Білім

Балаларға қандай базарлық бар?

Балалар жылы

Ақтөбеліктер Балалар жылын бос ұран мен дарақы дақпыртқа жол бермей, мәнді әрі мазмұнды етіп өткізуді жоспарлап отыр. Білім беру саласымен қатар, денсаулық сақтау, әлеуметтік сала бойынша балалардың жағдайын жасау үшін жыл бойы қыруар іс атқарылмақ. Өңірде қолға алынған тың бастамалар мен жаңа жобалар туралы облыстық білім басқармасының бөлім басшысы Райхан Нұрқожаева айтып берді.

Барлық жұмыстар негізгі 8 бағыт бойынша іске асырылатын болады.

Технопарктер көбейіп, астрономиялық фестиваль өтеді

Іс-шаралар жоспарында көрсетілген бірінші бағыт «Білімді бала» деп аталады. Бұл бағытта балалардың сапалы білім алуына, қосымша біліммен қамтылуына, бос уақытын тиімді пайдаланып, шығармашылық және зияткерлік тұрғыда дамуына ерекше көңіл бөлінбек.

—Балаларға өңірдің туризм саласын кеңінен таныстырғымыз келеді. Мәдени құндылықтарымызды облыстың әрбір баласы білуге, көруге тиіс. Осы мақсатта «Жаманшың — ұрпаққа ұлағат» атты тарихи туристік-өлкетану фестивалін өткізуді жоспарлап отырмыз. Астрономия фестивалі Ырғыз ауданындағы «Жаманшың» метеориттік кратері аумағында өтеді. Байғанин ауданындағы Ақтолағайға экспедиция жасауда биылғы міндеттер қатарында тұр, — дейді бөлім басшысы.

Сондай-ақ ол оқушылардың ғылыми тұрғыда дамуына жағдай жасау мақсатында қосымша білім беру ұйымдарының базасында технопарктер ашу көзделіп отырғанын да айтты. Бұл — балаларды ғылымға бастайтын бірден-бір алаң болмақ.

Шығыстың ғұлама ойшылы Әбу Насыр әл-Фарабидің: «Адамға ең бірінші білім емес, тәрбие керек. Тәрбиесіз берілген білім — адамзаттың қас жауы, ол келешекте оның өміріне қауіп әкеледі» деген сөзі бар. Балаға алдымен жақсы тәрбие берудіңөлшеуі жоқ қазына екеніғасырлар бойы  дәлелденіп келеді. Балалар жылында тәрбие мәселесіне де ерекше көңіл бөлінбек. «Отбасы — қауіпсіз мектеп» бағытында  отбасылық тәрбие, ата-аналармен жұмыс, оқушыларды адамгершілік-рухани тұрғыда тәрбиелеуге бағытталған жұмыстар жүргізіледі.

Протездік-ортопедиялық шеберхана ашылады

 Жұмыс жоспарының «Дені сау бала» бағытында балалардың денсаулығына көңіл бөлінген.  Ерекше балаларды қолдау мақсатында бірқатар жұмыс қолға алынып, облыстың шалғай ауылдарында тұратын балаларға медициналық көмек көрсетілетін болады. Бұл жұмыстарға облыстық білім басқармасымен қатар, денсаулық сақтау, жұмыспен қамтуды үйлестіру және әлеуметтік бағдарламалар басқармалары да атсалыспақ.

 — Ақтөбе қаласында протездік-ортопедиялық шеберхана ашу да осы жылдың еншісінде. Бүгінде облыста 800-ден астам балаға сал ауруы диагнозы қойылған. Ата-аналардың айтуынша, оларға қажетті протездерді тек Алматы қаласында ғана жөндейді екен. Осыған байланысты облыс орталығында шеберхана ашу қажеттігі туындап отыр, — дейді бөлім басшысы.

Қандыағаш қаласындағы психологиялық-педагогикалық медициналық кеңес беру орталығының ашылуы да жылдың айтулы жаңалықтарының бірі болатыны сөзсіз.Бұл кеңес беру орталығында Мұғалжар, Шалқар, Байғанин, Темір аудандарының балаларына да қызмет көрсетілетін болады. Бөлім басшысының айтуынша, облыс бойынша әлі мұндай 3 орталық қажет.

50 пәтер беріледі

Жұмыс жоспарының «Жетімі жоқ ел» деп аталатын төртінші бағытында жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға басты назар аударылған. Оларды баспанамен қамту мақсатында биыл да 50 пәтер бөлінбекші. Бұл жұмыстар облыстық энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығы басқармасы, Ақтөбе қалалық және аудандық әкімдіктердің қолдауымен жүзеге асырылмақ.

Биыл «Мейірім» жастарды қолдау орталығында қабылдаушы ата-аналар мектебі құрылады. Бұл мектепте жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларды өз отбасына алуға тілек білдірген азаматтар психологиялық тұрғыда даярлықтан өтеді. Сондай-ақ Балалар жылы аясында балалар үйлерінің тәрбиеленушілері мен жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған балаларға арналған ұйымдардың тәрбиеленушілері арасында түрлі байқаулар ұйымдастыру жоспар да бар.

Облыстық білім басқармасы берген мәліметке сүйенсек, өңірде  жетім және ата-ана қамқорлығынсыз қалған 868бала бар. Олардың 708-і қорғаншылық және қамқоршылық тәрбиеде болса, 81 бала патронаттық отбасында, ал 79 бала интернаттық ұйымдарда тәрбиеленіп жатыр.

БИЫЛ

  • 20 білім беру мекемесінде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, пандустар орнатылады.

  • жалпы білім беретін мектептердің бейнебақылау жүйесі жаңартылып, 120 білім ордасына мамандандырылған күзет қызметі қойылады.

  • Шағын қалалар мен аудан орталықтарындағы, ауылдардағы 56 мектептің инфрақұрылымы мен материалдық базасы жаңартылады.

  • мектепке дейінгі ұйымдарда мемлекеттік атаулы әлеуметтік көмек алуға құқығы бар отбасылардан шыққан балаларға тамақтандыру құнының 70 пайыздық мөлшерінде жеңілдік төленеді.

«Жайлы мекен»: 32 автобус, 51 кабинет

Балалар индустриясын және олар үшін инфрақұрылымды дамыту  мәселелері «Жайлы мекен» бағытында көрініс тапқан. Райхан Нұрқожаеваның айтуынша, биыл лизинг есебінен балалар тасымалын дұрыс ұйымдастыру мақсатында 32 автобус сатып алу жоспарда бар. Сондай-ақ жаңа модификациялы 51 пәндік кабинет ашылады. Ерекше қажеттіліктері бар балаларды мектепке дейінгі білім берумен және тәрбиемен қамту мәселесі де күн тәртібінен түскен жоқ. Биыл олар үшін балабақшадан 8 арнайы топ ашылады.

Ал «BALA QORGAY» деп аталатынжоспардың алтыншы бағытындағы жұмыстар түгелдей балалар қауіпсіздігін қамтамасыз етуге арналған. Бұл бағыттағы кей жобалар облыстық полиция департаментінің өкілдерімен бірге жүзеге асыралатын болады.

Жетінші «Балаларға қызмет» бағытында әлеуметтік, қайырымдылық  көмектер, баланың бос уақытын тиімді ұйымдастыру, құқықтық сауаттылық мәселелері қарастырылса, жоспардағы сегізінші «BALA_TIME.KZ» бағыты толық ақпараттық-түсіндіру жұмыстарына арналған.

Облыста қолға алынып жатқан іс-шаралар мен жаңа жобалардың барлығы балалардың кемел келешегі үшін жасалады. Жалпы, биыл өңір бойынша80 облыстық, 13 республикалық, 2 халықаралық іс-шара өткізу жоспарланған. Барлық жұмыстар жоғарыда атап өткен негізгі 8 бағыт бойынша іске асырылатын болады.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев балалардың амандығы мемлекетіміздің жарқын болашағының сенімді кепілі екенін айтып өткен еді. Әрбір үйдің еркесі, елдің болашағы, сәулелі нұры, үміт артар ұл-қыздары аман болсын!

 Ақерке САТЫБАЛДЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button