Білім

Ағайынды ұстаздар халықаралық білім додасында топ жарды              

М.Құсайынов атындағы облыстық мамандандырылған дарынды балаларға арналған мектеп-интернатының математика пәнінің мұғалімі Бауыржан Жылгелді жақында математика, физика және информатика пәндері бойынша өткен IV халықаралық ашық шығармашылық байқауынан жеңімпаз атанды.

Ғылымдардың патшасы саналған математика пәнінің қыр-сырын үйретуден жалықпай, алдына келген шәкірттерін зеректікке жетелеген білікті ұстаз Бауыржан Жылгелдінің білім саласында жеткен жетістіктері аз емес. Жиырма жылға жуық ұстаздық еткен Б.Жылгелдінің шәкірттері қазір алыс-жақын шетелдерде қызмет етеді.

— Әкем мен анам­ның екеуі де ұстаз болғандықтан, со­ларға қарап бой түзеп, мұғалім болсам деген мұратқа талпындым. Әкем Жексенғали Жылгелді физика-математика пәнінен сабақ берсе, анам Хамида бастауыш сынып мұғалімі бол­ды. Өмір жолымда Гүлжан Нұрғазина, Талғат Шерияздан, Совет Отарбаев сынды ұстаздардан білім алдық. Білікті маман болуымызға осы кісілердің де сіңірген еңбегі зор, — дейді Бауыржан Жылгелді.

Жақында ол физика және информатика пәндері бойынша өткен IV халықаралық ашық шығармашылық байқауынан жеңімпаз атанды. О.Жәутіков атындағы республикалық физика-математика мектебінің және «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен өткен бұл байқау алғашқы кезде республика көлемінде өткізілді. Соңғы жылдары халықаралық деңгейде ұйымдастырылып жүр.

Жарысқа еліміздің түкпір-түкпірінен және Ресей, Қырғызстан, Грузия, Моңғолия мемлекеттерінен 200-ге жуық адам қатысты.

Жалпы, мұндай байқаулардың жиірек ұйымдастырылғаны дұрыс. Себебі қазір ғылым мен техниканың қарқынды дамыған заманы. Еліміздің экономикасы өсіп, жаңа технологияларды пайдалану арқылы керемет жобаларды жүзеге асырып отырған кезеңде оқушылардың математика мен физика пәндерінен біліміне, компьютерлік сауаттылық деңгейіне қойылатын талап та жоғары. Елімізге білімді ұрпақ керек, ал сол білім кілті барлық нақты ғылымдардың негізін меңгеруде жатыр, — дейді ол.

Өткен жылдың соңында Алматы қаласында өткен математика, физика және информатика пәні мұғалімдерінің VIII халықаралық шығармашылық байқауында Бауыржанның інісі Сабыржан II дәрежелі дипломмен мараппатталды. Бүгінде ол да М.Құсайынов атындағы облыстық дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатында физика пәнінен сабақ береді.

«Ұяда не көрсең, ұшқанда соны ілесің» демекші, ағалы-інілі Бауыржан мен Сабыржан мұғалімдік мамандығын таңдап, ата-ана жолын бірге жалғастырып келеді.

Бауыржан осыдан екі жыл бұрын Ақтөбе қаласынан «UMIT.education» деп аталатын оқу орталығын ашты. Қазір мұнда оқушыларды Қазақстан тарихы, дүниежүзі тарихы, биология, химия, география, математика, физика пәндерінен ҰБТ-ға, олимпиадаларға, шетелдік университеттерге  оқуға түсуге даярлайды.

Мұғалім әр кез білімін жетілдіріп отыруы керек. Біз ғылым мен техниканың да­мыған, өнер-білімнің түрлі саласын­да тың жаңалықтар аса қарқынды

үр­діспен ашылып жатқан қоғамда өмір сүріп жатырмыз. Осындай кезеңде жан-жақ­ты бі­лім және тәрбие берумен айналы­су —жауапкершілігі өте мол іс. «Тәрбиесіз берілген білім — адамзаттың қас жауы» деген сөз бар. Алдымыздағы шәкірттеріміз жан-жақты тұлға болып қалыптасуы үшін сапалы білім, саналы тәрбие беруіміз керек, — дейді Бауыржан Жылгелді.

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button