Жаңалықтар

Аудандарда жағдай тұрақты

Алға

Алға ауданында ахуал қалыпты. Аудан аумағында блок-бекеттер жоқ.

Ел бойынша халыққа қызмет көрсету орталықтары жұмыс жасамаған кезде Алға қаласында да аталған мекеме уақытша жабық болды. Басқа мекемелердің бәрі штаттық режимде жұмыс жасады. Тек қаңтардың 6-сы күні ғана балабақшалар түскі 13.00-ге дейін жұмыс істеді, — дейді Алға аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Бекжан Аппазов.

Оның айтуынша, банкоматтар да қалыпты жағдайда жұмыс істеген, ақша алу үшін ұзын-сонар кезек болмаған. Базар, дүкендерде азық-түлік жеткілікті. Баға аудан әкімінің бақылауында тұр.

Елімізде төтенше жағдай жарияланғаннан бері аудандық әкімдік қызметкерлері мейрамхана, дәмхана, азық-түлік дүкендері секілді кәсіпкерлік нысандарын аралап, кәсіпкерлерге коменданттық сағат талабын түсіндіріп жатырмыз. Мейрамхана иелері алдын ала қабылданған тапсырыстарынан бас тартып, тапсырыс берушілердің ақшасын қайтарып беруде.

Беймезгіл уақытта қала көшелерінде жүрген тұрғындар жоқ. Аудан халқы талап пен тәртіпті жақсы біледі, — дейді Бекжан Аппазов.

Ауданда сұйытылған газ бағасының литрі 50 теңгеден сатылып жатыр. Жанармай қоры жеткілікті.

Әйтеке би

Әйтеке би ауданында да қоғамдық-саяси ахуал тұрақты. Атқарушы биліктен білгеніміздей, мұнда мемлекеттік төлемақы алу жағынан ешқандай мәселе жоқ.

— Аудан аумағында 1 блок-бекет бар. Ол Қостанай облысымен шектесетін аумаққа қойылды. Бәрі қауіпсіздік қызметкерлерінің күні-түні бақылауында, тәртіп бұзушылық тіркелген жоқ.

Зейнетақы, жалақы, басқа да төлемдер өз ретімен беріліп жатыр. Банктер, пошта қызметі талапқа сәйкес жұмыс істеп тұр, — дейді Әйтеке би ауданы әкімінің орынбасары Нұрбол Нажмадинов.

Байғанин

— Шалғайдағы Байғанин ауданында жағдай тұрақты, ешбір мекеме жұмысын тоқтатқан жоқ. Базар, сауда үйлері, қызмет көрсету орталықтары қалыпты жағдайда жұмыс жасауда, — деді аудан әкімі Қайрат Отаров.

Елдегі төтенше жағдайға байланысты халық қауіпсіздігі үшін аудан орталығынан Ақтөбе бағытындағы жолға блок-бекет қойылған. Мұнда күндізгі уақытта көліктердің нөмірі тіркеліп, жолаушылардың құжаттары тексеріледі. Ал коменданттық сағат талабына байланысты түнгі 23.00-ден таңғы 7.00-ге дейін  барлық бағытқа жол жабық.

Қарауылкелдінің өзінен тура шығатын жолаушылар пойызы жоқ. Елдегі жағдайға байланысты сол күндері аудан аумағы арқылы пойыздар өткен жоқ. Қазір мәселе шешіліп, Қарауылкелді арқылы Ақтөбе, Атырау, Ақтауға қатынайтын жолаушылар пойызы өз бағыттары бойынша жүйткуде, — дейді аудан басшысы.

Қарғалы

Мемлекеттік мекемелер, халыққа қызмет көрсету орталығы, кәсіпкерлік нысандары мен банктер, «Қазпошта» АҚ аудандық филиалы штаттық режимде жұмыс жасап тұр.

Аудандық ішкі саясат басқармасының басшысы Санжар Жайлыбайдың айтуынша, аудан аумағына блок-бекеттер қойылмаған.

Қобда

Қобда ауданында сұйытылған газдың бағасы 50 теңгеден сатылып жатыр. Аудан орталығында 4 газ құю бекеті жұмыс істейді. Аудан Самара-Шымкент республикалық жолдың бойында орналасқандықтан көлік қозғалысы көп. Әсіресе жүк көліктері күндіз-түні тоқтамайды. Соған қарамастан, жанар-жағармай бекеттерінде бензин мен дизель отыны жеткілікті. Барлығы 4 жанар-жағармай бекеті үздіксіз жұмыс істеп тұр. Онда АИ-92 бензиннің 1 литрі — 172 теңге.

Ал азық-түлік қоры жөнінен алаңдамауға болады. Аудан бойынша 60 азық-түлік дүкені болса, оның 38-і аудан орталығында орналасқан. Дәмханалардың, 3 ірі кемпингтің қызметі тоқтаған жоқ. Аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Арман Қабыловтың айтуынша, ішкі жағдай тұрақты. Барлық мекеме қалыпты жұмыс істеп жатыр. Жаппай шеру кезінде қобдалықтар бірде-бір құқықбұзушылық немесе қылмыстық әрекетке бармаған. Коменданттық сағат режимін бұзғандар да жоқ.  Ауданда 1 блок-бекет қойылған. Облыс орталығымен қатынас қалыпты жағдайда.

Мәртөк

Мәртөк ауданында да елдегі қалыптасқан соңғы ахуал бойынша қауіпсіздік шаралары қолға алынған. Халық арасында жан-жақты түсіндіру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

— Бүгінде ауданда ахуал тұрақты. Жаппай алаңға жиналғандар болған жоқ. Халық арасында арандатушылыққа жол берілмей, жалған ақпарат таратуға тыйым салынғаны белгілі. Осы тұрғыда түсіндіру жұмыстары жалғасуда. Комменданттық сағат кезінде тәртіп бұзғандар тіркелмеді.

Дүйсенбіден бастап банктер мен «Қазпошта» бөлімшелері тұрақты түрде жұмысын жалғастыруда. Әлеуметтік маңызы бар азық-түлік тауарларының бағасы да бақылауда. Аудан орталығында газдың бір литрі — 50 теңге, — дейді аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Айгүл Отаралина.

Мұғалжар

Төтенше жағдай кезінде аудан тұрғындарының қауіпсіздігі үшін Қандыағаш қаласынан облыс орталығына шығатын жолға да блок-бекет қойылды. Бұл туралы аудандық ішкі саясат бөлімінің басшысы Ерік Бұхарбаев айтты:

— Қазір ауданда сұйытылған газ құюға арналған 15 бекет жұмыс істеп тұр. Аудан орталығында газдың бір литрі 50 теңгеден сатылып жатыр. Супермаркеттер мен азық-түлік дүкендері, дәріханалар тұрақты жасап тұр. Төтенше жағдай режиміне байланысты жұмыс уақытына шектеулер бар, — дейді Ерік Бұхарбаев.

Сондай-ақҚандыағаш қаласының теміржол вокзалының жұмысы толықтай қалыпқа келді. Жолаушылар пойызыкестебойыншажүріпжатыр.

Ойыл

Ойыл ауданы бойынша жағдай қалыпты. Төтенше жағдайға байланысты азық-түлік бағасының негізсіз өсімі байқалмады. Дүкендер кедергісіз жұмыс істеуде. Аудан орталығында 2 ірі азық-түлік дүкенінде 1 айлық қор бар.

Қазіргі таңда аудан орталығында 3 газ құю бекеті бар. Онда сұйытылған газдың литрі  55 теңгеден сатылып жатыр. Ал 2 жанар-жағармай бекетінде АИ-92 маркалы бензиннің бағасы182 теңгеге тұрақтады, — дейді аудан әкімінің орынбасары Саян Сүлейменов.

Аудандық ауылшаруашылық және кәсіпкерлік бөлімінің міндетін уақытша атқарушы Ақмарал Есбатырованың айтуынша, ауданда азық-түлік сататын ірілі-ұсақты 60 дүкен жұмыс істейді. Күн сайын мониторингтік топ баға өсімін бақылап отырады. Бүгінгі күні жергілікті кәсіпкерлер облыс орталығынан тауарды бұрынғысынша үздіксіз тасып жатыр.

Аудан орталығының кіреберісіне блок-бекет қойылды. Тәртіп сақшылары кірген-шыққан көліктерді тексеріп, жағдайды бақылауда ұстап тұр.

Темір

Мемлекет басшысы тарапынан қабылданып жатқан шаралар туралы аудан тұрғындарына түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, хабардар еттік. Соның нәтижесінде халық арасында тыныштық орнады. Мұнай және өндірістік компаниялардың жұмысшылары да өз жұмыстарын атқаруда, — дейді Темір ауданының әкімі Саламат Аманбаев.

Оның айтуынша, қазіргі таңда ауданда жағдай тұрақты, ел-жұрт тыныш. Барлық  мекемелер қалыпты жұмыс істеп жатыр. Кәсіпкерлік нысандары да солай. Азық-түлік, дәрі-дәрмек қоры жағынан да қиындық жоқ.

— Аудан аумағында 8 газ құю бекеті бар. Онда газ Үкімет белгілеген баға бойынша, яғни 50 теңгеден сатылуда, — дейді аудан әкімі.

Хромтау

Бүгінгі таңда Хромтау ауданында қоғамдық-саяси ахуал тұрақты. Барлық мекемелер қалыпты режимде жұмыс істеп тұр.

— Хромтаулық жұмысшылар жалақыларын көтеру туралы талап қойды. Аудан әкімі Азамат Бекет бастамашыл топпен кездесу өткізіп, тұрғындардың талап-тілектері тыңдады. Атап айтсақ, металлургтер техникалық талаптары мен нормативтер орындау барысындағы қиындықтарын, медицина қызметінің сапасын, жалақының төмендігін атап өтті. Кездесуге «Қазхром» компаниясының президенті Арман Есенжолов қатысып, бірқатар әлеуметтік мәселелердің оң шешілетінін айтты. Нәтижесінде Дөң тау-кен байыту комбинатының жұмысшылары мен қызметкерлерінің жалақысынкөбейту туралы шешім қабылданды. Осындай жағдай Көктау қаласында да болды. Ақтөбе мыс компаниясы жұмысшылары да осындай талап-тілектерін айтып, аудан әкімі ол жердегі компания басшылығымен де келіссөздер жүргізіп, жалақы жағдайы дәл осындай тәртіппен көтерілді. Сондай-ақ, Ақтөбе мыс компаниясының басшылығы Көктау ауылын ауызсумен қамтамасыз етуге, көше тазалығын сақтауға көмектесетіндерін жеткізді. Жалпы, Хромтау ауданында осы күндердетәртіпсіздіктер болмады, кәсіпкерлік нысандарына ешқандай зиян келтірілген жоқ, — дейді Хромтау ауданы әкімінің орынбасары Мадияр Қабыл.

Бұл күні Бөгетсай ауылындағы Мәдениет үйіне де ауылдың 20-ға жуық тұрғыны жиналды. Мұнда бөгетсайлықтар жаңаөзендіктерге үн қосатындарын, сондай-ақ, елдегі қымбатшылыққа қатысты ойларын айтты. Жиналған топқа аудан әкімінің орынбасары Мадияр Қабыл барып, елдегі болған жағдайға қатысты бірқатар шаралар қабылданып жатқанын айтқаннан кейін,тұрғындар түсіністік танытып, тарады.

Шалқар

Еліміздегі қайғылы жағдайларды Шалқар жұртшылығы да зор күйзеліспен қабылдауда. Бәрінің де басты тілегі — елдің тыныштығы, тәуелсіздігіміздің тұғырлы болуы. Аудан орталығында бір топ тұрғылықты азаматтар өз талап-тілектерін билік өкілдеріне жеткізген болатын.

— Тұрғындар жаппай қымбатшылықтың дендеуі, азық-түлік бағасының тұрақсыздығы хақында өз ойларын ортаға салды.  Олардың талабын тыңдауға аудан әкімі Жанболат Жидеханов бастаған жергілікті билік өкілдері арнайы келіп, пікірлесіп өзара ымыраға келді.   

Қазір Шалқар қаласында ахуал тұрақты, халыққа қызмет көрсететін барлық жұмыс орындары күнделікті жұмысын жалғастыруда. Блок-бекеттер қойылған жоқ, пойыздар жүріп жатыр. Қоғамдық тәртіп тиісті органдардың жіті бақылауында, — дейді Шалқар қаласының әкімі Тұрлан Төлегенов.

Кеше жалпыұлттық аза тұту күніне орай ауданымыздағы Мемлекеттік Тулар төмен түсірілді.

Ырғыз

Жалпыұлттық аза тұту күніне орай аудандағы барлық мекемелерде Мемлекеттік Ту түсіріліп, аудан тұрғындары Мемлекет басшысының Үндеуіне қолдау білдіруде.

Қазіргі таңда Самара-Шымкент автокөлік жолының Ырғыз ауданына кіреберіс тұсына блок-бекет қойылып, көліктер жіті тексерілуде. Төтенше жағдай кезінде аудан аумағында тәртіпсіздік болған жоқ.

 

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button