Жаңалықтар

Халық қауіпсіздігі басты назарда

Облыстағы ахуал туралы облыс әкімі Оңдасын Оразалин баспасөз мәслихатын өткізіп, журналистердің сұрақтарына жауап берді.

—Мемлекет басшысы төтенше жағдай жариялағаннан кейін тиісті шаралар жасалып жатыр. Халық қауіпсіздігі басты назарда. Жерлестеріміздің өміріне қауіп төне бастауына байланысты арнайы операция да жүргізілді.

Алаңға жиналған адамдар облыс әкімдігінің ғимаратын талқандағаны белгілі. Тәртіп орнату үшін тиісті әрекет жасадық. Қазір жағдай тұрақталып келе жатыр. Бірақ бұл шаралар әлі де жалғасады. Қаңтардың 19-ына дейін жағдай бірқалыпқа келеді деп үміттенеміз.

Біздің өңірде 9 блок-бекет қойылды. Халық қауіпсіздігі үшінбұлөте қажет. Қазір лаңкестікке қатысқан содырлар жан-жаққа қашып жатыр. Олардың біздің облыс арқылы өтуі ықтимал. Сол себепті күндіз күдікті көліктерді тоқтатып, тексеруге міндеттіміз.

Айта кету керек, облыс әкімдігі ғимаратынан басқа нысан бүлінген жоқ. Әкімдік ғимараты маңына топтасқан адамдардың әрқайсысының мақсаты әртүрлі болды. — Шығын көлемі есептелді ме?

— Шығын көлемін есептеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Әкімдік ғимаратының 6 қабатына да зиян келтірілді. Былтыр жыл аяғында жөндеу жұмыстарын жүргізген болатынбыз,сол жұмыстарға біршама залалытиді.

Әкімдіктегі оргтехниканың біразын ұрлап алып кеткен. Жиһаздар, есік-терезелер  сындырылып, бүлдірілген. Мұның бәрі мемлекеттің мүлкі.1-2 күндікте материалдық шығындарды есептеп шығарамыз. Кінәлі адамдарды тауып, соларға төлетуге тиіспіз.

Қазір уақытпен санаспай, әкімдік ғимараты қалыпқа келтіріліп жатыр. Бұл жұмыстар 3-4 күндікте аяқталады. Интернет желісі қосылғаннан кейін мемлекеттік қызметтерді қалыпты жүргізе аламыз.

— Әуежайды басып алуға талпыныс болды деген сөз бар. Осы туралы айтсаңыз?

— Талпыныс емес, әуежай ғимаратына кіріп алып, барлық жұмысын тоқтатқан жағдай болды. Бірнеше әуе рейсі тоқтап қалды. Соның зардабын кейбір жолаушылар әлі күнге дейін тартып отыр.

Жаңа ғана әуежайдың жұмысымен танысып келдім. Қазір ішінара әуе рейстеріқалпына келтірілді. Дегенмен сол кезде тоқтап қалған рейстердің жолаушылары күні бүгінге дейін қиналуда. Олардың бірі билеттің ақшасын қайтара алмай әуреге түссе, енді бірінің қаржысы таусылып, жатын орын  жалдаудан қиындық көріп отыр.

Қазір теміржол арқылы жолаушылар пойызы жүріп жатыр. Далада қалып қойған жолаушы жоқ. Дегенмен сол күндері 700-ге жуық жолаушы Ақтөбе вокзалында өз бағыттарына бара алмай қалды. Қазір бұл мәселе шешілді.

— Халық арасында «азық-түлік тапшылығы болмай ма?» деген алаңдаушылық бар ма?

— Өте орынды сұрақ. Азық-түлік тапшылығы болмайды. Жанармай қорыда жеткілікті.

Осы күндері облыстағы індет өршіп кеткен жоқ па?

— Бұл жағдайға дейін өңірде коронавирус  инфекциясыныңәрі кетсе, 1-2 жағдайы тіркелетін-ді. Кейде індет жұқтыру дерегі мүлде болмайтын.3 күн шеруге шыққан адамдардың тығыз шоғырлануынан болуы да мүмкін, бүгіннен бастап 70-80 жағдай тіркеліп отыр. Қателеспесем, оның 30-ға жуығы — короновирустың «омикрон» штамы.

Арнайы операция кезінде қанша адам ұсталды?

— Әлгінде айттым, жұмыс әлі де жалғасады. Бұл бағыттағы жұмыстарды тәулік бойы, күндіз-түні жүргіземіз. Біраз адам ұсталып, әкімшілік немесе қылмыстық жауапкершілікке тартылады. Нақты саны тиісті органдардың тергеу-тексеру процестері аяқталғаннан кейін белгілі болады.

Облыста 900 мыңнан астам халық бар. Алаңда жиналғаны —3-4 мың адам. Қарапайым тұрғындар маған телефон арқылы хабарласып, хабарлама жіберіп қолдау білдірді. Біреулердің жетегіне ермеген, өздерінің азаматтық ұстанымдарына берікоблыс халқына ризашылығымды білдіремін.

 

Гүлжан БАЗЫЛҚЫЗЫ.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button