«Ақтөбе» газетін оқитын үздік ауыл» байқауы Байқау

Жағабұлақ

Мұғалжар ауданындағы Жағабұлақ ауылы аудан орталығынан — 160, облыс орталығынан 250 шақырым жерде орналасқан.

Біздің ауыл Батпақкөл ауылдық округіне қарайды. Аталған окрукте 4 ауыл кіреді — Жағабұлақ, Саға, Қожасай және Жаркемер ауылдары. Округ орталығы — Жағабұлақ. Округте — 2347, Жағабұлақта 1326 адам тұрады.

Жағабұлақ ауылы тұрғындары былтыр «Ақтөбе» газетіне жазылу науқаны кезінде  ұйымдастырған лотереяға қатысып, бірнеше жүлде ұтып алған болатын. Бұл — ауыл үшін үлкен мереке болды. Биыл да ауыл тұрғындары осындай лотерея бола ма деп күткен еді…

Былтыр ауылдағы Жаңажол жалпы білім беретін мектебінің ұжымы «Ақтөбе» газетіне 100 пайыз жазылды. Ауылымызға апта сайын 114 «Ақтөбе» газеті келіп тұрады. Ауыл тұрғындары газетті ұдайы күтіп отырады. Сәл кешіксе, бізге хабарласып: «Газет неге келмей жатыр?» деп сұрайды.

Ауылымыз туралы мақалалар жарияланса, қуанып қаламыз. Мәселен, алдыңғы жылдары журналист Арайлым Нұрбаеваның «Жағабұлақта тайға мінген бала көп» деген мақаласы жарық көрді. Газеттің осы санын оқып, сақтап қойдық. Былтыр «Жағабұлақ қорымынан алтын семсер табылды» деген мақала шықты. Ол да ауыл үшін үлкен қуаныш болды.

Ауылымыз көркейіп келеді. Жағабұлақта мектебіміз, балабақшамыз, ауылдық клубымыз, амбулаториямыз бар. Мешітіміз жұмыс істеп тұр. Ауылда газ, су бар. Бір жылдың ішінде «Ауыл — ел бесігі» бағдарламасы аясында бес көшеге асфальт төселді. Биыл ауылға кіреберіс жолды асфальттау жоспарланып отыр. Сонымен қатар спорт кешенін салу жұмыстары басталды. Екі қабатты кешен Ембідегі жасөспірімдер спорт мектебінің филиалы болады. Кешен іске қосылса, бірнеше жұмыс орны ашылмақ. Іргелес жатқан ірі өндірістік компаниялар ауылдағы қарияларға газетке бір жылға тегін жаздырып беріп, демеушілік көрсетті. Мәселен, «Ақтөбе химкомбинат КЕЛИ», «КНЛК Интернэшнл Казахстан ИНК» ЖШС мекемелері «Ақтөбе» газетіне бір жылға тегін жаздырып берді.

Мейрамбек МАРАТҰЛЫ,

Мұғалжар ауданы

Батпақкөл ауылдық округінің әкімі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button