Мереке

Аяз ата келіп тұр!..

Жаңа жыл мерекесі қарсаңында Ақтөбе қаласында Аяз ата мен Ақшақарлар шеруі өтті.

Сыйлықтарын арқалаған Аяз ата мен Ақшақарлар қоғамдық көліктерге мініп, қаланы аралап жүр. Бұл шара екі күн бойы жалғасады. Автобустарда жолаушылар тақпақтар мен тілек айтып, сыйлықтар алды. Әсіресе оқушы балалар жарыса тақпақ айтып, автобус ішінде мәз болысты. Қаланың бірнеше бағыттағы маршруттарында қала тұрғындарына мерекелік көңіл күй сыйлаған олар аялдамаларға тоқтап, көлік күтіп тұрғандарды жаңа жыл мерекесімен құттықтады. Орталық көшелердегі ірі сауда дүкендеріне кіріп, тұтынушылар мен сатушыларға сыйлықтар үлестірді.

Бұрын бала кезімізде жаңа жылды асыға  күтетінбіз. Міне, қаланы аралап, көңілімізді көтеріп жүрген Аяз атаны көріп, өткен шақтар есіме түсті. Сол уақыттан бері жатталып қалған әннің бір шумағын айтып бердім. Жалпы, бұл мерекені көп ел тойлайды ғой. Қоғамдық орындарда адамдарға жақсы көңіл күй мен сыйлық сыйлайтын мұндай шараны ұйымдастырушыларға риза болдық, — дейді балаларына жаңажылдық сыйлық алып жүрген  Түрмеш Сейілбаева.

Бұдан бірнеше жыл бұрын өткен шара карантинге байланысты үзіліп қалған болатын. Биыл қайта жалғасын тауып, желтоқсанның 30-31 күндері қоғамдық көліктермен қаланы аралайды.  Басты мақсатымыз — жолаушылар мен автобус жүргізушілеріне, мереке күндері жұмыс істейтін сатушыларға, жалпы, қала жұртшылығына мерекелік көңіл күй сыйлау. Осы шараға қаладағы Мәдениет үйінің қызметкерлері мен қалалық білім бөлімінің қызметкерлерінен 15 Аяз ата, 15 Ақшақар атсалысты, — дейді қалалық мәдениет және тілдерді дамыту бөлімінің басшысы Әсел Бөлекова.

Аяз ата мен Ақшақарды көшеден көрген жүргіншілер естелік суреттерге түсті.

 Самат НАРЕГЕЕВ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button