Білім

Тәуелсіздік тартуы — жаңа мектеп

Өңірімізде қуанып, шаттанып, мақтанышпен айтатын тәуелсіздіктің тартулары көп. Соның бірі —  Ақтөбе қаласы Қарғалы тұрғындар массивіндегі №78 мектеп-гимназиясы. Аталған білім шаңырағын осыдан тура бір жыл бұрын облыс әкімі О.Оразалиннің өзі салтанатты түрде ашқан болатын.

Қарғалы тұрғындар массивінде мектеп тапшылығы соңғы жылдары айқын сезіле бастаған-ды. Аталған ауданға жаңа мектептің қажеттілігі мәселесі облыс әкімдігі тарапынан қолға алынып, шешілді. Нәтижесінде жобалық қуаттылығы 900 орынға арналған мектеп-гимназия еңсе тіктеді. Үш қабатты мектеп  заман талабына сай материалдық-техникалық құралдармен жабдықталған. Барлығы  64 оқу кабинеті, оның ішінде  2 мультимедиялық, 8 лабораториялық, спортзал және 300 орындық акт залы, 312 орындық асхана,  33 458 кітап қоры жинақталған кітапхана бар.

Екі ауысымда жұмыс жасайтын жаңа білім ошағында қазір 1974 оқушы білім алуда. Мектепте 192 педагог еңбек етеді.

Мекеменің перспективалық бағытын анықтап, бірқатар  инновациялық-ағартушылық жобаларды сәтімен жүзеге асыруды бастаған болатынбыз. Оның ішінде, «Директормен ыстық шай» жобасы іске асырылып, педагогикалық құраммен ашық диалог алаңы құрылды. Нәтижесінде озық тәжірибені зерттеу мен оқу үдерісіне табысты енгізуге бағытталған «STEM» (Серіктестікті табысты ететін мұғалімдер) қоғамдастығы құрылып, бірқатар іргілес мектептермен (М.Арын атындағы Қарғалы қазақ орта мектебі, Қызылжар орта мектебі) тәжірбие алмасу жұмыстары, мектеп педагогтерінің оқыту сапасын арттыру үшін түрлі семинар-практикумдер, зерттеу сабақтары және т.б. шаралар жүргізілуде.

Жалпы бір жыл ішінде 112  педагог түрлі деңгейдегі (облыстық, республикалық) пәндік олимпиадаларға қатысып, 89 мұғалім жүлделі орынды иеленді. «Шығармашыл ұстаз шеберханасы» құрамында 10 мұғалімнің іс-тәжірибесі облыс көлемінде таратылды, «Дебат» клубы жетекшісі, тарих пәні мұғалімі Э.Бекниязованың жетекшілігімен мектеп оқушылары облыстық байқауда үздік атанды. Ұстаздар республикалық, халықаралық  деңгейдегі түрлі шараларда да топ жарды. Атап айтсақ, орыс тілі мен әдебиеті пәні мұғалімі А.Құдайбергенова Түркияда тағылымдамадан өтті, химия пәні мұғалімі А.Қуанышқалиева ғылыми бағыт бойынша жұмыстарын республикалық деңгейде таратты, математика пәні мұғалімі Н.Шәмішева, көркем еңбек пәні мұғалімі С.Жакеева, тарих пәні мұғалімі Г.Сатовалар «Үздік мұғалім» атағын иеленді.

Гимназия оқушылары дарынды, талантты, өнерлі. Мысалы, Расул Cерікқалиев — «Umit-2021» II респубилкалық ән байқауының гран-при жүлдегері. Мектебіміздің «Сымбат» би ансамблі Нұрсұлу Тапаловаға арналған «Би әлемінің қарлығашы» II  дәстүрлі облыстық байқауының бас жүлдесін иеленді. 5 «а» сынып оқушысы Еркеназ Қайрат «Дарынды шәкірт» республикалық ғылыми жоба байқауында І  дәрежелі дипломмен  марапатталды. Сондай-ақ Медина Комытова, Жания Әбішева, Аяулым Қанышқызы, Ару Елібай, Алтынай Сегізбаева, Жасмин Жанболат, Бисұлтан  Өмірзақов, Айдос Сауытбай, Ердар Серік, Бекзат Құлынбай, Ақбота Серікқызы, Қуанышбек Аяпберген, Көркем Назарбаева, Сабрина Амангелдиева, Расул Жаймағанбетовтер, мектеп мақтаныштары.

Ж.СЕЙІТМАҒАНБЕТОВА,

№78 жалпы орта білім беретін

мектеп-гимназия директоры.

Басқа жаңалықтар

Back to top button