Әлеумет

Әкім есебі

Жарыссөз немесе жұртшылық пікірі

Диханбай Ержанов, Әйтеке би аудандық ардагерлер кеңесінің төрағасы:

— Біз осы үлкен жиынға шалғай ауданнан келіп отырған соң облыс әкімінің есебіндегі көп жайлардың түпкі мәніне терең көңіл қойып тыңдадым. Облысымызда атқарылып жатқан жақсы істерді негізінен бұқаралық ақпарат құралдары арқылы біліп отырамыз. Сонда байқағаным — әлеуметтік саланың, оның ішінде білім беру, денсаулық сақтау мекемелерінің жай-күйлері жыл сайын жақсарып келе жатқандығы. Дені сау ұрпақ, білімді жас келешегімізді көркейтеді. Ал осы мәселе басшыларымызды қазірден ойландырғаны бізді қанағат сезіміне бөлейді.

Елбасының биылғы Жолдауынан ауыл шаруашылығын дамытуға ерекше бетбұрыс болатынын сезінгендейміз. Ал біздің облысымыздың басшысының елге ықыласының бөлек екендігін біз бұрыннан жақсы сезінеміз. Басқасын айтпағанның өзінде, соңғы кезде ғана біздің ауданымызда төрт мектеп салынып, бірқатары күрделі жөндеуден өткізілді.

Ауданымызда мыс өндіретін комбинат жұмыс істей бастамақшы. Ауылдарымыздың үстімен Астанаға қатынайтын теміржол тартылды.

Біз облыс әкімінің атқарып жатқан істеріне, берген есебіне ырзамыз, алда да көп тірліктің бастауында жүре беруіне тілекшіміз.

Равиль Туюшов, Шалқар қаласындағы №5 орта мектептің директоры:

— «Болашақтың іргесін бірге қалаймыз!» — бұл бүгінгі күннің ұраны іспетті. Елбасымыз Жолдау арқылы болашақ негізін тиянақты біліммен байланыстырды. Қазіргі жағдайға қарайтын болсақ, терең білімді ауылдық жерден де алуға болады.

Өткен жылы біздің мектепті отыз сегіз түлек бітірсе, оның тең жартысы грант бойынша жоғары оқу орнына түсті. Бұл жаман көрсеткіш емес қой деп ойлаймын.

Біздер, педагогтар, облыс басшысының қамқорлығын жақсы сезінудеміз. Көптеген үздік ұстаздар, өз кәсібінің шеберлері сіздің қолыңыздан жыл сайын қомақты қаржылай сыйлыққа ие болады.

Былтыр «Ауылдың гүлденуі — Қазақстанның гүлденуі» атты шара қорытындысы бойынша мектебімізге жеңіл автокөлік берілді. Өзіңіз мектебімізде болып, жылы лебізіңізді білдірдіңіз, соған қанаттанып қалдық.

Лидия Қуантаева, дәрігер:

— Денсаулық сақтау қызметіне қай кезде де жоғары талап қойылады. Өйткені, адамдардың амандығын қорғаудан артық ұлы міндет болмаса керек.

Мен осы бағытта облысымызда көптеген өркенді істер атқарылып жатқандығын айтқым келеді. Соңғы жылдары ғана бірнеше емханалар бой түзеп, заман талабына сай жабдықтар жеткізілуде. Сонымен бірге дәрігерлер арасындағы «Шапағат» кәсіби конкурсы менің әріптестерімді қанаттандыратын, қолдайтын шараға айналды.

Жоғары оқу орындарын бітірген жас мамандар еңбек жолдарын ауылдық жерден бастаса, еш өкінбейді деп ойлаймын. Бұл ретте аудан басшылары оларға қамқорлық жасап, емдеу орындарын талапқа сай жарақтандыруға көмектессе деген ұсыныс-тілегім бар.

Светлана Зоркина, «Южпромснаб» ЖШС бас директоры:

Елбасымыз халыққа арнаған биылғы Жолдауында: «Егер жақсырақ, дәулеттірек өмір сүргіміз келсе, біз осы жұмысты ат­қаруға тиіспіз. Мен бизнес қуатты болса, мемлекет те қуатты деген қағидатты жақ­тау­шымын»-деген сөзді айтты. Бұл тұжырым біздерге ұнады. Мен ойымды қазір кәсіпкерлер атынан білдіріп тұрмын. Бұл ретте біздің облысымызда кәсіпкерліктің ілгері басуына қолайлы жағдайлар жасалған деуге болады.

Ең алдымен айтарым, жұмыс істеймін, бір істі қолға аламын деушілер үшін өңірімізде қаншама мүмкіндіктер бар десеңізші. Мен басқаратын ұжымда қазір үш жүзден астам адам еңбек етеді. Кәсіпорында уақыт талабына сай, сұранысты қанағаттандыратын құрылыс бұйымдарын дайындаймыз.

Біздің қазіргі мақсатымыз — өндірісті ұлғайту, жұмыс аясын кеңейту. Сол арқылы облыс экономикасын дамытуға үлес қосқымыз келеді.

Келдібай Еспағамбетов, ҚР қоғамдық келісім және бейбітшілік қоры облыстық филиалының төрағасы:

— Өткен жылы еліміздің өмірінде көптеген тарихи тағылымы мол оқиғалар орын алды. Олардың қатарында дүние жүзі елдерінің жетекшілерінің басын қосқан Астана Саммиті, басқалай да ірі шараларды атар едік. Қазақ елі сондай рухани биіктерге көтеріліп жатқан тұста Ақтөбе облысының оған қосып жатқан үлесі аз еместігі көңіл қуантады.

Облыс әкімінің есебінен көптеген қайтарымды істердің жүзеге асқанын көріп отырмыз. Жұмыссыздықтың жылма-жыл азаюы, жастар тәрбиесіне көбірек мән берілуі, кең ауқымдағы патриоттық ұмтылыстар — осының бәрі келешегіміздің кемелділігіне бастайтын жолдар.

Мені қай кезден де ауыл жайы толғантады. Ауыл шаруашылығы саласы бүгінгі күні кең көлемдегі мемлекеттік қолдауға зәру. Бұл тұрғыда биылғы Жолдауда да сөз қозғалды. Біз кеңестік заманда өз жерімізде тонналап ет-май, сүт өндірілгенімен дүкендерден ол өнімдерді таба алмайтынбыз. Енді сол ауыл шаруашылығы өнімдерін өндіретін кәсіпорындар, өңдеуші орындар көптеп ашылса екен деймін.

Негізінде ауылдардың ахуалы — ауыл әкіміне тікелей байланысты. Сондықтан көп мәселені жергілікті билік органдары жетекшілерін сұраған дұрыс деп ойлаймын.

Облыс әкімінің басқа шаруалармен қатар көгалдандыру жұмыстарын жандандыру туралы пікірін мен де қолдаймын. Өз басым биыл 500 түп ағаш отырғызу арқылы осы іске үлес қоспақшымын.

Ольга Ганина, Ақтөбе көлік, коммуникация және жаңа технология колледжінің студенті:

— Өткен жылы ұйымдастырылған «Ауылдың гүлденуі — Қазақстанның гүлденуі» атты марафон-эстафета көптеген жастар секілді менің өмірімде де үлкен із қалдырды. Ең бастысы, біз дербес еңбек ету, өз маңдай терімізбен тапқан адал ақымызды игілігімізге жұмсау, туған өлке қадірін түсіну, оны аялап, күте білу сезімдерін бойымызға сіңірдік.

Біздің колледж бойынша бір мыңнан астам жастар аталған шараға қатысты. Ақтөбе қаласы маңын, өзен бойын қоқыстардан тазартып, жасыл желек отырғызған менің жолдастарым кейін табиғат аясына демалысқа шыққан сәттерінде жүрген жерлеріне із қалдырған жоқ. Демек, біз осы шара арқылы табиғатты таза ұстауды үйрене бастадық. Осындай қамқорлығы үшін мен өз достарым атынан облыс әкімі Елеусін Наурызбайұлына алғысымды айтамын.

Мен үшін ерекше бір жәйт, марафон-эстафета қорытындысы бойынша Елбасымыздың өз қолынан жеңіл автокөліктің кілтін алғаным. Әйтеке би ауданынан шыққан маған Мемлекет басшысымен тілдесу, оның бізді өсірген ата-анамызға алғыс сезімін білдіруі көңілімді толқытты.

Ең бастысы, Нұрсұлтан Назарбаев ақтөбеліктердің бастамасын қолдады, биылдан бастап аталған шараның республика көлемінде қанат жаятыны — біздер үшін мақтаныш.

Ізімғали Көбенов, «Невада-Семей» қозғалысы аймақтық филиалының төрағасы:

— Облысымызда рухани игіліктерді түгендеу, кейінгі жас буынға үлгі ету мақсатындағы жұмыстардың жүйелі түрде жалғасып келе жатқаны қуантады. Былтырғы әңгімеде Бөкенбай батырдың өмірін зерттеп-зерделеу, ұлықтау мәселесі қозғалған еді. Ол толығымен орындалды деуге болады. Өйткені, шамалы уақыт ішінде ғылыми-зерттеу жұмыстары жинақталды, танымдық шара өткізілді. Облыс әкімінің мұндай рухани түлеуге себепші болған, қолдау көрсеткен мысалдары аз емес.

Жақында ғана облыс басшысы өңірдегі партия, қоғамдық қозғалыстар жетекшілермен кездесіп, арамызда ашық әңгіме өрбіді. Біз ел болашағына қатысты іс-шараларды жүзеге асыруда ортақ пікірге келдік.

Жақсы істер жалғасады

… Облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың есебіне қатысты жиында сөз алғандар жыл ішінде өңірде көптеген игілікті істер жүзеге асқандығын тілге тиек етті. Есепті кездесуге қатысқан ҚР Парламент Сенатының депутаты Иран Әміров сөз сөйледі.

Иран Әмірұлы Ақтөбе облысының республикада сенімді түрде көш басында келе жатқанын атап өтті. Ол сонымен бірге, экономиканың тұрақты түрде дамуы, интеллектуалдық әлеуеттің күшейе түсуі осы өңірге тән екендігіне тоқталды. Сондай-ақ әлеуметтік мәселелердің бірізділікпен шешімін табуы да халық қажеттіліктерін өтеуге жол ашқандығын айтты.

«Шындығын айтқанда бұл бір күннің немесе бір жылдың атқарылған шаруасының нәтижесі емес,— деді депутат, — ол тұрақты атқарылған, бірнеше жыл бойы жалғасын тапқан, кеңінен ойластырылған ауқымды жобалардың жүзеге асуы. Осы істің басында біраз уақыттан бері білікті басшы Елеусін Наурызбайұлының жүргендігі сүйінішті».

Есеп беру кездесуі мәжілісін жүргізіп отырған облыстық мәслихаттың хатшысы Балғали Ордабаев бұрынғы Ұстаздар үйі деп аталатын ғимараттың ерекше күмбезді, зәулім етіп салынған жаңа бөлігінде мұндай алқалы жиын өтуін, оған облыстың бүкіл аумағынан өкілдер қатысып отырғанын жақсылыққа балады. Осы арада ол Ржев қаласындағы ерлік ескерткішін орнатуға белсене қатысқаны және бастамашы болған үшін облыс әкімі Елеусін Сағындықов пен жоба сәулеткері Болат Егімбаевқа ҚР Мемлекеттік хатшысы – Сыртқы істер министрі Қанат Саудабаевтың атынан Алғыс хат келгенін хабарлады.

… Сонымен, жиналған жұртшылық облыс әкімі Елеусін Сағындықовтың есебін мақұлдап, оның алдағы қадамдарына оң тілектерін айтты.

Есеп беруге дайындық барысында облыс басшысының атына 65 хат түскен, оларда 122 проблемалық мәселелер қозғалған. Егер саралап айтатын болсақ, олардың бірсыпырасы әлеуметтік салаларға қатысты, сондай-ақ ауыз сумен қамту, газ жеткізу, жолдар мен елді мекендерді абаттандыру сияқты жайлар да бар.

Елеусін Наурызбайұлы аталған хабарламалар бойынша барлығына да жауап қайтарылатындығын айтты, олардың бірсыпырасы газеттерде жарияланады, жекелеген шаруаға қатысты хат иелеріне тікелей хабар беріледі. Сондай-ақ аталған мәселелердің негізінен алдағы жылдар жоспарында тұрғандығын, оларды бірте-бірте шешу мүмкіндігі қарастырылып жатқанын көпшіліктің жадына салды.

Бүгінгі жиындағы үлгі болар бір көрініс — бүкіл әңгіменің қазақ тілінде жүргендігі. Оған да ұйытқы болған Елеусін Сағындықовтың өзі еді. Мұны да көпшілік тағы бір игі істің бастамасы деп қабылдады.

Есеп беруден соң…

Есеп беру аяқталды. Облысымыздағы орнықты қадамдар мен келер күндерге жасалған бағыттар көпшіліктің көңілінен шыққан сыңайлы. Дегенмен, кездесуге қатысқандардың пікірлерін де білмек болып, бірер адамды сөзге тартқанбыз.

Кеңшілік Жұмабаев, запастағы генерал, облыстық мәслихаттың депутаты:

— Облыс әкімінің есебін мұқият тыңдадым. Әр сөздің астарында қаншама игілікті істер тындырылып жатқанын аңғарғандай болдым. Баяндамада құқық қорғау саласындағы мәселелер де қозғалды. Мен енді ұзақ жыл осы салада қызмет еткен соң, оның проблемаларымен біршама таныспын деуіме болады. Әсіресе жасөспірімдер арасындағы тәртіп бұзушылықтар жайы ойландырады. Облыс басшысы күн тәртібіндегі осындай жайларға мұқият қарауға байланысты тапсырмаларын берді.

Мұса Алданиязов, соғыс және еңбек ардагері:

— Әкімнің есебін тыңдауға талай өмір жолынан өткен біздерді, ардагерлерді шақыруын жылы қабылдадық. Біздің өңірде ғана қарттарға коммуналдық жеңілдіктер жасалады, басқа да игіліктер алдымыздан шығып отырады. Соған байланысты облыс басшысына алғысымды білдіргім келген, бірақ көпшілік білетін әрі Елеусін Наурызбайұлының көп жақсы істерінің бірі болғандықтан, жұртшылықтың уақытын алмайын дедім.

Негізінде қарияларын сыйлаған басшының ісі баянды бола береді. Осы тұрғыдан біз әкімімізге ризамыз, экономиканы көтерудегі болсын, әлеуметтік саланы дамытудағы болсын, бүкіл қимылына бағамыз жоғары.

Нұрмұханбет ДИЯРОВ.

Басқа жаңалықтар

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button