Ауыл

Үш ауылдың қуанышы

Шалқар ауданындағы Аяққұм мен Жылтыр ауылының тұрғындары жаңа жылды игілікті істерге қол жеткізумен бастады.

Аудан орталығынан 170 шақырым жердегі Аяққұм ауылында осы кезге дейін ауызсу, ұялы байланыс игілігін көру үлкен мәселе болып келген еді.

Өткен жылдың аяғында аудан әкімінің қолдауымен, осы ауылдың перзенті, кәсіпкер Сүйін Жолдасовтың атсалысуымен ауыл іргесінен су ұңғымасы қазылып, 100 метр тереңдіктен ішуге жарамды тіршілік нәрі шықты. Жергілікті бюджет есебінен оған су тазартқыш қондырғысы орнатылып, қазір халық игілігін көре бастады. Сондай-ақ жергілікті бюджет есебінен 32 метр биіктікті алатын мұнара орнатылып, Beeline байланысы қондырылды. Қазір төте жолдардан бір бүйірлеу жатқан Аяққұмда, округ орталығы Бозойда да байланыс сапалы жұмыс істейді. Тұрғындар 3G-мен әлеуметтік желіге еркін қол жеткізіп отыр.

— Ауылымызды ауызсу мен байланыс мәселесі алаңдатып келген еді. Бұл әсіресе жастарға қиын тиді. Міне, ел азаматтарының қолдауымен мұның да оң шешіміне куә болып отырғанымызға қуаныштымыз. Елді мекендерге осылай жағдайлар жасалса, жастар да онда тұрақтап, іргесі нығая берер еді, — дейді Аяққұм ауылының тұрғыны Аманжол Аязбаев ақсақал.

Шалқар ауылдық округінің орталығында 40 адамды қабылдауға арналған Жылтыр дәрігерлік амбулаториясы ашылды. Шағын ауылға ажар қосқан еңселі ғимаратта 4 кереуеттік күндізгі стационар, стоматологиялық, фтизотерапиялық ем кабинеттері, дәрігерге дейінгі, дәрігердің қабылдауы, т.б. қажетті бөлмелері бар. Ауылдағы 90 жастағы қария Жұмабай Жансүгіров емделушіге жайлы, талапқа сай амбулаторияның салынғанына дән риза. Ол ауылдастарының атынан ризашылығын айтып, осы іске мұрындық болғандарға батасын берді.

Ел игілігіне ортақ осындай істердің басы-қасында болып, ауыл тұрғындарының қуанышын бөліскен аудан әкімі Жанболат Жидеханов:

Қазір шалғайдағы мекендердің келешегін кемелдендіру үшін нақты міндеттер жүктеліп, жүйелі қадамдар жасалуда. Сондықтан туған жерінен жырақтамай, ата кәсіпті дамытуға шақырамын, — деді.

Ауданда «Ауыл — ел бесігі» жобасы аясында жоспарланған жұмыстар көп. Былтыр осы жоба аясында Бегімбет ауылындағы бір көшенің жолына орташа жөндеу жұмыстары жүргізілді. Алдағы уақытта ауылішілік, кіреберіс жолдарды жөндеу көзделіп отыр.

Мұхтар МЫРЗАЛИН,

Шалқар ауданы.

Басқа жаңалықтар

Back to top button