Білім

Облыс бюджетінің 40 пайызы білім саласына бөлінеді

««Алтын белгi» иегерлерінің арасында  ұлттық бірыңғай тестілеу барысында  шекті балды жинай алмағандар да болды. Сол себепті әрбір басшы берілген медальдің беру сапасын, бала білімін  пысықтап, талдау жасағаны жөн». Бұл туралы облыстық білім басқармасының кеңейтілген алқа жиынында өңірдің бас ұстазы Жолдас Батырхан айтты.

Шараға облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова қатысты. Жиында басқарманың өткен жылы атқарған жұмыстарының қорытындысы мен биылғы міндеттері талқыланды.

Алдымен басқарма басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуованың баяндамасы тыңдалды.

Облыста 424 мектеп (167 403 оқушы), 558 балабақша (43356 тәрбиеленуші), 42 колледж (23128 оқушы) бар. Былтыр апатты, үш ауысымды мектептер мен орын тапшылығын шешу мақсатында 12 мектеп пайдалануға берілді. Биыл 10 жаңа мектеп ашу жоспарланып отыр. Ақтөбе қаласында және Алға, Мұғалжар, Хромтау, Шалқар аудандарында жалпы саны  25 балабақша ашылған.  Нәтижесінде 1-ден 6 жасқа дейінгі  балаларды балабақшалармен қамту көрсеткіші 87,3 пайызға жетіпті. Ал 3-6 жастағы  балапандардың барлығына  да балабақшада орын жеткілікті.

Биыл өңірде 30 мектепке дейінгі ұйым ашу жоспарланып отыр.

Н.Бертілеуова жиын барысында білім сапасындағы айырмашылықты мүмкіндігінше жою, сапаны түсірмеу мақсатында қолға алынған жұмыстар туралы айтты.

Білім сапасы төмен 60 мектеп анықталып, оқу жетістіктерін жақсарту мақсатында біраз жұмыс жүргізілді. Жан-жақты мониторинг негізінде облыстың 30 үздік ауыл мектебі анықталып, іс-тәжірибелері жан-жақты насихатталды, — деді Н.Бертілеуова.

Математикалық білімнің сапасын арттыру үшін оқушыларды 2 топқа бөліп оқыту, ауыл мектептерінің білім сапасын жақсарту үшін тірек, магниттік мектеп, жетекші мектеп қызметін жандандыру жұмыстары жоспарланып отыр.

Облыста барлық деңгейдегі білім беру ұйымдарында   25 686 педагог еңбек етеді. Жаңа  оқу жылында өңірдегі жоғары оқу орындары мен колледж түлектері есебінен 1096 педагог жұмысқа қабылданыпты. 67 білім беру ұйымына басшы сайланған.

Колледждерге білім беру бағдарламаларының мазмұны мен оқу мерзімдерін айқындауға академиялық дербестік берілді. Соның арқасында өңірдегі барлық   колледж жұмыс берушілердің талаптарына сәйкес келетін мамандарды даярлауға арналған білім бағдарламаларын келісіп әзірлеп, іске асырылып жатыр. Былтыр 5216 орынға мемлекеттік білім тапсырысы бөлінді. Яғни мемлекеттік тапсырыс саны 350 орынға артып отыр, — деді Нұргүл Бертілеуова.

Шарада басқарма басшысының орынбасары Жеңісбек Ақбергенов білім беру саласының инфрақұрылымын дамыту туралы баяндады. Ал облыстық білім саласындағы сапаны қамтамасыз ету департаментінің басшысы Бұлбұл Күзембаева білім беру ұйымдарында анықталған негізгі мәселелер туралы жан-жақты айтып берді.

Өңірдегі балабақшалар мен мектептерге 99 маман жетіспейді. Әсіресе Хромтау, Темір, Ойыл аудандарында педагогтер тапшы. 16 мектеп директорының, 19 балабақша меңгерушісінің орындары бос тұр. 2017 жылдан бері Әйтеке би ауданында бос тұрған балабақша меңгерушілерінің орнына жаңабасшылар тағайындалмаған, — деді Бұлбұл Күзембаева.

Айта кету керек, өңірде білім беру ұйымдары басшыларын ротациялау бойынша жұмыстар басталды. Күні кеше 4 техникалық және кәсіптік білім беру ұйымының басшылары ротацияланды.  Енді мектеп директорлары ротация тәртібімен ауыстырылатын болады.Ж.Батырханның айтуынша, биыл  42 басшы міндетті ротациямен ауыстырылатын болады.

Министрлік тарапынан орта білім беру сапасын жақсарту үшін қорытынды аттестаттау және мемлекеттік бақылау қағидалары қайта қаралып жатыр.

«Алтын белгі» иегерлеріне талапты күшейткен жөн.«Алтын белгі» иегерлерінің саны жыл сайын өсіп отыр. Мәселен, 2020 жылы облыста  мектепті үздік бітірген 611 оқушы болса, өткен оқу жылында  652 бала алтын медаль иегері атанды. Әрбір басшы берілген медальдің беру сапасын, бала білімін  пысықтап, талдау жасағаны жөн. Өйткені «Алтын белгi» иегерлерінің арасында  ұлттық бірыңғай тестілеу барысында  шекті балды жинай алмағандар да болды, — деді басқарма басшысы.

Жиында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова  білім саласының дамуы, ұстаздарды қолдау, оқушылар мен түлектерге барынша жағдай жасау облыс әкімдігінің ең басты міндеттерінің бірі екенін тілге тиек етті.

Өңір дамуының ең басты тірегі ретінде білім саласына басымдық беріп отырмыз. Білім саласына өзге бірде-бір саламен салыстыруға келмейтін қолдау көрсетіліп жатыр. Бұған дәлел — облыс бюджетінің 40 пайызы білім саласына бөлінуі. Соның нәтижесінде көп маңыздымәселе шешілді.

Мемлекет басшысы білім саласына қатысты жаңа міндеттер қойып отыр. Биылғы атқаратын жұмысымыз осы міндеттерді іске асыруға бағытталуға тиіс, — деді облыс әкімінің орынбасары.

Олбілімсаласындағыерекшеназараударатынмәселелертуралы да айтты.

Біріншіден,оқушыларға тиісті дәрежеде білім беру, ізденімпаздық, өзіне талап қоюшылық — педагогтің ең басты ұстанымы болуға тиіс.Сондықтан біліктілікті арттыру мекемелері, облыстық білім басқармасы педагогтерге талапты күшейтуге тиіс.

Екіншіден, мектеп басшыларының біліктілігі мәселесі де маңызды. Бір орнында ұзақ жыл отырып, ешқандай жетістікке жетпеген, мектептің қыр-сырын түсінбейтін, басшылық, ұйымдастырушылық қабілеттері жоқ мектеп директорлары бар. Басшы әлсіз болса, сапа да болмайды. Аудан, қала әкімдіктері білім беру ұйымдары басшыларының жауапкершілігін жіті қарауды сұраймын.

Үшіншіден, кадрлардың жиі ауысуы, бос орынға ұзақ уақыт тағайындамау саланың жұмысын кері тартады. Кадр таңдауда барынша білікті мамандарды тартуды білім басқармасына бақылауға алуды тапсырамын, — деді Бұлбұл Елеусінова.

Онлайн форматта өткен кеңейтілген алқажиынға  zoom платформасы арқылы білім саласының 5000-ға жуық маманы қатысса, басқарманың фейсбук әлеуметтік желісіндегі ресми парақшасындағы тікелей эфирді 3000-дай тұрғын қарады. Жиын соңында Жолдас Батырхан әлеуметтік желілерге түскен сауалдарға жауап берді.

 Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button