Пікір

Көкейдегі сұрақтарға жауап алдық

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Хабар 24» арнасына берген сұхбатында қоғамда талқыланып, көпшіліктің көкейінде жүрген көптеген сұраққа жауап берді. Еліміздің жаңа даму бағдары және қолға алынған тың реформалар алдағы уақытта экономиканың тұрақталып, елдегі саяси ахуалдың бір қалыпқа түсетінін айғақтайды.
Сұхбат барысында «Қаңтар қасіретіндегі» кейбір беймәлім жайттар ашық айтылды. Ел Президенті бұл мәселені Қазақстан тәуелсіз ел ретінде өз күшімен тексеріп, бағасын бере алатынын нақты айтты.
11 қаңтарда Парламент Мәжілісінде сөйлеген сөзінде Мемлекет басшысы «Қазақстан халқына» қоғамдық қорын құруды тапсырған болатын. Халқымыз қашанда қиын жағдайға түскен адамдарға қол ұшын беруден қашпаған, елдегі Атымтай жомарттар барымен бөліскен. Бұл жолы Мемлекет басшысы қордың маңыздылығын тағы да атап өтті.
Жоғары білім саласында «Болашақ» бағдарламасы арқылы білім алуға ұсынылатын оқу орындарының қатарына Ресейдің техникалық университеттерін қосу туралы мәселеге де түсінік берілді.
Қорытындысында Президент бүкіл жүйені және экономиканы өзгертуде оң нәтижелерге қол жеткізу қажеттігін айтып: «Саясат пен экономика қатар жүреді. Қазір экономиканы реформалап, саясатты кейінге қалдыру мүмкін емес», — деді.
Президентіміз берген тапсырмаларды орындап, жаңа реформалар оңтайлы әрі тиімді жүзеге асуы үшін халық болып жұмылуымыз керек. Сонда ғана біз жаңа Қазақстанды бірге құра аламыз!
Мира БАЛТЫМОВА,
филология ғылымдарының кандидаты.
Ақтөбе қаласы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button