ДенсаулықТәуелсіздік — 30

Денсаулық сақтау саласы: зор жетістіктерге қол жеткізді

Тәуелсіздік алғалы бері облыста 154 медициналық нысан іске қосылған. Оның ішінде 9 аурухана, 7 емхана, 58 дәрігерлік амбулатория, 64 медициналық пункт, 9 фельдшерлік-акушерлік пункт, 7 өзге медициналық объектілер. Сондай-ақ 400 орындық «Aktobe medical center» ауруханасы , 240 кереуеттік облыстық балалар клиникалық ауруханасы, Қарғалы қалалық ауруханасында 80 кереуеттік перзентхана бөлімшесі, 40 төсектік «Аяла» оңалту орталығы, мемлекеттік-жекеменшік әріптестік  аясында 185 орындық «Дару» оңалту орталығы секілді  стратегиялық нысандар іске қосылды.  Осындай инфрақұрылымның дамуының арқасында тұрғындардың өмір сүру ұзақтығының көрсеткіші артқаны байқалады. 1991 жылы бұл көрсеткіш 60 жас болса, 2020 жылдың қорытындысы бойынша 73 жасқа жеткен.

Бұл туралы бізге облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев тәуелсіздік жылдарындағы денсаулық сақтау саласының жетістіктері туралы  сұхбат барысында айтты.

Отандық денсаулық сақтау жүйесін мемлекеттік қолдаудың арқасында облыста және жалпы республика бойынша елеулі өзгерістер байқалады. Бүгінде облыстың денсаулық сақтау саласы өз қызметінің түпкі нәтижеге бағытталуымен, қазақстандықтардың денсаулығын сақтау және нығайтумен, ұлттық медицина мәртебесін арттырумен, халықаралық стандарттарға сәйкес келтірумен сипатталатын сапалы жаңа деңгейге шықты. Саланы жаңғырту бойынша үлкен жұмыс атқарылды, ресурстық қамтамасыз ету айтарлықтай жақсарды, жұмысты ұйымдастырудың заманауи  әдістері енгізілді, бірқатар құрылымдық қайта құрулар жүзеге асырылды, нәтижесінде облыс тұрғындарының денсаулық деңгейі мен өмір сапасына оң әсер етті.

— Тәуелсіздік алған жылдар ішінде өңірде денсаулық сақтаудың негізгі буынын реформалау, медициналық-санитарлық алғашқы көмекті дамыту, аумақтық учаскелерді  ірілендіру жұмыстары жүргізілді. Бүгінгі таңда облыс тұрғындарына  38 алғашқы медициналық-санитарлық көмек түрін 38 медициналық ұйым көрсетеді, оның 13-і аудан тұрғындарына арналған. Облыс халқының демографиясы мен денсаулығының, әсіресе негізгі әлеуметтік мәні бар аурулардың көрсеткіштері айтарлықтай жақсарды, — деп бастады әңгімесін Рүстем Исаев.

Өңірде медицинасы жоғары дамыған елдермен халықаралық байланыс та жүйелі жолға қойылған. Атап айтар болсақ, облыстағы медициналық ұйымдардың Оңтүстік Корея, Түркия, АҚШ, Литва, Ресей, Беларусь елдеріндегі  жетекші клиникалармен белсенді ынтымақтастығы жалғасуда.

Бүгінде облыста 4122 дәрігер, 8102 мейірбике бар. Кадр тапшылығын болдырмауға және мамандардың  кәсіби деңгейін арттыруға  да ерекше көңіл бөлеміз. Студенттерді мақсатты келісімшарттық оқыту, резиденттерді, магистранттарды жергілікті бюджет қаражаты есебінен өтемдік оқыту, тұрғын үй беру жұмыстары жүйелі жүргізіліп келеді, — дейді басқарма басшысы.

 Медициналық қызметтер тізбесі ұлғайтылды

Бүгінде облыс бойынша  4312  кереуеттік  аурухана жұмыс істейді. Оның 788-і —  аудандық ауруханаларда. Ал тұрғындарға амбулаториялық-емханалық көмек күндізгі және тәулік бойы стационар жағдайында 23 бейін түрі бойынша көрсетіледі.

— Жекелеген жас санаттары бойынша профилактикалық ұлттық  скринингтік бағдарламаларды енгізу қан айналымы жүйесі ауруларын, онкологиялық ауруларды ерте диагностикалауға ықпал етті. Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру  жүйесін енгізуді жалғастыру шеңберінде бірқатар қызметтерге, оның ішінде бұрын пациенттер өз қаражаты есебінен төлеген қымбат тұратын диагностикалық зерттеулерге қолжетімділік кеңейтілді. Сондай-ақ міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру  жүйесі есебінен әрбір азамат үшін қымбат тұратын   компьютерлік томография мен магниттік-резонанстық  диагностикалық зерттеулерінің   медициналық қызметтердің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін «Қадамдық қолжетімділікті қамтамасыз ету шеңберінде  тұрғындар  үшін  бағыт  схемасы» әзірленді, — деген Рүстем Исаев облыста медициналық көмектің мобильді түрлері де белсенді дамып келе жатқанын айтты.

— Облыстың шалғайдағы ауылдық елді мекендерінің тұрғындарына мамандандырылған медициналық көмектің қолжетімділігі қазіргі заманғы диагностикалық жабдықтармен жабдықталған 11 жылжымалы медициналық кешенді қамтамасыз етеді. 2021 жылы 63 елді мекен қамтылды. Ауыл тұрғындарының  10089-ы толыққанды тексеруден, 10836-сы медициналық тексеруден өтті. 7120 диагностикалық және 37564  лабораторлық  қызмет түрлері көрсетілді. Бүгінгі күні пациенттерге дер кезінде көмек көрсетілуі  үшін аудандарда телемедицина жүйесі  енгізілді,  ағымдағы жылы 770 телемедицина сеансы өткізілді, — деді облыстың бас дәрігері.

Трансплантация талай жанға өмір сыйлады

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы 30 жыл ішінде облыс медицинасына әлемдік тәжірибеде қолданылатын диагностика мен емдеудің жоғары технологиялары енгізілгенін айтты. Сондай-ақ медициналық мекемелердің материалдық-техникалық базасын нығайтуға да ерекше көңіл бөлінді.

— Облыстағы медициналық ұйымдарға емдеу-диагностикалық іс-шаралардың кең спектрін өткізу үшін қажетті заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілді.  Бұның ішінде сәулелік диагностика ангиографиялық зерттеулер, зертханалық және функционалдық диагностика жүргізіледі. Жоғары технологиялық медициналық қызмет түрлерін көрсету жыл сайын өсіп келеді. Қазіргі уақытта жоғары технологиялық медициналық қызметтердің тамыр хирургиясы, трансплантология, аритмология, балалар кардиохирургиясы, нейрохирургия, жалпы хирургия секілді түрлері ұсынылады, — деді ол.

2012 жылы   облыстық балалар ауруханасында іш қуысы мен өкпе мүшелері дамуының туа біткен ақаулары бар балаларға жоғары мамандандырылған көмек көрсету үшін неонаталдық хирургия орталығы ашылды. Осындай диагнозбен туа біткен патологиялары бар нәрестелерге 600-ден астам операция жасалды.

2014 жылы облыста трансплантация бойынша бірегей операциялар басталды. Бүгінгі күні 59 трансплантация жасалды, оның ішінде 46 бүйрек трансплантациясы (тірі донордан 38 трансплантация және кадаврдан 8 трансплантация) және 13 бауыр трансплантациясы. 8 пациентке туыстас донорлардан бүйрек трансплантациясы және 2 бауыр трансплантациясы (тірі донордан 12 және кадаврдан 1) жасалды.

— Бұл бағытты дамыту республикалық орталықтарға бармай-ақ, жергілікті медициналық ұйымдарда жоғары мамандандырылған медициналық көмекке халықтың қолжетімділігін арттыруға ықпал етеді. Ақтөбе  медициналық орталығында, жедел медициналық көмек ауруханасында және Батыс Қазақстан медициналық университетінің  медициналық орталығында заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілген аймақтық интервенциялық кардиохирургиялық орталықтар ашылды. Кардиологияға жоғары технологияларды енгізу жүрек-қан тамырлары ауруларынан болатын асқынулар мен өлім-жітім деңгейін едәуір төмендетті, бұл толыққанды жұмысқа және белсенді өмір сүруге оралған пациенттер санының өсуіне әкелді, — деді Рүстем Исаев.

2015 жылдың қараша айында туа біткен жүрек ақауы бар балаларға жоғары мамандандырылған көмек көрсету үшін облыстық балалар ауруханасында балалар кардиохирургиялық бөлімшесі ашылды.

2015 жылдан бастап 2021 жылға дейін жасанды қанайналым аппаратын және жабық эндоваскулярлық аппаратты пайдалана отырып, жүрекке ашық 800-ден астам операция жасалды. Туа біткен жүрек ақауы бар, өмірдің бірінші күнінде жедел түзетуді қажет ететін 312 жаңа туған нәрестеге операция жасалды. Аталған ауруханада Қазақстанның батыс өңіріндегі балаларға өңірлік кардиохирургиялық көмек көрсетілуде.

Вакциналау жұмыстары қарқынды жүріп жатыр

2020 жылдан  бастап елде коронавирус инфекциясымен күрес жүріп жатыр. Індетті тоқтатудың жалғыз әдісі – вакцина.

— Вакцина алған адамның коронавируспен ауырып қалу қаупі төмендейді. Тіпті ауырып қалған жағдайда да жеңіл өтеді. Тұрғындар осыны түсінуі керек. Ақтөбе өңірінде халықты вакциналау  және де ревакциналау науқаны қарқынды түрде жалғасып жатыр. Вакциналау пункттері алғашқы медициналық санитарлық ұйымдардың барлығында ашылған, оларда керекті құрал-жабдықтар толық бар.  Ересек адамдар, жүкті әйелдер және 12-18 жастағы балалар вакцинаның бірнеше түрімен қамтылған. Әр адам өзінің таңдауы бойынша вакцинаның кез келген түрін ала алады, — деді облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев.

Облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Рүстем Исаев облыста  2020 жылы алдыңғы бағдарламалардың жалғасы болып табылатын және қол жеткізілген нәтижелерді бекіту мен дамытуға бағытталған Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 26 желтоқсандағы №982 қаулысымен бекітілген денсаулық сақтау жүйесін дамытудың 2020-2025 жылдарға арналған жаңа мемлекеттік бағдарламасын іске асыруға кіріскенін атап өтті.

Байқағанымыздай, облыстың денсаулық сақтау саласы тәуелсіздік кезеңінде айтарлықтай нәтижелерге қол жеткізді және халықаралық стандарттарға жақындады. Негізгі қызметтен басқа, медициналық қоғам қаланы абаттандыруға, халық арасында салауатты өмір салтын насихаттауға белсенді қатысады.

 P.S. Біз сұхбат барысында тәуелсіздік жылдарында облыс медицинасы шежіресінен бірнеше ғана мысал келтірдік. Біз айтпасақ та, халық куә болған игі істер саны жетерлік бұл салада.

Осындай аз уақытта біздің еліміз елеулі жетістіктерге  қол жеткізді, дамыған нарықтық экономикасы, тұрақты саяси және әлеуметтік жүйелері бар заманға сай  демократиялық мемлекет ретінде қалыптасты. Кезінде дұрыс таңдалған басымдықтардың арқасында, барлық сынақтардан шығып, еліміз орнықты даму және халықтың әл-ауқатын ұдайы арттыру жолына шықты.

 Ақерке САТЫБАЛДЫ. 

Басқа жаңалықтар

Back to top button