдамаларда мерзімнен тыс кідіріп тұруы, ескертпе жасасаң дөрекі жауап алуың жиі кездеседі. Сондай-ақ кейбір маршруттарда автобустар кешкісін жұмыстарын ерте аяқтайды».

Сонымен бірге «келесі Зоя аялдамасы» (дұрысы Зоя Космодемьянская) деген сияқты өрескел бұрмалап айтушылықтар да кездесіп қалады екен. Комиссия мүшелері кәсіпорындардың басшыларына осының бәріне ұсақ-түйек деп қарамай, қадағалап отыруды ұсынды.

Бұл ретте автопарк басшысы Қ. Қалиев жолаушылардан түсетін арыз-шағымдарды тікелей өзі қадағалап отыратындығын, алдағы уақытта ескертпелерден қорытынды жасалатындығын айтты.

Кеңес отырысына қатысқан облыс әкімінің орынбасары Сара Нұрқатова қай салада болмасын, халықпен қызмет істеу міндеті жоғары деңгейде атқарылуы қажеттігіне назар аударды. «Оның ішінде қоғамдық көліктердің уақытымен қозғалыс жасауы, жолаушылар үшін барлық жағдайлар жасалуы, қызмет мәдениеті қалтқысыз жүзеге асуы тиіс», — деді ол.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

One Comment

  1. Жолаушылар тасымалымен айналысатын  қоғамдық көліктердің қайсысына отырсаңыз да салон іші лас (қазіргі көктемгі уақыттан басқа кезде де), кондуктор билет кеспейді, және  кейбір аялдамаларда мыс.8А бағытындағы автобустар уақытымыз бар деп тұрып алады, ал 24-25 бағыттардағы втобустарда жолаушыларды жұлқылап мінгізіп, итеріп түсіретін «спортсмен кондукторлар» жұмысқа алынған. 

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button