Білім

Болашақтың кәсіби шеберлері

«WorldSkills Kazakhstan-2021» Республикалық VІ кәсіби шеберлік чемпионаты мен «Қазақстан Республикасы колледждерінің ТОП-100 студенті» жобасының жеңімпаздары марапатталды. Сәрсенбі күні өткен салтанатты шараға облыс әкімінің орынбасары Бұлбұл Елеусінова қатысты.

«WorldSkills» жобасы — көптеген елдерде, соның ішінде біздің елде де мемлекеттік қолдауға ие, бүкіл дүниежүзіне кең таралған, халықаралық қозғалыс.

Чемпионаттың негізгі мақсаты — еңбек адамының мәртебесін дәріптеу және жұмысшы мамандықтардың беделін арттыру, шеберлік дағдыларын дамыту.

Аталған чемпионатқа Ақтөбе облысы 28 негізгі, 12 қосымша құзыреттіліктер бойынша қатысты. Нәтижесінде облыс қоржынында — 3 алтын, 5 күміс, 3 қола медаль бар.

— Тәуелсіздік алған жылдар ішінде білім саласында жеткен жетістіктеріміз аз емес. Көптеген кешенді шаралар атқарылып, материалдық-техникалық базалар жаңартылды. «WorldSkills Kazakhstan-2021» республикалық кәсіби шеберлік чемпионаты — соның бір көрінісі. Жастарымыздың  бұл жеңістерін ұлық мерекеге тартқан сыйы деп білемін. Өздеріңіз білетіндей, биыл чемпионат еліміздің бірнеше өңірінде өткізілді. Солардың қатарында біздің өңір де бар. 2-5 желтоқсан аралығында Ақтөбе облысы 2 құзыреттілік бойынша қатысушыларды қарсы алды. Екі колледж ғимаратында ұйымдастырылған жарыс жоғары деңгейде өтті. Осы ретте ұйымдастырушыларға және қатысушыларға облыс басшылығы атынан  алғыс білдіремін, — деген Бұлбұл Елеусінова жеңімпаздарға арнайы Алғыс хаттар мен ақшалай сыйлықтар табыстады.

Айта кетейік, «WorldSkills Kazakhstan-2021» республикалық VІ кәсіби шеберлік чемпионаты биыл 1 қараша мен 10 желтоқсан аралығында өтті. Еліміздің 17 аймағынан 450-ден астам жас маман чемпионаттың 18 конкурстық алаңында 30 негізгі және серіктестердің алаңында 40-тан аса қосымша құзыреттіліктер бойынша республикамыздың бірнеше өңірлерінде бақ сынады.

Шараға «ҚР колледждерінің ТОП-100 студенті» жобасының жеңімпаздары да қатысты. Бұл жобаның қорытынды шарасы 14 желтоқсанда Нұр-Сұлтан қаласында өткен болатын. Облыстан республикалық кезеңге 10 студент жолдама алды. 7 студент 3 кезеңнен сүрінбей өтіп, топ-100 қатарынан көрінді.

Кездесуде жетекшілер атынан сөз сөйлеген Хромтау тау-кен техникалық жоғары колледжінің  қызметкері Асылбек Исмағұлов аталған чемпионаттың ұлттық бағдарламалардың біріне айналғанын айтты.

— Чемпионттың алғашқы жылдарында Ақтөбе облысы 1 құзыреттілік, одан кейінгі жылдары 6 құзыреттілік бойынша бақ сынаса, биыл 43 құзыреттілік бойынша қатысып, жақсы нәтижелерге қол жеткізіп отыр. Бұл жастарға үлкен серпін береді. Биылғы жылы да біз ерекше дайындықпен бардық. Студенттердің мойындарына таққан медальдары — үлкен еңбектің көрсеткіші, — деді ол. Асылбек Исмағұлов дайындап апарған команда республика бойынша ІІ орынды иеленді. Хромтау тау-кен техникалық жоғары колледжі бұл жарысқа 2018 жылдан бері қатысып, жоғары нәтижелерге қол жеткізіп келеді.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button