Тарих

Абзал аға Әліби

Тағзым

Қарабұтақ ауданындағы әуелі Қарабұтақ болып аталып, кейін украин халқының ұлы перзенті Тарас Шевченко есімін иеленген кеңшардың директоры Әліби Қойлыбаевтың аты санамызға бала күннен сіңді. Сол тұстағы біздің тұстастарымыздың көпшілігі мерзімдік баспасөзді жібермей оқуға тырысатын. Облыстық, республикалық басылымдарда партия-кеңес органдарының есептері жарияланып жатады. Сонда Байғаниндегі Естілеу Құлшымбаевпен, Ойылдағы Отар Қылипановпен, Шалқардан Нағым Қобыландинмен бірге Әліби аға есімі де аталып, олар басқарған кеңшарлардың өнегелі істері үлгі ретінде ұсынылатын.

Кейін облыстық  партия комитетінің жолдамасымен Қарабұтақ аудандық «Жаңа өмір» газетінің редакторы болып жұмыс істегенімде осы бір жан сарайы көркем, мейлінше қарапайым азаматпен сыйласып, араласу мүмкіндігі туды және екеуара ағалы-інілі қатынас ол өмірден өткенше үзілмей сәтімен жалғасты.

Әлекең қасиетті атамекен –ырысты Ырғыз өзенінің бойындағы ну тоғайлы түбек Шабағанды аузынан тастамай өтті. Өткен ғасырдың отызыншы жылдарының басында шағын ұжымшарда диқандық кәсіппен звеноға жетекшілік еткен, тары өсірудің белгілі шебері болған Қойлыбайдың отбасында дүние есігін ашыпты.Бір шаңырақтан түлеген алты ұл мен екі қыз әке-шеше атағына кір келтірмей елге танылды, өркен жайды.

Шабағанда бастауыш мектепте оқыған Әліби кейін Құрылыс ауылында орталау мектепті тәмамдайды, әрі қарай Ырғыздағы Сталин атындағы мектепте білім жолын жалғастырады.

Ұлы Отан соғысының зардаптарынан енді ғана еңсе тіктеле бастаған шақта ырғыздық түлектердің жоғары білім алуына құштарлығын оятып, дем берген адам Нұрқасым Бердіқұлов екен. Аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы қызметіндегі ол жыл сайын жиырма-отыз баланың институтқа қабылдануына мүмкіндік жасаған, тіпті оқуын тастап кетпей әрі қарай жалғастыруын тұрақты бақылауға алған. Қостанай облысының құрметті азаматы, даңқты кенші Әлсабыр Дәрменбаев, Ақтөбе облысының құрметті азаматы, белгілі журналист Нұқы Қартбайұлы және басқа ағаларымыз бірінші хатшы пәрменімен ұжымшарлар атынан ай сайын өздеріне стипендия келіп тұрғанын мақтанышпен әңгімелейтін. Әрине, мұндай қамқорлық студент көңілінде шалғай ауылдағы тілекші қалың жұртты ұятқа қалдырмау сезімдерін қалыптастырғаны сөзсіз.

Әлекең өзі туып өскен Шабағанымен бірге Қарабұтақты да мейлінше қастерледі. Заңды да: 1954 жылы жоғары білімді мал дәрігері дипломымен жолдама Қарабұтақ ауданына берілгенде алдынан сол баяғы Бердіқұловшыққанын тебірене еске алады. Оқырманға түсінікті болу үшін таратып айтайық: соғыстан кейін Жоғарғы Кеңестің бір Жарлығымен марапатталған ырғыздық 23 адамның санатында Кеңес Одағының ең жоғары наградасы — Социалистік Еңбек Ері атағына ие болған өңір басшысы Нұрқасым Бердіқұлов көп ұзамай  Қарабұтақ аудандық партия комитетінің бірінші хатшысы орынтағына отырды. Көкірегі даңғыл азамат кеше ғана өзі бәйгеге қосқан өндірдей жас жігіттің дипломмен оралғанына қуанып, Қарабұтақ МТС-інің бас мал дәрігерлігін ұсынған.

Осылайша Қойлыбаевқа саналы ғұмырдың 43 жылын үзіліссіз киелі өңірде өткізуіне  жол ашылды. Қысқаша түйіндеп айтсақ, Әліби аға бойындағы білімі мен қажыр-қайратын Қарабұтақ өңірінің экономикасын дамытуға, мәдениетін жақсартуға аянбай жұмсады. Оны аймақ жұртшылығы өмірге сергек көзқарасы, үнемі ізденісте жүретіндігі, ұйымдастырушылық қабілеті мен адамдармен тіл табысу шеберлігі үшін жоғары бағалап, төбесіне көтерді. Азамат осында сыпайы, әсем жары Зоя Төребайқызын кезіктіріп, шаңырақ көтерді, инабатты перзенттер өрбітті. Адал еңбегі үшін мемлекеттік наградалармен марапатталды, оныншы шақырылған Қазақ КСР Жоғарғы Кеңесінің депутаттығына сайланды. Оның табанды қызметі, парасатты іс-қимылы бірқатар ақын-жазушылардың, журналистердің шығармаларына арқау болды, теледидар арқылы кеңінен насихатталды.

Жақсы ағаның тәрбиесін көрген азаматтардың бірі, бүгінде Қазақстан Республикасы Парламенті Мәжілісінің депутаты Аманғали Бердалин былай дегені бар-ды:

— Марқұм әкемді білетіндігінен шығар, екінші жағынан анамды сыйлады ма, жас кезімде кеңшардың құрылыс бөліміне жұмысқа қабылдады.

Бір жағдай есіме түсіп отыр. 1981 жылдың 31 желтоқсанында Әлекең ертелетіп құрылыс бөліміне келді. Бәрімізді жинады да, көзімізше прораб Дүйсен ағамызға қатаң ескерту жасады.

— Анау теміржол бойындағы Союзный стансасында базамызда екі вагон цемент екі күннен бері түсірілмей тұр. Себебі неде? Бұл цементтің Ресейдегі Магнитогорск қаласынан қанша беделмен әкелінгенін жақсы білесіздер.Біз уақытында босатылмаған вагондар үшін көп мөлшерде айыппұл төлейтініміз қалай есіңізге келмеген? Совхоздың ақшасын орынсыз желге шашу емес пе? «Ертең жаңа жылды мейрамдаймыз» деп, тағы тұрғызып қоямыз ба? — деді директор.Орынды әңгімеге кімнің айтар уәжі бар?! Бәріміз де үнсізбіз.

Бөлімдегі Иван Назаренко ең тәжірибелі, іскер бригадир болғандықтан оның бригадасына ешқандай сын айтылмайтын. Сол Иванға қарап: «Сен қасыңа мына Аманғалиды ал, екеуіңе екі көлік бекітіп беремін. Қазір кідірместен Союзныйға барасыңдар, екі вагондағы цементті түсіріп қайтасыңдар», — деді.

Басшының сенімі  қанат бітіргендей, сол күні тапсырманы толық орындап, бекітіліп берілген көлікпен Қарабұтаққа оралғанымызда түн ортасы болып еді.

Осы мысалдың өзі Әлекеңнің іскерлігін және ұйымдастырушылық қабілетін көрсетіп тұр ғой. Біріншіден, келесі жылдың көктемінде басталатын құрылыс науқанына дайындық ерте күзден қолға алынып тұр, цементтен өзге ағаш материалдары Ресейдің Свердловск облысындағы орман шаруашылығы кәсіпорындарынан теміржол вагондарымен тасылуда, екіншіден, жүкті уақытында тиеп-түсіруден кеңшардың қыруар қаржысы өз иелігімізде сақталып қалады. Үшіншіден, алда мерекелі күндер тұрғанын білсе де шұғыл шаруаны орындауға бөлімдегі жастардың бірі — мені жұмсауын өзіме сенім артуы және сынақтан өткізуі деп түсіндім. Аудан жұртшылығы Қойлыбаевты осындай ескерімділігі, жинақылығы, тәрбиешілік қабілеті үшін қадірлеп, үлгі тұтатын.

Байырғы партия-кеңес қызметкері Татьяна Виноградова да өз пікірін ықыласпен білдірді:

Әліби Қойлыбаев ойлау көкжиегі кең адам еді. Ауыл шаруашылығы жұмыстарының көрнекті ұжымдастырушысы  бола жүріп, Қарабұтақ өңірінде украин халқының данқты перзенті Тарас Шевченконы мәңгі есте қалдыру шараларын жүзеге асырды. Кеңшар кеңсесінің алдында ұлы кобзарь ескерткіші орнатылды, Украинаның Қазақ КСР-індегі жылы аясында кеңшарға және орта мектепке оның есімін берудің тікелей ұйытқысы болды. Кезінде осы елдің Қазақстандағы  елшісі қызметін атқарған Николай Селивон өңірге келген сапарында атқарылған шаруаларға риза болып, «Артек» лагерінде демалуға бөлінген он бес жолдаманың онын қарабұтақтық оқушыларға бергізгенін көрдік.

Кеңшарды, кейін Қарабұтақ орман шаруашылығын шебер басқарған Әліби ағаның тындырған шаруасын түгел тізу оңайға түспес. Сөйтсе де азаматтың тікелей қолға алуымен салынған әлеуметтік нысандардың игілігін тұрғылықты халық күні кешеге дейін көргенін айтуға тиіспіз. Тәуелсіз мемлекетіміз енді ғана еңсесін тіктей бастаған шақта мешіт құрылысының басы-қасында  жүргені және бар. Аудан атауын Әйтеке би бабамыздың құрметіне өзгертуде қайсыбір замандастар тарапынан  түсінбеушілік орын алғанда үлкен-кішіні сабырға шақырып, оң шешім қабылдануына ықпал жасағандардың бірі – осы Әлекең. Ол отбасымен  Ақтөбе қаласына қоныс аударғанда таратылған аудан орталығының ажары қашқанына кәдімгідей қобалжыды, ел жаққа құлағын түріп, жақсы жаңалықтарға балаша қуанды.

Шүкір, байырғы мекеннің осы замандық жаңа сипатпен қайта түрленгенін көріп кетті. Қарабұтақтың іргесінен өтіп жатқан Батыс Еуропа — Батыс Қытай халықаралық автокөлік дәлізі бойындағы кемпинг қалашықтары, тұрғындар рахатын көріп отырған көгілдір отын және ауызсу желілері сұңғыла ардагердің  жанын жадыратты. Әке ұлағатын бойына сіңірген кәсіпкер баласы Қайрат Әлібиұлы орталық алаңда өз қаржысына «Әкелер саябағын»  тұрғызып берді. Ұлдары мен келіндері, қыз-күйеубалалары бірігіп, мешіт пен кітапхана ортасындағы ашық алаңда арнайы тұғырға мемориалды тақта орнатты. Оның ашылу салтанатына аудан әкімі Дархан Ермағамбетов, еңбек ардагерлері қатысып, жүрекжарды лебізін ақтарды.

Тағдыр маған есімдері елге мәлім бірқатар аға-апалармен дастарқандас болу, сыр бөлісу  бақытын бұйыртты. Сонда атағы алысқа жетіп жүрген азаматтардың қағаз-құжаттарға ұқыптылығына, қайталанбас асыл жәдігерлерді баптап, сақтай білетініне тәнті болғанмын. Әліби ағамыз да осындай ескерімді, жинақы тұлғалар санатынан екен. Оның «Бабамнан қалған байтағым» атты тарихи-танымдық, тағылымы мол кітап жазып қалдыруы соның бір дәлелі. Тіпті әр кезеңде түскен фотосуреттерді шебер қолдарға тапсырыс беріп, арнайы фотоальбомдар жасатқан.

Мына  бір жазбасында Зоя апаймен 1957 жылдың 27 маусымында шаңырақ көтергені баяндалып, алпыс бір жыл жұп жазбай тірлік кешкенін сөз еткен. 1953 жылы орта мектепті бітірген соң апамыз Алматы қаласында медицина институтына талаптанған. Конкурстан өте алмай елге оралғанында мемлекеттік банктің аудандық бөлімшесінде бас есепші Ферия Калимуллина анасының өтінішін  жерге тастамай қарауына жұмысқа алған екен.

Өткен күндерден сыр шерткенде Әлекең аға айтқан әңгімеден:

Анам ауырып жатыр деген хабармен Ырғыздағы ауылға барып қайтқанмын. Денсаулығы нашарлап, төсек тартып жатып қалыпты. Сонда: «Әліби, мен сенің келіншегіңді көре алмай кететін шығармын, науқасым күнсанап жаныма батып бара жатыр» деген-ді. Анамның сөзі мені Қарабұтаққа жеткенше қатты ойландырды. Ойласам, қасында көп болмаппын. Жетінші класты бітіргеннен кейін жазғы каникулдан өзге үйде болған жоқпын.  Интернат-пансионда жаттым. 1949 жылы аттестат алғаннан кейін Алматыда бес жыл институтта оқыдым. 1954 жылы тамыз айында Қарабұтақ ауданына жұмысқа кеттім.

Келесі жылы Зоямен бір жігіттің үйлену тойында таныстым. Иманжүзді, бұрымы беліне түскен, аққұбаша қыз екен. Сол күннен бастап бір-бірімізді іштей ұнатып, ерекше сезімімізді ашық айтпағанмен, кездескенімізді жақсы көріп жүретінбіз. Әкем де ауылға барған сайын «Қашанғы үйленбей жүресің?»  деп кейіп алатын. Қарабұтаққа келгесін апамның әңгімесін айтып едім, ол да жүрегі нәзік жан ғой, апама деген жанашырлық сезімін жасыра алмай көзіне жас алды…

Көп ұзамай 1957 жылы 26 маусым күні Зоя Ырғызға барып, Ағытай мен Жаншаның қолына келін болып түсті. Зоя ертеңіне-ақ апама барып, сәлем беріп, қасында болған, жуындырып, шашын тарап, біраз қызмет көрсетіпті. Кейін апамның көңілі көтеріліп, көп ұзамай төсегінен тұрып, келініне батасын беріпті.

Іштей ұғысудан басталған даңғыл  жол ғұмыр бойына ауқымын ұлғайтып, өмірге бес перзент — Гүлшара, Гүлмира, Асқар, Қайрат, Райса келді. Қыздар қалаған шаңырағының түтінін түзу шығарды, келіндер Бақыт пен Әлия ата-енеге ізетпен қызмет көрсетті. Ұл-қыздардан он екі немере, он үш шөбере сүйді. Зоя апамыз бұрынғы бекзат қалпымен отағасының жағдайын жасады, ешкімнің алдында төменшіктемей, қонағын төрге шығарып, шырайлы жүзімен, құнарлы дәмімен бәйек болды. Қазіргі күнде де нұр дидарымен, мақпал күлкісімен өзі сияқты өмірлік қосағын жалау еткен апа-жеңгелерімізбен бірге ұрпақ қызығын көруде.

Таяу күндерде Қайраты «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 30 жыл»  мерекелік медалімен және «Ақтөбе облысына сіңірген еңбегі үшін» атағымен, Асқары облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің Алғыс хатымен марапатталды.

Қауым елдің арқа сүйер азаматы Әліби ағаның тірліктегі соңғы сапары Қарабұтақта түйінделуі де Алланың бұйырмысындай қабылданды. Ежелгі мекенде Қазақстанның құрметті журналисі, Әйтеке би ауданының құрметті азаматы Нысаналы Жаңбырбаевтың дүниеден озғанына бес жыл толуына орай марқұмның  балалары ұйымдастырған аста тоқайластық.

Киім ілетін бөлмеде Әлекең маған: «Жанғабыл айналайын, ауырыңқырап жүрсем де Нысағаның аруағын сыйлап келдім. Жаңа ғана үйіне кіріп шықтым, Мешітте дұға оқыттым», — деді.

Асты жүргізуші бастапқы сөзді Әлекеңе ұсынды. Қолында микрофон, мағыналы әңгімесімен жиналғандарды ұйытып келе жатыр еді, бір мезет жайымен төменшіктей берді де өмірімен қоштасып жүре берді. «Жедел жәрдем» іркілмей жетті, дәрігер ініміз Сәкен Нұржанов барынша қызметін көрсеткенмен қайран болмады.

Кейін Зоя апамның айтқаны бар:

— Қарабұтақтағы сол сапарына үйден көлікпен шығып кеткеніне екі сағаттан асты-ау деймін, ұялы телефоным  шыр ете қалды. Әлекең. Абдырап қалдым. «Зоя, сенің дауысыңды естігім келді» дейді. Басқа ештеңе айтпады…

Тірліктегі үндестік, ішкі ұғынысу деген осы болар, бәлкім…

Жанғабыл ҚАБАҚБАЕВ,

Қазақстанның құрметті 

журналисі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button