Білім

Құмжарған мектебінің «жыры» қашан бітеді?

5 жыл бұрын апатты екені анықталған мектептің құрылысы 4 жылдан бері аяқталатын емес

«Балалар 5 жылдан бері апатты мектепте оқып жатыр. Ауыл халқы жаңа мектептің құрылысы аяқталатынына сенбейді. Әр жылдан үміт күтіп, әбден шаршадық. Баяғы жартас, сол жартас». Бұл — Мұғалжар ауданындағы Құмжарған мектебінің директоры Сексенбай Айтпағамбетовтің жанайқайы.  Осыдан 4 жыл бұрын басталған 60-ақ орындық шағын ғана білім шаңырағының құрылысы аяқсыз қалды. 

2020 жылы қыркүйектің 22-сі күні «Ертең келеміз» деп мердігерлер кілт тастап кеткен-ді. Сол кеткеннен қайта оралған жоқ. Бастапқы жылдары қала жақтан көлік келсе, елеңдеп, жақсы жаңалық күтетін едік. Қазір селт етпейін болдық.Арасында ауданнан, облыстан құзырлы мекемелерден хабарласып, мектептің фотосын сұрайды. Солардың өтінішін орындаймыз. Ара-тұра мектепті барып, тексеріп келеміз.

Зәулім мектеп болса түсінуге болар, небары 60 балаға ғана арналған шағын мектептің құрылысының сонша жылға созылғаны қынжылтады, — дейді мектеп директоры.

Оның айтуынша, мектептің сыртқы құрылысы бітіп, айналасы қоршалғанмен, ішкі жұмыстары көп. Қабырғаларына, төбелеріне сылақ жүргізіп, әрлеу қажет. Есіктері салынбаған. Едені де төселмепті.

Ғимарат1979 жылы салынған. 2017 жылы апатты жағдайда екені анықталды. Төбесі ойылып, ортасына түсудің аз-ақ алдында тұрған бөлмелер бар. Бірақ ондай бөлмелерде сабақ өтпейді. Оқушылар оқшауландырылып, басқа бөлмелерде оқытылып жатыр. Дегенмен қашанға дейін бұлай жан сақтауға болады?

1994 жылдан бері осы мектепті басқарамын. Былтыр зейнеткерлік демалысқа шықтым, — дейді Сексенбай Айтпағамбетов.

Қазір негізгі мектепте 57 бала оқып жатыр. Жалпы 20 мұғалім еңбек етеді.

Құмжарған — шағын ауыл. Ауылда 70-ке жуық түтін бар. Халық саны — 241 адам.

Ауылдыңболашағы бар. Жан-жақтанкөшіпкеліп жатыр. 2013 жылыҚұмжарғанға газ құбырыжүргізілді. Халықкөгілдіротынныңқызығынкөріп, қуаныпжүр. Ауылға газ берілгенкездемектепке газ жүргізумәселесікөтерілгенмен, кейінжаңағимарат салу жоспарлағасын, ол кейінге қалдырылды.Сөйтіп, ескі мектепте әлі күнге дейін күл алып, от жағылады, — дейді мектеп басшысы.

Біз: «Тұрғындар жаңа мектептің ашылатынынан күдер үзіп отыр. Мектеп құрылысы аяқтала ма? Нақтысын айтсаңыз», —  деп облыстық құрылыс, сәулет және қала құрылысы басқармасының басшысы Нағымжан Алдияровқа хабарласқан едік.

Құмжарған мектебі биыл Білім күні қарсаңында толық аяқталады. Жаңа оқу жылында оқушылар жаңа мектепте оқитын болады.

Жобаға түзетулер енгізіліп болды. Қазір құжат мемлекеттік сараптамаға жіберілді. Құрылыс жұмыстарын жалғастыратын мердігер мекемені анықтау үшін конкурс өткізіледі. Жазда құрылыс жұмыстары басталады.

Құмжарған мектебін салуға жауапты болған«Сауран Инжиниринг» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі құрылысты аяқсыз қалдырды. Қазір сот шешімі шықты. Соған байланысты «Сауран Инжиниринг» серіктестігі 95 миллион теңгені мемлекетке қайтарады, — дейді Нағымжан Алдияров.

P.S. Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Жеңісбек Ақбергеновтің айтуынша, қазір облыс бойынша 3 апатты мектеп бар. Бірі —Құмжарған, қалғандары — Қобда ауданындағы Терісаққан мектебі және Әйтеке би ауданындағы Комсомол  орта мектебі. Терісаққан мектебінің құрылысын биыл аяқтау жоспарланып отыр. Ал Комсомол мектебінің сметалық құжаттамасы әзірленіп жатыр. Сыйымдылығы 270 орындық жаңа мектеп интернатымен бірге салынады. 

Облыстық білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Бұлбұл Күзембаеваның айтуынша, былтыр мониторинг кезінде өңірдегі екі білім беру мекемесінің апатты жағдайда екені анықталған. Олар — Ақтөбе қаласындағы Қызылжар орта мектебінің және Байғанин ауданындағы техникалық колледж жатақханасының ғимараты.  Қазір жатақханада 7 оқушы тұрады. 

P.S.S. Ақтөбе қаласындағы Есет батыр шағын ауданындағы 900 орындық мектептің де құрылысы ұзаққа созылып кетті. Республикалық бюджеттен қаржыландырылған құрылыс жұмысы 2017 жылы басталған. Жеңісбек Ақбергеновтің айтуынша, мектеп құрылысын биыл аяқтау жоспарланып отыр. Бұл мектеп пайдалануға берілсе, №60 мектептің үшауысымдық мәселесі шешіледі.  

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button