Басты жаңалықтар

Қыс қызығынан құр қалмаңыз!

Табиғаттың әр маусымының өзіне тән ерекшелігі бар. Соның ішінде қыс мезгілі де өз алдына керемет әсер сыйлайтын ерекше мезгіл. Жұмыстан қолыңыз қалт еткенде, таза ауада тыныққанның жөні бір бөлек.

Демалыс күндері көпшілігі мұз айдындарына барып, коньки тепсе, енді бірі қала сыртындағы демалыс орталықтарына жол тартып, отбасымен демалғанды жөн санайды. Ақтөбеліктер қандай демалыс орындарына барып жүр? Осы орайда біз тұрғындардың пікірін білген едік…

6 демалыс орталығы бар

Облыстық кәсіпкерлік басқармасы туризм бөлімінің берген мәліметтеріне сүйенсек, қазір қала сыртында орналасқан 6 қысқы демалыс орталығы бар. Олар — «Green land», «Тау», «Солнечный», «Ilek residents», «Көк жайлау» және «Salqyn samal residents» туристік базалары.

Біз солардың ішінде халық көп баратын «Тау» демалыс базасында болдық. Жайлы отбасылық демалыс орталығына кіру тегін. Бұл жерге күн сайын таңғы сағат 11-ден бастап келушілердің саны көбейеді. Тәулік бойы күзетілетін аймақта таза ауада тынығуға барлық мүмкіндіктер қарастырылған. Алаңда 15 адамға арналған 6 үйшік, мейрамхана мен ойын-сауық орындары, монша, арнайы автотұрақ бар. Демалушылар таудан сырғанап, мұз айдынында коньки тебе алады. Сондай-ақ қалың қарда жүретін көліктерге мініп, таудың салқын ауасымен демала аласыз. Ал көктем және жаз айларында атпен серуендеу де қарастырылған. Мейрамханадан тамақтанып, тиімді демалыс уақытын өткізуге мүмкіндік көп.

«ТАУҒА» БАРСАҢЫЗ:

Мұз айдынына конькилерді жалға алу құны бір сағатқа — 1000 теңге. Таудан сырғанауға арналған тюбингтер сағатына 3 мың теңгеге беріледі. Ал үйшіктерді жалдау бір тәулікке 35 мың теңге болса, таңертеңнен кешке дейін жалдау құны — 25 мың теңге. Қарда жүретін көліктерді 2-4 мың теңге аралығында жалға ала аласыз.  Атпен серуендеу үшін бір айналымға 1000 теңге төлейсіз.

Біз барғанда демалыс базасында алаңсыз демалып жүрген қала тұрғындарын көрдік. Жиналғандардың дені — жастар. Олардың бірін әңгімеге тартқан едік.

— Әрине, студенттер үшін ең керемет кезең қысқы демалыс уақыты екені сөзсіз.  Мен үшін қыс мезгілінің қызығы — осындай демалыс базаларына келіп, бойыңды сергіту. Әсіресе жылдамдықпен таудан сырғанау ерекше сезімге бөлейді.

Мұнда таудан сырғанау үшін тюбингті 1 сағатқа жалға алу құны — 3 мың теңге. Бұл өзге демалыс базаларымен салыстырғанда қымбат. Әрі демалыс күндері адам көп болатындықтан, сырғанау үшін ұзақ кезек күтуге тура келеді.

Негізі, Ақтөбе қаласында қысқы демалыс орындары аз. Сондықтан бізге осындай демалыс орындары көбірек керек деп ойлаймын, — дейді Ақтөбе қаласының тұрғыны Нұршашқан Болатбек.

Бүгінде қала маңындағы Кірпішті елді мекенінде орналасқан «Green land» демалыс базасы да көптеген туристер үшін сүйікті орынға айналды.  Мұнда қыс мезгілінде тұрғындарға мұз айдыны, ипподром, шаңғылар мен шаналар, қонақүй мен мейрамхана, VIP монша бассейнімен қызмет көрсетеді. Әсіресе балаларға көңіл көтеруге арналған жерлер өте көп. Қарғалы өзенінің көркем аймағында орналасқан демалыс базасына әсіресе сенбі, жексенбі күндері келушілер көп. Дүйсенбі және бейсенбі күндері аралығында қызмет түрлеріне жеңілдіктер қарастырылған.

БІЛЕ ЖҮРІҢІЗ:

Егер балаңыз конькимен, шаңғымен немесе шанамен сырғанағысы келсе, алдымен ойын құралдарын тексеру керек. Шаңғы баланың аяғына сенімді әрі дұрыс бекітілуі тиіс. Ал коньки аяқ өлшеміне сай тұруы керек. Шанамен немесе шаңғымен сырғанау үшін таңдап алынатын аумақ міндетті түрде жолдан, тал-тоғайдан алыста болуы тиіс. Конькимен арнайы жабдықталған орындарда немесе мұз айдындарында сырғанау керек.

Мұз айдындарына барғанда, жұмсақ резеңкеден немесе термоэластопластан жасалған, табаны бар аяқкиім киген дұрыс. Мүмкіндігінше сатыдан түскен немесе шыққан кезде аяқты баспалдақтың бойымен қойып, абайлап түсу керек.  Ең әуелі, өзіңізбен бірге рюкзакқа қосымша шұлық пен қолғап салып апаруды ұмытпаңыз жәңе ыңғайлы баскиім киген абзалырақ.

«GREEN LAND»:

Туристік базаға кіру құны ересектерге — 1000 теңге. Балаларға — 500 теңге. Бұл жерде көңілді уақыт өткізу үшін спорттық бұйымдарды жалға алуға да біраз қаражат жұмсауыңызға тура келеді. Жіктеп айтар болсақ, балаларға арналған шананы  3 сағатқа жалға алу — 1000 теңге, коньки мен шаңғы тебу сағатына — 1000 теңге. Орташа тюбинг бағасы бір сағатқа — 1000 теңге.  Қарда жүретін көлікті жалға алу 2 мың теңге. Қонақүй 10 мың мен 50 мың теңге аралығында. Сондай-ақ демалыс базасы келушілерге ипподромда атпен жүруді де ұсынады.

Мұз айдындарының құны қанша?

Шаһардағы мұз айдындары туралы білгіміз келіп, Ақтөбе қалалық денешынықтыру және спорт бөліміне хабарластық. Ондағы мамандардың айтуынша, қазір шаһарда 46 мұз айдыны бар. Былтыр желтоқсан айында өз жұмысын бастаған алаңдарға бүгінде келушілердің саны көп. Әсіресе студенттер мен оқушылар демалыс күндерін осында өткізгенді ұнатады. Кейбір мектеп ауласындағы мұз айдындарында сырғанау тегін.

 Ақтөбе қаласындағы бірқатар мұз айдындары:

Мекенжайы: Конькиді жалға алу құны: Төбешіктен сырғанау құны:
Тұңғыш Президент атындағы Орталық саябақ 800 теңге  
«Ақтөбе Арбат» алаңы 500-700 теңге  
«Капитан бриг» ойын-сауық орталығы   500 теңге
«Keruen city» сауда және ойын-сауық орталығының алаңы   2000 теңге
Сазды өзенінің маңы 500-600 теңге  
«Ферро» мұз айдыны (Бейбітшілік даңғылы 40А) 500 теңге 1000 теңге

 

—  Жақында ата-анам «Ферро» мұз айдынына алып барды. Таңертеңгі 9-дан кешкі сағат 9-ға дейін жұмыс жасайды. Ағам екеуміз коньки теуіп, көңілді уақыт өткіздік. Мұнда сырғанауға  арналған төбешіктің үш түрі бар. Тюбинг  құны сағатына — 1000 теңге. Тюбингті қолыңа алып, қырға баспалдақпен көтерілудің өзі денені шынықтыруға септігін тигізеді. Өзім де тұрақты түрде спортпен шұғылданамын. Таза ауада уақыт өткізгенді ұнатамын.

Әр күнді көңілді өткізуге болады. Күні бойы компьютер ал­дында отырғанша, сыртқа шығып, сырғанақ тепкен абзал емес пе? — дейді №68 орта мектептің 7- сынып оқушысы Алмат Серіков.

 P.S. Қысқы демалысыңызды жоспарлап жүрсеңіз, жоғарыда аталған демалыс орындарына барып, демалып қайтуыңызға әбден болады. Таза ауамен тыныстап, қарға аунап, балалықты еске түсіріп, шанамен сырғанаңыз. Демалысыңыздың көңілді өтері анық. Қыс қызығынан құр қалмаңыз!

 Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button