Пікір

Келеңсіз жағдай бәрімізге сын

Амангелді АЙТАЛЫ, философия ғылымдарының

докторы, профессор. Ақтөбе қаласы.

Соңғы күннің оқиғалары — қарнымыздың ашқандығы мен қадіріміздің қашқандығының көрінісі. Сонымен бірге осы жағдайды пайдаланған тобырдың күш алуы деп баға беремін. Философия ғылымында қоғамның екі түрлі даму бағыты болады делінеді. Біріншісі, функционалды даму бағыты, екіншісі, конфликтологиялық даму жолы.

Функционализм — мемлекеттік органдардың бір-бірімен үйлесімді түрде дамуы, қоғам тұрақтылығының сақталуы. Ал конфликтология жолында мемлекеттің дамуы әртүрлі дау-жанжалдармен байланысты болады. Мемлекетіміз 30 жыл бойы татулық, келісім бағытында дамып келді. Біз тіпті елімізде осындай дау-дамай болады деп ойламадық. Бірақ философтардың айтуынша, осы мамыражай жағдайда, тыныштықта көзге көрінбейтін кемшіліктер жинала келіп, бір сәтте бұрқ ете түседі. Еліміз тыныштықта дамиды деген мемлекеттер мұндай жағдайға әдетте дайын болмайды. Міне, бізден де күтпеген жерден дау шықты. Мұның арғы себебі мемлекетіміздің өз ішінде жатыр. Мәселен, Кеңес өкіметінің тұсында бүкіл пәлені америкалық империализмнен көрдік. Бірақ Кеңес өкіметінің ыдырауына оның ішкі қайшылықтары себеп болды.

Соңғы күннің оқиғаларын сараптай келе байқағаным, еліміздегі осы жанжалдың түпкі себебін сырттан көргісі келетіндер де, иә болмаса, бір топ адамдардан көргісі келетіндер де бар. Рас, бұл факторлар бар. Бірақ бұл негізгі мәселе емес. Елімізде туған жанжалдардың түпкі себебі — халықтың тұрмыс-жағдайының төмендеуі мен әлеуметтік саясатты ақсатып алғанымызда.

Соңғы жылдары белгілі бір бағдарламаларға мән беріп, елімізді жарқын болашақ күтіп тұрғандай халықты сендіріп келдік. Тәуелсіздіктің алғашқы жылдары жақсы-жаман келер, қарнымыздың ашқанын ойламайық, ұлтымыздың қадірін асырайық деп біраз шыдадық. 1990 жылдардың аяғында елдің жағдайы қазіргіден де төмен болды. Сонда да халқымыз шыдады, көшеге шықпады, даурықпады. Себебі халықта сенім болды. Рас, Қазақстан халқы тәуелсіздіктің жемісін көрді, жағдайымыз дұрысталды. Дегенмен табиғи байлығы зор елде тұрмысымыз неге төмен болады деген сұрақ көбейді. Ақпараттық заманда қазақстандықтар өздерінің жағдайын басқа елдермен салыстырады. Салыстыра келе неше түрлі пікір туады. Бірте-бірте халықтың ішінде өкпе, билікке деген сын жиналды. Кешегі бұрқ еткен жанжал халықтың сыртқа шыққан өкпе-назы десе болады. Халықты үнемі идеялармен асырай беруге болмайды. Мәселен, озық 50 мемлекеттің қатарына қосыламыз дедік, ал қосылайық. Бірақ баспасөзде алдыңғы елулікке енген мемлекеттер табысқа қандай жолдармен жетті деген мәселе айтылмады. Одан бұрын 30 елдің қатарына қосыламыз деген ұран болды. Сол кезде 30 ел туралы әдебиеттен көп іздедім. Айта кету керек, осы 30 елдің 27-сі — Еуропа, ал 3-еуі — Азия елдері. Соның бірі — Малайзия мемлекеті. Осы Малайзияның қатарына қалай жетеміз деген сұрақ ашық қойылған жоқ. Халыққа ашық әңгіме айтылмады. Ұрандатып жүргенімізде әлеуметтік жағдайымыз біраз әлсіреді.

Кешегі Үкімет жиынында Президент Қасым-Жомарт Тоқаев елдегі қордаланған экономикалық-әлеуметтік мәселелер туралы ашып айтты. Мәселе тек газда ғана емес екен, басқа да күрмеуі көп шаруалар жеткілікті. Осы мәселелерді дереу шешу керек.

Әлемдегі аумағы жөнінен тоғызыншы елміз. Ал халқымыздың тұрмыс жағдайы, жолдарымыздың сапасы, мектептердің жағдайы, тіпті балаларымыздың білім деңгейі қандай? Біз осы мәселелерге сыни көзбен қарадық па? Білім саласында жұмыс істеген соң Қазақстандағы білім деңгейін басқа елдермен салыстырып қараймын. Біз қазір әлемде білім саласы бойынша 30 елді былай қойғанда, 50 елдің де қатарында емеспіз, 57-ші орындамыз. Бұл — үлкен мәселе. Еліміздің Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев сын көзқарастарға түсіністікпен қарайды деп ойлаймын.

Екінші мәселе — еліміздегі демократия, сөз бостандығы, сайлау жөнінде. Өткен жылдың басында партиялық тізіммен Парламент, мәслихаттар сайлауы өтті. Ал партиялық тізімдегі адамдар, яғни партия мүшелері халқымыздың 10-11 пайызы ғана. Қалған 90 пайызға жуық азаматтарымыз партияда жоқ. Парламентке, мәслихаттарға депутаттар партиялық тізіммен сайланатын болғандықтан көптеген азамат сайлауға қатыса алмады. Содан іштей өкпе-реніш туындады. Бұл да халықтың намысына тиетін жағдай болды. Біз алдағы уақытта осы мәселелерді орнына қоюға тиіспіз.

Халықтың өкпе-ренішіне келгенде тағы бір мысал айтайын. Жақында халықпен ақылдаспай, Атом электр стансасын салатын болдық, оны жариялап та қойдық, Атом стансасы Балқашта салынады дедік. Оны Ресей мамандары салады дегенді естідік. Халық АЭС-ті Ресей салатын болса, онда Ресейге тәуелді боламыз деген қорқынышты ойға тірелді. Тәуелді болатын себебіміз, елімізде АЭС-те жұмыс істейтін мамандар жоқ, Ресей мамандары келеді. Бұл — бір. Осыдан кейін біз неге жан-жағымызға қарамаймыз деген ой келеді. АЭС салуға бекінген Болгария жеме-жемге келгенде бас тартты, Германия 3 АЭС-тен бас тартып жатыр. Біз АЭС-тан қуатты тегін аламыз деп халыққа айтып жатырмыз ғой, бірақ бұл қалай тегін болады, Франция АЭС-қа субсидия беріп отырмыз деп мәлімдеген жоқ па?! Неге біз осы мәселелерді зерделемейміз? Неге қыруар қаржыны халықтың аузынан жырып жұмсауға әуеспіз? Ел бюджеті Қазақстанның әрбір тұрғынының қаржысынан құралады. Біздің кейбір экономистер АЭС салар болсақ, қанша қарызға бататынымызды есептеп қойған. Меніңше, бұл — ақылға сыймайтын нәрсе.

Қараңызшы, 2017 жылы ЭКСПО-ны өткіздік. Оның нәтижесінде біз «жасыл» технологиямен дамитын болдық. Енді келіп, жоқ, «жасыл» технология емес, АЭС саламыз дейміз, бұл жерде қисын қайда?! Халыққа басқаша айттық, енді іс жүзінде тағы да басқаша болып жатыр. ЭКСПО-ны өткізу бізге қанша шығынға шықты, оның да қорытындысын халыққа жариялаған жоқпыз. Алдағы уақытта кез келген мәселеде елдік шаруаны халықпен ақылдасып шешу керек. Ақылдаспағанның кесірінен кешегі жанжалға ұрындық. Өкінішке қарай, адал ниетпен көшеге шыққан, қарны ашып, қадірі қашқан азаматтарымыздың алдын арам ниетті қарақшылар тобыры иеленіп кетті. Сұмдығы сол елімізде тәртіп орната алмайтындай жағдайға келдік. Әскеріміз де әлсіз екен. Бұл өте ойланатын тұсымыз. Кейде осындай келеңсіз жағдайлар шын жағдайымызды көрсетеді, осал тұстарымызды ашып берді. Елімізде халыққа сөзі өтетін партия жоқ екен. Беделді тұлғаларымыз да көрінбей қалды. Дегенмен біздің қазақ қандай қиындық болсын, барлығына сабырмен, төзіммен қараған халық қой. Мына дүниеде атам заманнан атом заманына дейін мемлекеттің бәрі бай болмаған, дүние алма-кезек дегендей, кедей бай да болған, бай кедейге айналған. Әділдік болған жерде кедей өз еңбегімен байға айналады, бай кедейге айнала береді. Қоғамның әлеуметтік баспалдағында біреулер көтеріліп, енді біреулері төменге сырғиды. Біз де осы жағдайға бірте-бірте келе жатқан сияқтымыз.

Қазіргі кезде елімізге тыныштық, азаматтарға сабырлық керек деп ойлаймын. Қазақстанның әрбір азаматы еліміздің бүгінгі жағдайын терең зерделеп, ертеңіне сауатты жоспарлар құрғаны жөн. Халқымыздың өмірі еш заманда да оңай болмады. Болмайды да. Сондықтан да дәл осы кезде көшеде жүрген жастарымыздың жүрісіне тыйым салуды ата-аналары, ағалары, жақын туыстары ойластырғаны жөн.

Тағы бір айта кететінім, қазіргі уақытта елімізде ресми дерек бойынша 500 мыңға жуық жұмыссыз бар. Бұл жерде уақытша табысынан айырылғандарды, сырттан келіп жұмыс істеп жатқан мигранттарды қоспай отырмын. Бұл азаматтардың да өкпе-назы көп. Психологиялық тұрғыдан әлеуметтік өш алу сипаты басым деп айтуға болады. Егер де әр азаматтың дені сау, тұрақты табысы болса, баспанасы, көлігі болса, балалары білім алып жатса, онда ол көшеге шықпайды. Бұл анық нәрсе. Сөзімді түйіндей келе, халықтың әлеуметтік мәселелерін шешу ел азаматтарының бірінші кезектегі мәселесіне айналуы қажет деп ойлаймын.

«Егемен Қазақстан» газеті,

10 қаңтар 2022 жыл.

Басқа жаңалықтар

Back to top button