Білім

Патриоттық тәрбие — отаншылдық кепілі

XXI ғасыр табалдырығын еркін аттаған азат ұрпаққа тәлім-тәрбие беруді жетілдірудің басым бағыттарын айқындап, педагогика ғылымында ұлттық сананы қалыптастыру көкейкесті мәселелердің бірі болып отырғаны анық.

Бүкіл дүниежүзілік білім кеңістігіне ену мақсатында қазіргі кезде Қазақстанда білімнің жаңа жүйесі құрылуда. Бұл үрдіс оқыту теориясы мен тәрбие үрдісіне нақты өзгерістер енгізумен қатар, елімізде болып жатқан түрлі бағыттағы білім беру қызметіне жаңаша қарауды, қол жеткен табыстарды сын көзбен бағалай отырып саралауды, оқушылардың шығармашылық әлеуетін дамытуды, мұғалімнің іс-әрекетін жаңаша тұрғыда ұйымдастыруды талап етеді.

Мұғалімнің міндеті — сабақтағы мазмұн мен қолданылатын жүйелі-әрекеттік тәсіл арқылы оқушының жүрек түкпіріндегі рухани қазынасын жарыққа шығару. Әрбір баланы жеке тұлға ретінде жетілдіру үшін оның бойындағы бар құндылықтарын дамыту қажет. Мұғалімнің сабақты ұйымдастырар алдындағы жауапты ісіне құштарлығын оятатын, бойындағы бар қабілет мүмкіндігін жарыққа алып шығатын күш те осы рухани-адамгершілік құндылықтар.

Менің мұғалім ретіндегі парыздарымның бірі — өзге ұлт балаларына мемлекеттік тілді үйрету, патриоттық сезімдерін шыңдау, ұлттар арасындағы достық қарым-қатынасты нығайту. Сол себепті үнемі шәкірттерімнің ойын алға жетелеп, өз көзқарастарын мемлекеттік тілде жеткізу арқылы қабілеттерін шыңдап отырамын. Тәуелсіздіктің 30 жылдығы мерекесі қарсаңында саналы ұрпақтың парасатты ойларын баспасөз арқылы бөліскенді жөн көрдім. Мақсатым — шәкірттерімнің патриоттық ынта-жігерін ояту. Ал ұлттық патриотизмнен Отанға деген сүйіспеншілік туындайтыны сөзсіз.

Әлия МЕЙІРМАН,

Благодар орта мектебінің

қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі.

 

Басқа жаңалықтар

Back to top button