Білім

Оқуға құштар мектеп

Ақтөбе қаласындағы №47 орта мектепте оқушылардың кітапқа деген қызығушылығын арттыру мақсатында бірнеше кешенді шаралар тұрақты түрде өткізіліп тұрады. 

«Оқуға құштар мектеп — оқуға құштар ұлт» жобасы аясында «Ең үздік оқырман», «Оқитын отбасы», «Ең үздік оқитын класс» сайыстары жүргізілсе, мектептегі кітап қорын толықтыру мақсатында ата-аналармен бірлесе буккроссинг акциясы өтті. Сонымен қатар Қ.Жұмаділовтің «Дарабоз», «Тағдыр» шығармаларын, Б.Соқпақбаевтың «Жекпе-жек» әңгімесін насихаттау үшін әдеби-танымдық шаралар ұйымдастырылып, балалар алған әсерін бейнеролик күйінде жеткізді. Артынша жас оқырмандар сол бойынша әдеби-сұхбат жасап, өзара пікір алмасты. Бұл да болса олардың көркем әдебиетке ынта-ықыласын арттыратыны сөзсіз. Ал бастауыш сынып оқушылары арасында Ы.Алтынсариннің 180 жылдығына орай «Ұйқы алдында оқимыз» флешмобы және «Оқимын, сурет саламын» челленджі жалғасын тапты.

Өткен оқу жылында оқушылардың кітап оқуға деген ынтасын арттыру мақсатында «READx» жобасы қолға алынған болатын. Кітап оқуды насихаттайтын дәстүрлі және заманауи тәсілдерді біріктіретін жобаға әдетте 5 спикер қатысады. Әрқайсысы оқыған әдебиеттері бойынша арнайы кітап көрмесін ұйымдастырып, замандастарын соны оқуға шақырады.

Жас мамандарды да осы игі іске тартып, олардың арасында кітапханада «Мектеп оқулықтарын электронды оқулықтарға ауыстыру керек пе?» тақырыбында пікірталас сайысын ұйымдастырдық. Осының бәрі айналып келгенде оқуға құштар ұл-қыздардың санын арттырып, әдебиетке жақын ұрпақты қалыптастыратыны анық.

Ардақ ҚҰРМАНАЛИНА,

№47 орта мектептің кітапханашысы.

Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button