Тәуелсіздік құрдастары
Тәуелсіздіктің құрдастары бүгінде орда бұзар 30 жасқа келді. Әрқайсысы өзінше жетістікке жетіп, еліміздің дамуына үлес қосып жүр. Қазақстан 30 жылдың ішінде дамудың даңғыл жолына түссе, тәуелсіздік құрдастары да сан саланы меңгерді. Біз мереке қарсаңында олардың бірқатарымен сөйлесіп, әңгімеге тартқан едік.
ТӘУЕЛСІЗДІК АЛҒАН ТАҢДА ТУҒАНМЫН
Асылбек САРИМАНОВ, инженер:
— Мен тәуелсіздік таңымен бірге түлеген ұрпақпын. 1991 жылы 16 желтоқсан күні Шалқар ауданындағы Жылтыр ауылында дүниеге келдім. Мұхамеджан Тынышбаев атындағы Қазақ көлік және коммуникациялар академиясын тәмамдадым. Қазір «Қамқор Локомотив» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің «Ақтөбе локомотив жөндеу депосы» филиалы, Шалқар сервис орталығында инженермін.
Әрине, тәуелсіз Қазақстанның төл құрдасы болу үлкен мәртебе. Бұл мереке менің өмірімнің айтулы сәті. Жаңадан отбасын құрған әке-шешем сол кездегі өмірдің қиын болғандығын әлі күнге дейін айтып отырады. Отын тапшылығы, жұмыссыздық, тағы басқалары бар. Десек те, олар сол қиындықтарға төтеп беріп, ыстығы мен суығына шыдай білді. Тәуелсіздікке қол жеткізу оңайлықпен келмегені белгілі. Оны біз терең ұғынып, мойнымыздағы парызымызды адал атқарып, алдыңғы қатардан көрінуіміз қажет. Тәуелсіздік ата-баба арманы, кешегі 1986 жылғы боздақтардың бізге берген аманаты, оны сақтап қалу біздің міндетіміз екені айқын.
Теміржол — ел экономикасының күретамыры саналатын маңызды сала. Кейінгі жылдары бұл салаға жаңа технологиялар қолданысқа кеңінен енгізіліп жатыр. Цифрландыру біраз жұмысты жеңілдетті. Жолаушылар да қызмет көрсету саласындағы жаңалықтарды үйреніп, қажетіне жаратып жатқанына қуанамын. Біздің елде де теміржол саласын дамытуға, шетелдегідей жағдай жасауға көп көңіл бөліп отыр.
Жаһандану заманында мақсатсыз өмір сүретін адам жоқ шығар. Отбасылы болып, сәби сүйгеннен кейін мақсатым еселене түсті. Жалпы алғанда, елге елеулі, халыққа қалаулы адам болу — мақсатымның шыңы.
ТАРИХТАҒЫ МАҢЫЗДЫ КҮН
Арман ТӨЛЕУБАЕВ, өндіріс цехының басқарушысы:
— Мен азаттықтың ақ таңы атқан жылы 30 тамызда Мұғалжар ауданы Қандыағаш қаласында дүниеге келдім. Химияға деген қызығушылығым сол мектеп қабырғасынан қалыптасқандықтан, болашақта кім болам деген сұрақ төңірегінде көп ойланған жоқпын. Өзімді осы саланың маманы ретінде сезінетінмін. 2009 жылы мектеп бітірген соң көп ойланбастан Құдайберген Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетіне түсіп, жаратылыстану факультетінде, химия кафедрасында білім алдым. 2013 жылдан бастап осы салада түрлі өндіріс мекемелерінде еңбек еттім. Қазіргі таңда ауданымызда биыл ашылған «Неохим» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінде өндіріс цехының басқарушысы болып қызмет атқарамын.
Тәуелсіздік алғалы мемлекетіміздің жағдайы бірталай жақсарды. Мәселен, өзім туып өскен Қандыағаш қаласының өзінде маңызды оқиғалар көп болды. Көптеген ғимараттар бой көтеріп, мекемелер, саябақтар, спорттық нысандар мен мектептер ашылды. Орталық ауруханамыз күрделі жөндеуден өтті. Шаһар жыл сайын көркейіп, дамып келеді. Мұның барлығы тәуелсіздіктің сыйы.
Қолым қалт етсе кітап оқимын. Табиғат аясына шығып, балық аулағанды ұнатамын. Ата-баба аңсаған еркіндіктің әрбір таңы мен үшін қымбат әрі қастерлі. Хан мен билер, Алаш арыстары арман еткен күнге жеткесін аянбай еңбек етіп, еліміздің дамуына үлес қосқым келеді.
ЕЛІММЕН БІРГЕ ЕСЕЙДІМ
Ернар БАЯРЫСТАНОВ, шебер-механик:
— Мен еліміз егемендік алған жылы батырлар мекені Қобда ауданында дүниеге келдім. Бақытты балалық шағымды ата-анамның құшағында, бауырларымның ортасында алаңсыз өткізіп, еліммен бірге есейдім. Бұл елдегі тыныштық пен тәуелсіздіктің арқасы деп ойлаймын.
Қазір Ақтөбе қаласында «Қазхром» трансұлттық компаниясы» акционерлік қоғамы, Ақтөбе ферроқорытпа зауытында қызмет атқарамын. Бұл зауытта жұмыс істеу менің арманым еді. Бастапқыда электрдәнекерлеуші болып жұмысқа кіріп, қазір цехта шебер-механикпін. Мамандығым құрал-жабдықтармен тығыз байланысты. Оны жөндеп, қалпына келтірумен айналысамын.
Тарих беттерінен мен өмірге келген жылдары еліміздің талай қиын кезеңнен өткенін байқаймын. Ең бастысы, халқымыз жасымай, келер күнге үлкен үміт артып, талмай-тынбай еңбектене отырып, төзімділікпен еңсере білді.
Тәуелсіздігімізді жариялағаннан бергі мезгіл ішінде көп елеулі табыстарға қол жеткіздік. Бүгінде халықтың әлеуметтік-тұрмыстық жағдайы жақсарды. Өндіріс нысандары, спорттық үйірмелер көптеп ашылуда. Егемен елдің мемлекеттік жастар саясаты жастарға еліміздің толыққанды азаматы болуға жақсы мүмкіндіктер беріп жатыр.
Қазір қала көшелерінен ел тәуелсіздігінің 30 жылдығын айғақтайтын баннерлерді кездестіруге болады. Соның бірі әр салада еңбек етіп жатқан тәуелсіздік құрдастарының суреттері ілінген баннерлер. Солардың ішінен өзімнің де суретімді көру мен үшін үлкен мәртебе болды.
Бос уақытымды отбасыма арнағым келеді. Өмірлік жарыммен 4 баланы тәрбиелеп, өсіріп отырмыз.
Ендігі үлкен істер біздің еншімізге тиетіндігін білемін. Соған өзіндік үлес қосу — менің ең басты мақсатым. Қандай қызметте болса да, әрбір жас тәуелсіз еліне мінсіз қызмет етуі керек.
БІЗ — ЕРКІН ЕЛДІҢ ЖАСТАРЫМЫЗ
Гүлнұр ЖАУЫНБАЙ, мұғалім:
— Ата-анам 1991 жылы дүниеге келген қызының қуанышы ел тәуелсіздігімен тұспа-тұс келгенін жақсылыққа жорығандарын үнемі айтып отырады.
«Елдің ертеңі — жастар» десек, жастардың жүйрік ойлы, зерек те жан-жақты, әділетті де бәсекеге қабілетті болып өсуі — басты мақсат. Сол үшін өзім оқыған Темір ауданындағы №4 Шұбарқұдық орта мектебінде оқушыларды ағылшын тілі пәнінен оқытуды қолға алдым. Мектеп қабырғасында жүргенде ұлағатты ұстаздардан тәлім алдым. Арманым сол кісілердей бала жанының жанашыры, ақылшысы, бағбаны болу еді. Осылайша еліміздің одан әрі қарыштап дамуына ұстаз ретінде өз үлесімді қосудамын. Өйткені жас ұрпаққа саналы тәрбие, жаңа заманға сай сапалы білім беруде ұстаздардың алатын орны ерекше.
Білім, өнер қуған жастарға елімізде еш шектеу жоқ. Демеу беріп, болашақта білікті маман болуға көмек зор. Осының барлығы — Қазақстанның тәуелсіз ел болуы мен Елбасымыздың кемеңгер саясатының арқасы.
Сондықтан берілген бар мүмкіндікті пайдаланып, Отанымызға адал еңбек етіп, Қазақстанды биікке жетелейік. Киелі тәуелсіздік нұры қазақ елінде ешқашан сөнбесін! Тәуелсіздігіміз тұғырлы болғай!
Ақбота ҚАЛДЫБЕК.