Әлеумет

Бұқара

Біртүрлі ой

Ауадан бауырсақ иісі аңқып тұрса…

…Ел егемендігін алып, есігімізден Наурыз нағыз сәнімен аттағалы да жиырма жылдан асып кетіпті. Бір кездері діни мереке есептеліп, қаһарлы Кеңестің қолымен сызылып тасталған ұлттық мереке бәрібір ата-әжелеріміздің арқасында жасырынып болса да тойланатын.

Қайта жаңғырып, жасанған Наурыз қазір өмірімізге әбден кірігіп болды. Жақсы жаңалықтарымен де, кейбір кемшіліктерімен де. Жақсылығымызды ешкім тартып алмас, бірақ жыл сайын кездесетін кейбір кемшіліктерге тоқтала кетейік.

Бәрімізге белгілі юлиан ба, григориан ба, күнтізбесі бойынша келетін Жаңа жылды  желтоқсанның басынан бастап тойлаймыз. Тіпті, осы орыстың Жаңа жылының тасасында Тәуелсіздік күніміз де қоңырқай тартып қалатыны бар. «Өз ағасын ағаламаған…» дейді мұндайда қазақ…

Сол «тыштақайлығымызды» Наурызда көрсетсек қайтеді? Қазір Қытайдың шам-шамдалы көп, солармен Жаңа жылда жазғанымыздай, Наурызда ел бірлігіне қатысты нақыл сөздерді, жыл басы жайлы деректерді неге жазып іліп қоймаймыз?!

Наурыз — елдің тойы. Барлығымыз жабылып жүріп дүрілдетіп өткізуге тырысып-ақ жатамыз. Ақпан басталысымен апы кіріп, күпі шығатын билік барлық мекемелерге, мектептерге, ұжымдарға тапсырмалар беріп, кімнің үй тігіп, кімнің көже пісіретініне дейін сайлап, сызып береді. Әңгіменің ашығын айту керек, осынау үлкен шаруада көп жағдайда абыройымызды  асырып жүретін — мектеп ұжымдары. Басқа жақта қайдам, біздің ауданда ауыл интеллигенциясының қаймағы болып есептелетін  мұғалімдердің қоғамымыздың саяси, әлеуметтік, мәдени өмірінде орындары бөлек. Көп жағдайда салмақ сол мұғалімдерге түседі.

…Наурыз — жыл басы, жақсылықтың, жаңарудың бастауы. Бұл күні адамдардан мейірім мен шапағат, жақсылық пен сауаптың лебі есіп тұрса қандай жақсы болар еді?! Осы күні ауылымыздың ақсақалдары халыққа Наурыздың мән-мағынасын түсіндіріп, ақ батасын беріп, жөн сілтеп, жол көрсетіп отырса, нұр үстіне нұр болмас па еді. Ал қаладағы дәмханалар неге сол күні 20-30 литр көжесін алып шығып, елге ұсынбасқа?

Былтыр көз алдымызда өткен мына бір көрініс жадымызда жатталып қалыпты. Бір келіншек үйінен әкелген шелегіне бірнеше жерден көже құйдырып алып жатты. Наурыз көжені тоя ішу немесе үйге де ала кетіп, үш күн жылытып ішу міндет емес шығар, ақтан ауыз тиіп, ақ тілегімізді айтсақ та жетіп жатыр емес пе? Бір-бірімізді танитын  шағын қаланың тұрғындарымыз, осындай келеңсіз әрекеттерге жол бермесек дұрыс болар еді.

…Үйдегі апа-жеңге, әже-кейуаналарымыздың да құлағына алтын сырға, өзін-өзі сыйлайтын, Құдайдан қорқатын мұсылман әр жұмада жеті шелпек пісіріп жатады ғой, сол жеті шелпек пен бауырсақты Жыл басы әз-Наурыздың құрметіне де пісіріп алып шығып, халыққа ауыз тигізуге болмас па екен? Сол күні ауыл аспанынан бауырсақ иісі аңқып тұрар еді-ау…

Шара ЕЛЕУСІЗ,

Алға ауданы.

Жаңғырық

Нұрқожаға көмек берілді

Жақында «Бұқарада» (№21-22) Көптоғай селосының тұрғыны Х.Мусировтің «Елжас пен Нұрқожаға көмектесейік» атты мақаласы жарияланды. Осыған орай Нұрқожа Жайықбаевқа ІІ топтағы мүгедектіктің берілгендігін хабарлауды жөн көрдім.

Нұрқожа Жайықбаев қан қысымының жоғарылап кетуіне байланысты бұған дейін ауруханада жатып, емделіп, дәрігерлердің қатаң бақылауында болған еді. Оның денсаулығының еңбекке жарамсыздығына байланысты былтыр тамыз айында медициналық құжаттары жинастырылып, облыстық әлеуметтік сараптау комиссиясына мүгедектік тобын анықтауға ұсынған болатынбыз. Алайда ол күні бүгінге дейін ешқандай мүгедектік топқа жатқызылмай, үкіметтен берілетін жәрдемақыны ала алмай жүрді. Басты себеп, жеке басының куәлігі, төлқұжаты және басқа құжаттарының түгел болмағандығында.

Биылғы жылдың 7 қаңтарында Нұрқожаның төлқұжаты және басқа құжаттары рәсімделіп, түгелденген соң, Ақтөбе қаласындағы медицина әлеуметтік-сараптау комиссиясына қайтадан хабарласып, оған мүгедектік топтың берілуін ұсындық. Нәтижесінде, Нұрқожаға 27 қаңтарда ІІ-топ мүгедектігі берілді.

К.ДОСОВА,

Ойыл аудандық ауруханасының

емхана меңгерушісі.

Ауыл

Біз алаңдайтын үш мәселе

Толыбай — Әйтеке би ауданы орталығынан жүз шақырым жерде орналасқан аядай ауыл. Алты жүзге тарта тұрғыны бар шағын мекеннің бүгінгі тұрмыс тынысы өткенге қарағанда көш ілгері. Он бір жылдық мектеп, дәрігерлік пункт, байланыс жүйесі халыққа қалтқысыз қызмет етеді. Енді толыбайлық тұрғындарды мына мәселелер мазалайды.

Өткен жыл қуаңшылық болғанымен, ауыл азаматтары бір-біріне қамқорлық танытып, қолдау жасай білді. Қыс мезгілі қаһар танытып, қиғылық салғанымен, отын-су, мал азығын дер кезінде жабдықтап алған Толыбай тұрғындары сыр бермей отыр. Алайда ауылда мал ауырса уақытында ем-дом жасайтын дәрігер маманы жоқ. Әсіресе, қыс мезгілінде қорадағы малға дәрігердің көмегі қажет-ақ. Жаз айында ауыл аралап жүретін мал дәрігерлерін қыстың күні жанымыз мұрнымыздың ұшына тірелгенде таба алмай қиналамыз. Бұл — бір.

Екіншіден, біз аудан орталығына Ақтасты ауылындағы көтерме жол арқылы қатынаймыз. Кеңес үкіметі тұсында салынған бұл жолдың тозығы жеткен, құлаудың алдында тұр. Әсіресе, қыстың көзі қырауда аудан орталығына жету бір азап. Аудан тұрмақ, Ақтасты ауылының өзіне 10 сағат жүріп, әрең жетеміз. Ал мұндай сәттерде сырқатқа шалдықсақ, «шықпа, жаным, шықпаға» саламыз. Аудан әкімі Е.Есенбаевтың тапсырмасымен былтыр «Ақжол» ЖШС ұжымы алып тракторлардың күшімен қарды ашып, автобустың ауданға еркін қатынауына мүмкіндік жасады. Біз бұл ұжымның қызметкерлеріне дән риза болдық. Себебі жылда қар басқан жолды арши беруге мұндай мүмкіндіктер бола бермейді. Сондықтан ауданға қатынайтын жалғыз жолға жөндеу жұмыстары жүргізілсе деген ұсынысымыз бар.

Елбасы Н.Назарбаевтың қолдауымен «Жасыл ел» бағдарламасы аясында ауылымызда марафон-эстафетасы ұйымдастырылған еді. Мұнда мектеп ұжымы мен оқушылар көшелерге тазалық жұмыстарын жасады. Ауылымыз қоқыстан тазартылып, ағаш түптері әктелді, жаңадан көшеттер бой түзеді. Ел үшін тер төгіп, еңбек еткен жастардың еңбегі аудан әкімі тарапынан елеусіз қалмай, бағалы сыйлықтармен марапатталды. Айта кететін жайт, ауыл көшелері таза болғанымен, жарық жүйесі жеткіліксіз. Тазалықты басты бағыт етіп ұстайтын ауылға енді шам жарығы керек. Сондықтан аудандағы атқамінер азаматтар Толыбай ауылының тұрғындарын мазалаған мәселелерді шешуге қолұшын берсе екен деймін.

Ж.ӘБДІХАЛЫҚ,

зейнеткер.

Бәрекелді!

Шапағатты шаруалар

Біздің ауданда бірнеше жаңа нысандар бой түзеп, тұрғындардың игілігіне пайдалануға берілді.

Ауданымызда жасалып жатқан істерді, салынып жатқан құрылыс нысандарын көріп қуанып қаламын. Себебі, біздің жас кезімізде ауыл тұрмақ, қалада да мұндай шаруалар жасалмайтын еді. Ал бүгінде ауылдарда да түрлі ғимараттар қатары көбейіп отыр.

Қазір Шұбарқұдық кентінде тұрғындарға қажетті көптеген мекемелер салынды.  Жасанды алаңы бар стадион, теннис алаңы, балабақшалар санының өсуі сөзіміздің дәлелі. Ауданға қарасты ауылдарда да біраз өзгерістер болды. Айталық, ауданда Ақтөбе-Атырау күре жолына жарық шамдар салынды, Қызылжар шағын ауылына қажетті коммуналдық жүйелер орнатылып, Қазақ ауылына газ құбыры жүргізілді, ауыз су мәселесі шешілді. Құмқұдық, Еңбекші, Жамбыл ауылдарындағы балабақшалар мен Мәдениет үйлеріне жөндеу жұмыстары жүргізіліп, тұрғындарға пайдалануға берілді. Сонымен қатар жақында Қазақ ауылында екі ай ішінде жетпіс орынды балабақша салынып, іші бүлдіршіндерге толды.

Былтыр ауданымызда Нұрпейіс атамыз бен генерал-лейтенант Жансен Кереев ағамыздың құрметіне арналған торқалы тойдың ұйымдастырылуы да үлкен мерейіміз.

Ауданымызда осындай жақсы істердің шешімін тауып, атқарылып жатқанына ризашылығымыз шексіз.

Б.АХМЕТОВА,

Шұбарқұдық кентінің тұрғыны.

Темір ауданы.

Айтарым бар

Ерлер мерекесі неге жоқ?

8 наурыз — Халықаралық әйелдер күні жақындаған сайын мені мына сауал мазалайды. Қоғамда әйел мен еркектің орны бір, екеуін бөліп-жарып қарай алмайсың. Бірақ жыл он екі айдың бір күні нәзік жандылардың құрметіне арналған. Ал ерлерге неге мұндай ілтипат көрсетілмейді?!

Әйелдер мерекесінің аталып жүргеніне біраз уақыт болды. Дау жоқ, бұл — тамаша мереке. Сондықтан жылына бір-ақ рет келетін аталмыш мерекені әйелдер қауымы  асыға күтеді.

Әрине, әйелдер күнінің тойлануына ешкім де қарсы емес. Керісінше, әйәй мерекеде нәзік жандарға бәріміз құрмет көрсетуге тырысамыз. Мен осындай әдемі мерекенің ер-азаматтарға бұйырмағанына таң қаламын. Неге бізге қыздар «Мерекеңізбен!» деп құрмет көрсетпейді? Рас, бұрын 23 ақпанда Кеңес әскерлерінің құрылған күнін тойлайтынбыз. Қазір бұл күн атаусыз қалды. Одан кейін 9 мамыр — Жеңіс күнін, 7 мамыр — Отан қорғаушылар күнін тойлап жүрміз. Бірақ кезінде ерлермен бірге қолына қару алып, Отан қорғаған арулар да болды емес пе? Ендеше, бұл тарихи мерекелерді ер-азаматтар «Біздің мереке» деп қалай еншілей алады?

Осы мақаланы оқыған әйелдер қауымы, мені кінәлай көрмеңіздер! Нәзік жандыларға арналған мерекені мен, әрине, қызғанудан аулақпын. Тек бізге, ер- азаматтарға, сіздер де жыл он екі айдың бір күнінде жылы лебіздеріңізді арнап, құрмет көрсетсеңіздер екен…

А.ҒАНИБЕТ,

Шалқар қаласының тұрғыны.

Маман

Пошташы Ғалия

Бүгінгі әңгіме он алты жыл ауылымызда пошташы қызметін атқарған, өз мамандығының шебері Ғалия Мыңбаева туралы болмақ.

Ғалия туралы көп айтуға, көп жазуға болады. Бұл өзі төзімге берік, сабырлы жан. Поштаға қай уақытта бас сұқсаңыз да, күлімдеп қарсы алып, қажетті газет-журналыңды алуға көмектеседі. Сондықтан кішіге қамқорлық танытып, үлкенге ізет көрсететін Ғалияны ауыл тұрғындары үнемі құрметтейді.

Тұрғындарды газет-журналға жаздырып, басылымдарды үйлеріне дер кезінде жеткізетін Ғалияны, әсіресе, үлкендер қауымы асыға күтеді. Себебі қашанда жылы сөйлеп, бауырмалдық танытып жүретін оның ақкөңілділігі жаныңды жадырата түседі. Ғалия ауылдағы зейнеткерлердің зейнетақысы мен жәрдемақы алушылардың қаржыларын кешіктірмей, уақтылы әкеліп береді. Халыққа аянбай еңбек етіп, мойнына жүктелген жауапкершілікке кір жуытпай, елдің алғысына бөленген абзал жанның адалдығына біз әркез дән ризамыз.

К.НАҚБАЕВ,

Сағашилі ауылы,

Мұғалжар ауданы.

Пікір

Тойды топырға айналдырмайық!

Біз өзі тойқұмар халықпыз. Той үстінде үй егесіне барлық тілектерімізді шашудай шашамыз. Бұл дұрыс қой. Алайда осы күні тойды топырға айналдырып жүрміз. Жақында «Бұқарада» жарияланған (№21-22) «Баталы ел арымас» атты мақалада осы мәселелер көтеріліпті.

Қазақ той десе, қу басы домалайтын халық. Тойында несие алып, шабылып, алыс-жақын ағайын-туыстың, құда-жегжаттың басын қосуға тырысады. Бірақ осы той сүйетін тойшы қауым өз орнын жоғалтып алған сияқты. Тілек айту кезегінде арқасын кеңге салып, жылы лебізін сағызша созып, тойды «жиналысқа» айналдырады. Ел сөз сөйлеуге шыққанда ұйықтап алуыңа әбден болады. Себебі үрім-бұтақтан сыр шертетін ағайынның айтар өкпе-наласы тағы бар. Меніңше, жүрекжарды жылы сөзді бір топ адамның екеуі ғана сөйлеп, қалғаны неге бойындағы өнерін көрсетпеске? Сонда үстел үстінде отырған қонақтар да, той егелері де жалықпас еді.

Біз өзімізге сый-құрмет көрсеткен той иелерінің еңбегін, алтын уақыттарын әрқашан бағалай білуіміз керек. Тойшы қауым көпсөздікке бой алдырмай, керісінше, тойдың есте қаларлықтай өтуіне ат салысқаны абзал. Әйтпесе тойдың да топырға айналар түрі бар.

А.ҒАЛЫМҚЫЗЫ,

Ақтөбе қаласының тұрғыны.

Ілтипат

Азаматтарға мың алғыс

Мен жалғызбасты, зейнеткер анамын. Оның үстіне ІІІ топтың мүгедегімін. Облыстық «Ақтөбе» газетіне хат жолдаудағы басты мақсатым — ел азаматтарына алғысымды айтып, жылы лебізімді арнау.

Біздің облыс республикамыздың басқа өңірлеріне қарағанда экономикасы дамыған, тұрғындардың әл-ауқаты, тұрмыс-тіршілігі жоғары. Облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың бастамасымен біздің аймақта алғашқы болып мүгедектер мен зейнеткерлерге қоғамдық көліктерде тегін жүру мәселесі жолға қойылды. Сонымен қатар республика көлемінде тұңғыш рет Ақтөбеде мүгедектерге қала бюджетінен қосымша жәрдемақы тағайындау жөнінде шешім қабылданды. Облыс басшысының мұндай батыл шешімдері бізді қатты қуантып отыр. Он екі мүшеміздің бірінен жараланып, өмірден опық жесек те, осындай асыл азаматтың қолтығымыздан демегеніне бір марқайып қалдық.

Қызым Ф.Қамбарова Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе мемлекеттік университетінің филология факультетінде ақылы бөлімде оқитын еді. Жақында баламның сабақ үлгерімі мен әлеуметтік жағдайын ескерген университет ректоры, облыстық мәслихат депутаты Кенжеғали Кенжебаев қамқорлық жасап, оқу грантына ауыстырды. Ақтөбедегі іргелі оқу орнында білім алып жүрген қызымның болашағына әркез үлкен сеніммен қараймын. Осындай қиын сәттерде қолтығымыздан демеген облыс әкімі мен университет басшысына айтар алғысым шексіз.

Күлнара ҚАМБАРОВА,

зейнеткер.

К.Нокин атындағы ауыл тұрғыны.

Дат

Жертөлеге тазалық, мекемеге қаржы керек!

Тұрғындар арасында көбіне пәтер иелері кооперативінің қызметіне қатысты алып-қашпа әңгімелер мен түсініспеушіліктер болып жатады. Қалай дегенде де, аталмыш ұжымның халық үшін атқаратын қызметі шаш-етектен.

Пәтер иелері кооперативінің, кондоминиум жұмысының атқаратын қызметі әдетте сырт көзге елеусіз көрінеді. Себебі бұл мекеме қызметкерлері жеке үйлер мен көпқабатты үйлерге тазалық шараларын жүргізеді. Көпқабатты үйлердің жертөлелерін реттеп, төбелер мен сатылардағы сан-салалы жүйелердің жұмысын атқарып, қоқыс контейнерлерінің қалыпты орналастырылуын қадағалап, олардың тазалығына мән береді. Сонымен қатар тұрғын үйлерде болатын ақауды жөндеу де, құбырларды түбегейлі ауыстыру да осы саланың мамандарына жүктелген.

Анығын айтқанда, қазір тұрғындардың дені жертөлеге салғырт қарайды. Мамандар талай рет канализация құбырларын жөндеу барысында салақтыққа жол берген жайларға куә болып жүр. Егер үйдің төменгі қабатын дер шағында тазартпаса жертөле сасып, иістенеді. Лас иіс үйдің ішіне сіңеді. Әрі аталмыш саланың мамандары тазалық шарасын орындамаса, қаладағы дәретханалар иістеніп, антисанитарлық жағдайға жетер еді.

Тазалықты қадағалап, қатаң талап қоятын ұжымның іс-әрекетіне тұрғындардың көңілі көбіне толмайды. Егер БАҚ-қа көз жүгіртсеңіз, біздің мекемені жерден алып, жерге салған материалдарды көресіз. Шындығында, «ТраснЭнерго» АҚ, «Ақбұлақ» АҚ мекемелері қаладағы тұрғын үйлерді жылу, жарық жүйелерімен қамтығанымен, жертөлелердің жұмысы пәтер иелері кооперативінің еншісінде.  Бірақ пәтер иелері кооперативінің ықпалымен көптеген шаруаларын ретке  келтірген тұрғындардың көпшілігі төлем төлеуге келгенде зыр-зыр қашады. Ал қаржыны күшпен төлетуге бұл мекеменің заңды мүмкіндігі жоқ. Егер үйлердің айналасы қоқысқа толып, ластанса аталған мекемеге санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау департаменті айыппұл салады. Ал су жүйесі істен шықса, әкімшілік жазасын ұсынуға даяр.

Менің ойымша, мекемеге тиесілі төлемді дер кезінде төлемей жүрген отбасыларға заң қызметкерлері арқылы талап қою керек. Болмаса, заң қызметкерлерімен бірлесіп, қарызы өтелмеген пәтерлерді су, жарық жүйелерінен ажыратуды қолға алғанымыз дұрыс. Себебі төлем болмаса, қаражат болмаса тұрғын үйлердің коммуналдық жұмыстарын жүргізу мүмкін емес.

Хамит ЖҰМАҒАЗИЕВ,

«Гүлдана» кондоминиум төрағасы.

Мерей

Валентинаның әлемі

Облыстық сот жүйесінің ардагері, заң қызметкерлерінің ұстазы Валентина Карпенко жақында жетпіс жасқа толады. Мерейлі мереке қарсаңында қырық жылға жуық заң саласында абыройлы еңбек еткен ұстаздың жүріп өткен жолдарына зер салған едік.

Валентина бала кезінде шет тілі пәнінің оқытушысы болсам деп армандайтын. Өскенде шәкірт тәрбиелеп, оларға шетел тілін үйретуді қиялдайтын еді. Алайда бала көңілі бұл мамандықты қалағанымен, сол тұстағы заманның ауыртпалығы оның арманын жүзеге асырта қоймады. Арқасүйер анасы үш баланы тәрбиелеп өсірді. Валентина жасынан зерек, алғыр еді. Бәлкім, оның табандылығы мен білімділігі, еңбекқорлығы осындай биікке жетуіне ықпал еткен болар.

Валентина 17 жасынан бастап сот жүйесінде қызмет етті. 1957 жылдың қараша айында көше жақтауларына ілінген «Сот жүйесіне курьер қажет!» деген хабарлама бойынша  қызметке келеді. Уақыт өте келе алғыр қыз заң саласының қыр-сырын жетік меңгеріп, биікке өрлейді.  Қылмыстық істер бойынша сот алқасының төрағасы, кейін облыстық сот төрағасының орынбасары қызметін атқарды.

— Мен өз тағдырыма өте ризамын. Себебі өмірдің бұралаң жолдарында талай рет аға-апаларым жол көрсетті. Олар салған сара жолды үзбей жалғастыра білдім. Қызметке алғаш келгенімде сот төрағасы Қарағойша Сахипов болатын. Ол кісі маған көп нәрсені үйретті.

Судьялық қызметімде басымнан өткерген ең ауыр істің бірі мынау. Бір жасөспірім баланы өлтірмек болған қылмыскердің ісін қараған едім. Жараланған бала қасыма келіп қылмыскердің жасаған қорлығын айтып, жарақаттанған саусақтарын көрсеткенде жүрегім аузыма тығылды. Баланың өмірін қорлаған қылмыскерге алғаш рет өлім жазасын тағайындадым. Бұл іс ешқашан менің есімнен кетпейді, — дейді кейіпкеріміз.

Валентина облыстық сот қабырғасында 2005 жылға дейін қызмет етті. Қазір зейнеткерлік демалыста. Әріптестері оны үнемі бағалап, құрмет тұтады.

Облыстық соттың баспасөз қызметі.

Оқырман хаттарын топтастырған Айгүл ЖҰБАНЫШ,

bukara07@mail.ru

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button