Жаңалықтар

Донор болуға дайынбыз

Елімізде болған тәртіпсіздіктер кезінде жарақат алып, ауруханаға жатқызылған науқастарға көмектесу мақсатында ақтөбелік теміржолшылар қан тапсырып жатыр.Кеше облыстық қан орталығына 30 адам келіп, қан тапсырды.

Біздің ұжым төтенше жағдай кезінде бейжай қарап отыра алмады. Өз ішімізден осындай акция ұйымдастырдық. Елдегі болған оқиға кезінде жарақат алғандарға қолдау көрсету мақсатында донор болуға шешім қабылдадық. Қан тапсыру уақыты жұмыс ауысымына қарай 3 күнге созылады. Жалпы, ақтөбелік теміржолшылар бұған дейін де донор болу шарасына ұдайы қатысып келеді. Біз басшылық тарапынан қызметкерлерімізге алғысымызды айтамыз, — дейді «Қазақстан Теміржолы Жүк тасымалы» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі Батыс филиалының қызметкерлермен жұмыс жасау бөлімінің басшысы Абзал Ғаббасов.

Облыстық қан орталығы директорының медицина жөніндегі орынбасары Гүлсім Әбдірахманованың айтуынша, облыста донорлық қан тапшылығы жоқ. Күн сайын ерікті түрде 40-45 адам келеді екен. Қан тапсыратын адам алдымен дәрігерлік тексеруден өтеді. Қан алынғаннан кейін зертханаға жіберіледі. Қан тобы мен құрамы туралы сараптама нәтижесі қан орталығында 1 тәулік ішінде дайын болады. Одан кейін облыстық ауруханалардың сұраныстарына қарай жіберіліп отырады. Жарамды деп танылған донорлық қан орталықта 42 күн бойы сақталады.

 Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button