Әлеумет

Энергия үнемделеді, тұрғын үй қоры сақталады

Термомодернизация:

Энергия үнемделеді, тұрғын үй қоры сақталады

Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі энергияны тиімді пайдаланудың жобасын ұсынды. Ескі үйлер термомодернизацияланады. Пилоттық жоба еліміздің 5 қаласында — Астана, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Қарағандыда жүзеге асырылады. Сонымен қатар, биыл энергияны үнемді тұтыну мақсатында тағы 144 жоба іске қосылады. Соған байланысты әр ай­мақта тоғыз нысанға автоматтандырылған жылыту қондырғылары орнатылады.

Біз энергия үнемдеу, тұрғын үй қорын сақтау мақсатындағы атқарылатын шаруалар жөнінде мамандармен сөйлескен едік.

Ақтөбеде 20 үй жаңартылады

Елбасының былтырғы Жолдауында қазақ­стан­дықтарды әлеуметтік және тұр­ғын үй-коммуналдық қызметтер­мен сапалы қамтамасыз ету міндеті баса айтылды. Соған байланысты Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі  2010-2020 жылға дейін тұрғын үй-коммуналдық ша­руашылықты жаңғырту бағдарла­ма­сын әзірледі. Соның бір парасы —жылу энергиясын үнемдеу мақсатындағы жоба. Биыл бюджет қаржысы есебінен елімізде 144 пилоттық жобаны жүзеге асыру жос­парланып отыр. Соған байланысты әр ай­мақта тоғыз нысанға автоматтандырылған жылыту қондырғысы орнатылады. Бұл қондырғы жылу энергиясын үнемдеуге сеп. Автоматтандырылған жылыту қондырғысы Ақтөбеде 6 әлеуметтік нысан (№9 «Бәйшешек» және №13 «Бөбек» балабақшалар, №20, №21, №30 орта мектептер мен №2 емхана) және 3 көпқабатты үйде (Молдағұлова даңғылы, №10 үй, Әбілқайыр даңғылы, №23 үй, Ағайынды Жұбановтар көшесі, №277 үй) орнатылады, — дейді қалалық тұрғын үй- коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі, тұрғын үй инспекциясының бастығы Жұлдызбек Бисембин.

Бағдарлама аясында үйлерге термомодернизация жасалады. Бұл — энергияны үнемді тұтынумен қатар, тұрғын үй қорын сақтауға, жақсартуға үлкен мүмкіндік. Биыл бұл мақсаттағы пилоттық жоба еліміздің 5 қаласында іске  асырылады: Астана, Алматы, Ақтөбе, Атырау, Қарағанды. Алғашқы сынақ Қарағанды қаласында басталды.

Ақтөбеде 20  үйге термомодернизация жасалады.  Яғни, үйлердің инженерлік желісіне күрделі жөндеу жүргізіледі. Үйдің сырты арнайы материалдармен қапталып, боялады. Шатырлар да  жаңартылады. Подъездердің есік, терезелері толықтай алмастырылады. Және жертөлелерге  автоматтандырылған жылыту аппараты орнатылады. Кейбір тұрғындар үйдің іші ыстық болса, терезелерді ашып  қояды ғой. Соның салдарынан: жылу ысырап болады, тұрғындар артық ақша төлейді.  Ал аталған қондырғыдағы есептегіштер үй мен даладағы температураны реттеп отырады. Егер күн жылынса, үйге тарайтын жылу құрал арқылы азайтылады. Тиісінше коммуналдық қызмет  үшін аз ақша төленеді. Бұл құрылғының арқасында   жылуға төленетін ақша 15-30 пайызға үнемделеді. Мысалы, орташа есеппен 2 бөлмелі пәтерге жылу үшін  иесі бұрын 4 мың теңге төлейтін болса, есептегіш қондырылғанда 2,5-3  мың теңге шамасында төлеуі мүмкін, — дейді тұрғын үй инспекциясының бастығы.

Жұлдызбек Бисембиннің айтуынша, жобаны қаржыландыру көзі үш жақты. Тұрғындар өз қаржысын жұмсайды,  қалалық әкімшілік қайтарымсыз түрде тұрғын үй  көмегін береді және шағын  несие алу.

Шағын несие алу дегенді көпшілік дұрыс түсінбей жатыр: «Банктен несие алып, үйімізді кепілге қоямыз ба?» деп. Шағын несиені банктер бермейді. Осы жобаны жүзеге асыру мақсатында Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық істері агенттігі  жанынан шағын несие беру орталығы құрылады. Сол орталық арқылы қаржыландырылады. Бұл үшін үй кепілге қойылмайды. Несие орталығы жылдық үстемақысы 4-5 пайызбен 20 жылға несие береді. Доллар бағамы  өскеніне қарамай, 20 жыл бойы төлемақы мөлшері (әр тұрғын шамамен 1100-1800 теңгеден төлейді) сақталады.

Шағын  несие беру орталықтары ақшаны шектеулі мөлшерде береді. Мысалы, 60  пәтерлі 5 қабатты үйді қаптап, шатыр, жертөле, подъездерге күрделі жөндеу жасау үшін 30 миллион теңге қажет болса, соның 12 миллон теңгесін шағын несие беру орталығы береді. Одан артық ақша берілмейді. Осы 30 миллион теңгенің 60 пайызын мемлекет төлейді, — дейді Ж.Бисембин. Ол үйлерді термомодернизациялауды көпшілік дұрыс түсінбейтіндігін айтады:

Кейбір тұрғындар: «Үкімет неге бәрін өздері жөндемейді? Неге біз ақша төлеуіміз керек?» деп түсінбеушілік білдіріп жатады. Бұрын тұрғындарға үйлерінің жылу желілерін жөндеуге мұндай көмек берілген жоқ. Себебі, үй мемлекеттікі емес, жекенің иелігінде. Сондықтан, «Тұрғын үй қатынастары туралы» Заң бойынша үйді жөндеу — тұрғындардың міндеті. Дегенмен, жыл сайын елімізде тұрғын  үй қорының жағдайы нашарлап барады. Көпшілік үйлердің тозығы жеткен. Сондықтан, бұл  —  үйлерді сақтап қалу үшін жасалып жатқан шаруа. Жоба тұрғындар үшін үлкен көмек, зор мүмкіндік. Үйлерін сатқан жағдайда да, ұтылмауларына, қымбатқа бағалауына жақсы. Себебі, жертөле, подъездеріне дейін тап-таза үйге кімнің де болса, назар аударып, жақсы жағдайдағы үйді таңдайтындығы анық қой.

Жоспар  бойынша біздің қаламыздағы 20 үй термомодернизацияланады. Жыл сайын жоба аясында жаңаратын үйлердің саны 10 үймен толығып отырады.

Жоба қолға алынғанда жөндеу жасалатын 20 үйдің тізімін жасаған едік. Дегенмен, 6 үйдің тұрғындары келісті, 9 үйдің тұрғындары бас тартты. 5 үйдің тұрғындарына түсіндіру жұмыстарын жүргізіп жатырмыз. Түсіндіру жұмыстарын үйлерге жақын маңдағы мектептерде өткіземіз. Жиынға қатысуға тұрғындардың белсенділігі төмен. Көп жағдайда 10-15 адамнан артық келмейді. Тұрғындардың тым болмаса, 50-60 пайызы жиналса, түсіндіру жұмысының нәтижелі болуына септігі тиер еді.

Қандай жағдайда да міндеттелген жоспарды орындаймыз. Кейбір үйлердің тұрғындары жөндеу жасатуға бас тартқанмен, термомодернизацияға ынталы тұрғындар да бар.  Қала бойынша жалпы 1544 көп қабатты үй бар. Оның 30 пайызға жуығына күрделі жөндеу жұмыстарын жасау керек. Тұрғын үйлерді тексергенде 15 үй апатты жағдайда тұрғанын анықтадық.  Бұл үйлердің жарамдылық мерзімі 30 жыл екен. Дегенмен олардың көбісінің пайдалануға берілгеніне 50-60 жыл өткен.

Наурыз айынан бастап, жөндеуге келісім берген үйлерге жобалық-сметалық жұмыстарды жасаймыз. Тұрғындардың жөндеу  жұмыстарына нақты қанша теңгеден   төлейтіндігі сонда белгілі болады. Мамырда жөндеу жұмыстарын бастап, жылу беру маусымына дейін шаруаны толық аяқтаймыз.

Жоба бірінші рет қолға алынғандықтан, биыл үйлерін жөндететін тұрғындар үшін біраз жеңілдік бар. Келесі жылдан бастап, әр үйдің жобалық-сметалық құжаттарын тұрғындардың өздері істейтін болады, —  дейді тұрғын үй инспекциясының бастығы.

Үйді күтіп, сақтауға — тұрғындар міндетті

Талғат Мұқанов, «Тұрғын үй коммуналдық шаруашылығын жаңғырту мен дамытудың қазақстандық орталығы» АҚ Тұрғын үй  қатынастары департаментінің директоры:

— Көпшілік пәтерлерін ғана өз иелігі санап, соның ішін жөндеуге күш салады. Ал бірінші қабаттан жоғары қабатқа дейін шашылып жатқан, есік-терезелері сынған, аңғал-саңғал подъездерге тұрғындардың басым бөлігі бас ауыртқысы келмейді. Әрбір тұрғын өзінің пәтерімен бірге, сол үйдің подъезін, ауласын, жертөлесін таза ұстауға, дұрыс сақтауға, жөндеуге міндетті. Бұл жөнінде «Тұрын үй қатынастары туралы» Заңда көрсетілген.  Ал мұны тұрғындар білсе де білгісі де келмейді. Үйдің бар жауапкершілігін пәтер иелері кооперативінің басшылығына ысыра салады. Ауладағы қоқыс контейнерлеріне қоқыстарды төгуге ерініп, басқа бір қабатқа қоя салады да, өздері пәтер иелері кооперативіндегілерді кінәлайды: «Қоқыстан аяқ алып жүргісіз. ПИК-тегілер ай қарап отыр ма? » деп. Бір үйдің подъезіне көрші үйдің немесе көрші подъездің тұрғындары қоқыс әкелмейтіні анық қой. Сонда кінәлі кім? Үйіміз жақсы жағдайда сақталса, өзіміздің арқамыз. Сол сияқты аяқ алып жүру мүмкін болмаса, есік-терезе бүтін болмаса, оған да кінәлі — өзіміз. Пәтер иелері кооперативі ұйымдастырған жиналыстарға да көпшілігіміз баруға ықыласты емеспіз. Түрлі сылтау айтып, бармауға тырысамыз. Сосын қар ерігенде немесе жаңбырлы күндері төбеден тамшы ақса, тағы да сол ПИК-тегілерді жазғырамыз. Сол ПИК-тің басшысын сайлаған — өзіміз, олардың ұйымдастырған шарасына да бармайтын — өзіміз. Келеңсіздік өзіміздің салғырттығымыздан, жауапсыздығымыздан болғанын мойындағымыз келмейді. Жеке үйіміздің шатырын жөндеп беруге жергілікті әкімшіліктегілер жауапты емес. Өз жағдайымызды жақсарту үшін, жайлы жерде тұру үшін өзіміз ғана жүгіруіміз керек.

Біз үйлердің жақсы сақталуы, жылы қалпында ұсталуы үшін түрлі зерттеулер жүргіздік. Шетелдердің тәжірибесін жан-жақты білуге талпындық. Сол мақсатта бірнеше мемлекеттерде іссапарда болып, тәжірибенің тиімділігін зерттедік. Мысалы, шығыс Германияда ескі үйлер жөндеуден өтіп, жылу есептегіш құралдар орнатылған.  Олардың баспаналары жаңа үймен бірдей. Жылуға төлейтін ақшалары 30-40 пайызға кеміген.

Үйлерді термомодернизациялаудың арқасында тұрғындар коммуналдық төлемді аз төлейді.  Айта кету керек, термомодернизация жасауға ешкімді міндеттемейміз. Кім жөндеу жұмыстарын жасағысы келеді, солардың үйлері ғана жөнделеді. Ол үшін тұрғындардың бәрінің келісімі керек. Жоба бойынша біз 1992 жылға дейін салынған үйлерді ғана жөндейміз. Себебі, одан кейінгі үйлердің жағдайы, ескі үйлерге қарағанда, жақсы әрі пайдалану мерзімі өткен жоқ.

Мүмкіндікті жіберіп алмау үшін қамданып жатырмыз

Ұмсындық Кәрімқызы, «Дружба» пәтер иелері кооперативінің төрайымы:

─ Біздің пәтер иелері кооперативіне 11 үй қарайды. Мен осы кооперативте 2002 жылдан бері жұмыс істеймін. 2005 жылдан бастап осы кооперативті басқарамын. Жұмысымды жертөлелерді ретке келтіруден бастадым. Алдымен инженерлік желілерді алмастырдық. Ыстық, салқын сулардың құбырлары толықтай жаңартылды. Содан кейін жертөлелердің ішін тазаладық. Кейбір үйлерде кәріз желісі ғана толық алмастырылған жоқ. Үйлердің көпшілігінің подъездерінде домофон орнатылды. Осы 11 үйдің екеуіне термомодернизация жасалады. Олар — Чекалин көшесіндегі №30 үй мен Кошевой көшесіндегі №97 үй. Бұл үйлер 1972, 1973 жылдары салынған. Екі  үйдің тұрғындары да өте белсенді. Мемлекет тарапынан тұрғындардың жағдайы үшін жасалып жатқан зор мүмкіндікті жіберіп алмау үшін аталған үйдің тұрғындарының бәрі де үйлерді термомодернизациялауға келісім берді. Меніңше, бұл екі үйді  термомодернизациялау арзанға шығады. Себебі, жоғарыда атап өткенімдей,  бұл үйлердің жертөлелері өте жақсы жағдайда. Подъездерінің есіктері де талапқа сай. Ал жаңа жоба жұмыстарының бір парасы осы — жертөлелерді ретке келтіріп, инженерлік желілерге күрделі жөндеу жасау. Біз үшін қалған жұмыс — шатырларға күрделі жөндеу жүргізіп, подъездердің терезелерін алмастыру және үйлердің сыртын жылу сақтайтын материалдармен қаптау.

Тозығы жеткен үйлерді  қалыпқа келтіруге бар жағдайды жасап жатқан билік өкілдеріне ризашылығымызды білдіреміз.

Сонымен, жаңа жобаны жүзеге асыру үшін жұмыс басталып та кетті. Тұрғын үй қорын сақтауда, жақсартуда тұрғындарға зор мүмкіндік  берген жоба жоспарлағандай орындалса игі.

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button