Білім

Қола таққан алтын ұл

Балалар жылының аясында «Ақтөбе» газеті өз оқырмандарына өңірдің дарынды, талапты жастарын таныстырады.

Дарынды жасөспірімдерге арналған Ақтөбе облыстық мамандандырылған «Білім-инновация» лицей-интернатының 11-сынып оқушысы Ернар Батыржанов — сондай жастардың бірі. IBO-2021 жарысының қола жүлдегері әңгіме барысында биология саласына деген қызығушылығы қалай туындағанын айтып, ұстаздарына алғысын жеткізді.

Ернар қатысқан 32-ші дүниежүзілік биология олимпиадасы биыл Португалияның Лиссабон қаласында өтуге тиіс болатын. Бірақ жарыс қашықтан ұйымдастырылды. Әлемнің 75 елінен 300-ге жуық оқушы қатысқан жарыста ақтөбелік оқушы үздік үштік қатарынан көрініп, қоладан медаль тақты.

Бұл олимпиадаға ұзақ дайындалдым. Соның нәтижесі деп білемін. Бұған дейін биология пәні бойынша республикалық олимпиаданың үш дүркін жеңімпазы атандым. Халықаралық деңгейде өткізілетін Сәтбаев олимпиадасына да қатыстым. Биология пәніне деген қызығушылығым «Білім-инновация» лицейіне келгеннен кейін оянды. Көпшілік үшін биология қызықсыз пәндердің бірі болуы мүмкін. Бірақ оны қызықты қылып өткізу, оқушылардың қызығушылығын ояту мұғалімге байланысты екенін түсіндім. Мектепте оқытылатын әрбір пән мұғалімі сабақтарын солай өткізсе, еш қызықсыз сабақ болмас еді. Бұл тұрғыда биология пәніне деген қызығушылығымды арттырған мұғалімдеріме алғыс білдіремін. Менің жетістікке жетуіме еңбек сіңірген ұстазым — Жандос Сансызбаев. Әрбір жеткен жеңісімнің артында осы ағайымның еңбегі жатыр, — дейді Ернар.

Ернардың бұған дейінгі жарыстарда жеткен жетістіктері де баршылық. Ол — 2021 жылы жалпы білім беретін пәндер бойынша өткізілген республикалық олимпиадада биология пәнінен алтын медаль жеңімпазы, еліміздің ұлттық олимпиада құрамасының мүшесі. 2019-2020 жылдары республикалық олимпиадада күміс медаль иегері атанды. «Қазақстан Білім олимпиадасында» 2018 жылы қола медаль, 2020, 2021 жылдары алтын медаль еншіледі.

IBO олимпиадасынан кейін Ернар өзі секілді халықаралық білім бәсекесінде үздік нәтиже көрсеткен қатарластарымен бірге Біріккен Араб Әмірліктеріндегі ең ірі қала — Дубайға саяхат жасап келіпті.

— Бұл демалысты халықаралық «Білім-инновация» қоғамдық қоры өзінің жеңімпаз шәкірттерін ынталандыру мақсатында ұйымдастырды. Оған KAZKA Қазақстан кәсіпкерлері қауымдастығының басқарма төрағасы қолдау көрсетті. Бір апта бойы шаһардың көрікті жерлерін аралап, тың серпінмен қайттық. Білім жолын таңдаған жастар үшін бұл үлкен қолдау ғой, — дейді IBO-2021 жарысының қола жүлдегері.

Ернар бүгінде өзге сыныптастары секілді ұлттық бірыңғай тестілеуге дайындалып жатыр. Қорытынды емтихандарын сәтті тапсырса, шетелдік университеттердің бірінде білімін шыңдағысы келеді. Бірақ нақты қай білім ордасына оқуға түсетінін әлі таңдамапты.

«Ақтөбе-Дарын» өңірлік ғылыми-тәжірибелік қосымша білім беру орталығы берген мәліметке сүйенсек, 2021 жылы халықаралық деңгейдегі жарыстарға 390 ақтөбелік оқушы қатысып, олардың 177-сі жүлдегер атанған. Солардың ішінде дүниежүзілік ең беделді IBO мен IGEO олимпиадаларында ақтөбелік оқушылар үздік үштік қатарынан көрініп, абыройымыз асқақтаған.

Тағы бір жағымды жаңалық: биылдан бастап халықаралық зияткерлік олимпиадалардың жүлдегерлері мен олардың тәлімгерлері біржолғы ақшалай сыйақы алатын болады. Атап айтар болсақ, халықаралық олимпиаданың алтын медалін иеленгендерге — 1500 айлық есептік көрсеткіш, күміс медаль иелеріне — 1000 айлық есептік көрсеткіш, қола медаль таққандарға 500 айлық есептік көрсеткіш мөлшерінде сыйақы беріледі.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button