Тұңғыш Президент күніне арналды
Облыстық тарихи-өлкетану музейінде әдеттегідей 1 желтоқсан — Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай «Ел тірегі — Елбасы» тақырыбында мерекелік фотокөрме ұйымдастырылды.
Музей келушілеріне жыл сайын осы күні фотокөрме ұйымдастырылып, экскурсия жүргізіледі. Биыл да сол дәстүр жалғасын тапты.
Аталған фотокөрмеге еліміздің тұңғыш Президенті-Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың әр жылдары Ақтөбе облысына жасаған ресми жұмыс сапарларында өндіріс орындары және әлеуметтік нысандардың ашылуы мен облыс тұрғындарымен кездесулері кезінде түсірілген тарихи суреттері қойылды. Атап айтсақ, олардың қатарында Ақтөбе рельс-арқалық зауытында, облыс орталығында өткен форумдарда, Назарбаев Зияткерлік мектебінде, 2018 жылы «Ақтөбе Арена» мұз сарайы мен «ACE» теннис орталығының ашылу салтанаттарында түсірілген суреттер бар.
Сонымен қатар музейдің ғылыми кітапханасының қорында сақталған Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбек жолы мен саяси қызметтері, әлемдік саясаткерлердің естеліктері жазылған кітаптар да экспозиция төрінен орын алды. Аталған фотокөрме желтоқсан айының соңына дейін тұрады. Музейдегі жалпы тақырыптық экскурсиялар жыл бойына сейсенбіден жексенбі күндері сағат оннан кешкі беске дейін жүргізіледі. Дүйсенбіде музей демалатынын ескертеміз.
Айбек ЕРТЕМІРОВ,
облыстық тарихи-өлкетану музейінің бөлім меңгерушісі.