Әлеумет

«Балам» дейтін ел болса, «елім» дейтін ұл-қыз бар

Ақтөбе ауыл шаруашылығы колледжі – облыстағы аграр­лық сектор үшін мамандар даяр­лайтын жалғыз оқу орны. Бүгінде колледжде жалпы саны 1831 оқушы білім алып жатыр. Соның көбі облыстың шалғай аудандарынан десек, 104 оқушы Ырғыз ауданынан келіп, білім алуда. Ал, ырғыздық жастардың оқу үлгерімі, тәрбиесі аудан басшыларының ұдайы назарында тұрған мәселе. Аудандағы ел ағаларынан құралған топ жыл сайын келіп, аталмыш колледжде білім алып жатқан оқушылардың жай-күйімен танысуды әдетке айналдырған. Жақында ауданның игі жақсылары колледжге тағы да ат басын тіреді.

Аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы Самат Ержановтың айтуынша, аудан әкімшілігі мен кәсіпкерлерінің бірлесіп, аталмыш колледжде білім алып жатқан жастарға қыржылай демеушілік көрсетіп келе жатқандарына биыл төртінші жыл.

Бұл жайында ол таратып, былай деді:

–– Біздің мұнда келгендегі мақсатымыз –– болашақ қызметкерлеріміздің оқу орнын көру, балаларымыздың жағдайымен танысу, жақсы оқитын оқушыларға қаржылай демеушілік көрсету. Мұнда Ырғыз ауданынан келіп, оқып жатқан 104 оқушының ішіндегі сабақ үлгерімі жақсы деп саналатын  62 оқушыға 4 мың теңгеден,  ал, үздік оқитын 3 оқушыға 8 мың теңгеден ақшалай сыйлық табыстап, колледжге музыкалық орталық сыйладық. Мұндай шаралар оқушылардың жақсы оқып, ойдағыдай білім алуына септігін тигізеді деп ойлаймын.

Сондай-ақ, осындай игі шаралар ұйымдастырып, өткізу арқылы «Дипломмен –– ауылға» бағдарламасына орай жастарды ауылға барып, елге қызмет етуге тартқымыз келеді. Ырғыз ауданының негізінен мал шаруашылығымен айналысатынын ескерсек, мал емдеу мамандары бүгінде ауылға ауадай қажет. Былтыр ырғыздық 17 оқушы колледж түлегі болса, биыл 28 маман бітіргелі отыр.

Жылдағыдай емес, ауданның әлеуметтік жағдайы жақсарып келеді. Жол қатынасы түзелді, енді жуық жылдарда көгілдір отын берілмек. Аудан орталығында жастарға арналып үйлер салынуда. Елін, жерін сүйген патриот жастар ауылға баратын шығар деген үміттеміз.

Ырғыздан келген топтың құрамында Нұра селолық округінің әкімі Қанат Әбдірахманов, Жайсаңбай селолық округінің әкімі Ерғазы Ермағанбетов, «Ақсақал Тәуіп» ЖШС-нің директоры Арғынбек Өтесінов, «СЕР-МАК» шаруа қожалығының төрағасы Октябрь Ипанов болды.

Ырғыздық белгілі кәсіпкер, «Наурыз-СИМ» ЖШС директоры Ибрагим Сәрсенбаевтың ойынша, «Дипломмен –– ауылға» бағдарламасы бойынша жастарды ауылға жұмысқа тарту құптарлық іс. «Өйткені, бұл ––  жастарға берілген үлкен мүмкіндік. Енді 4-5 жылдан кейін мұндай мүмкіндік берілмеуі де мүмкін. Сондықтан, ауылға барып, жұмысқа тұрғысы келген жастарға қамқорлық көрсеткен жөн»,  – дейді ол.

Ал, колледж директоры Владимир Друзьяктың айтуынша, өзгелермен салыстырғанда Ырғыз ауданының әкімдігі, аудандық ауыл шаруашылығы басқармасы жерлес жастарының жақсы білім алуына, бітірген соң жұмысқа орналасуларына өте құлықты.

–– Бүгінде колледж он екі мамандық бойынша оқытады. Ақтөбе тәжірибе стансасының ғалымдары, облыстың ауыл шаруашылығы мамандары дәріс береді. Жыл сайын осы колледж­дің қабырғасынан шыққан кадрларды ауылдық жерлерге жұ­мыс­қа орналастырудың өзі үлкен проблема деп айтуға болады. Шаруа­шы­лық басшылары өздеріндегі білікті кадрларға зәрулікке қарамастан, жас кадрларды жұмысқа орналас­тыруға айтарлықтай ықылас танытпайды. Өйткені, олардың тұрмыстық-әлеуметтік жағдайларын қанағаттандыруды басы артық шаруа санайтын секілді. Сөйтіп, өздеріне келетін көптеген тиімді­ліктерден ұтылуда. Ал ырғыздықтар бұл мәселені шешіп, кадрларды ауылдарға тұрақтандырудың батыл шараларын жүзеге асыруда. Жыл сайын жерлестерін іздеп келетін ырғыздықтарға алғысым шексіз. Осы үрдіс басқа аудандар тарапынан да жалғасын тапса деймін.

Колледжде жақсы оқитын оқушылар көп. Соның бірі, 3-курс оқушысы ырғыздық Қанымгүл Меңдібаева былай дейді:

–– Ел ағаларының біздерге көрсетіп жатқан қамқорлықтарына колледжде оқып жатқан ырғыздық жастар атынан үлкен алғысымды білдіремін. Жастарға осындай қамқорлық көрсетілсе, ауылға барудан ешкім қашпайды. Оқуды жақсы оқып, бітірген соң, ауылға барып, еңбек еткім келеді. Елге қызмет етіп, аға-апаларымыздың ісін жалғастырсам деймін.

Агроөнеркәсіп кешенінің тұрақ­ты дамуы және өндірілетін өнім­дер­дің бәсекеге қабілеттілігі көп жағ­дайда кадр мәселесіне байланысты екені сөзсіз. Ал, қаланы да, даланы да азық-түлікпен қамтамасыз етіп отырған ауылдарда маман кадрлар тапшы. Солай десек, бұл мәселе ауылдарды кадрлармен қамтамасыз ету ісін жолға қоюмен ғана шешілмек. Соны ұғып, кадр жетіспеушілігі тығырығынан шығудың батыл қадамдарын жасауға тырысқан ырғыздықтардың ісі шынымен де, құптарлық.

Колледжде өткен кездесу барысында «мен ауылға барамын, жұмыс істеймін» деген жастарды көрген ауыл ағалары еліне қуанып қайтты. Ауыл жастарына үміт артып қайтты.

«Балам» дейтін ел болса, «елім» дейтін ұл-қыз баршылық екен.

Жанар НҰРҒАЛИ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button