Тәуелсіздік — 30

Нұрсұлтан Назарбаев  —  әлемді мойындатқан сая­саткер

Нұрсұлтан Назарбаев —  тәуелсіз Қазақстанның жаңа жолының көшін бастаған, әлемді мойындатқан сая­саткер. Ел дамуының «қазақстандық моделін» жасап, соны стратегиялық бағдарға айналдыра білген сұңғыла саясаткер өзіне сенген халықты өркениетке жетелеп, жасампаз мемлекет құра білді. Бүгінгі Қазақстан — татулығы жарасқан, іргесі берік, әлемдік қауымдастық алдында беделі жоғары мемлекет. Елбасының салған сара жолына әлемдік саясаткерлер мен ғалымдар тарапынан қызығушылық жоғары. Бүгінгі топтамада ашық ақпарат көздерінен алынған Елбасы туралы пікірлерді ұсынып отырмыз.

Владимир Путин,

Ресей Федерациясының президенті:

Нұрсұлтан Әбішұлы — саясатта көптен, кеңес дәуірінен келе жатқан тұлға. Мені қатты таңғалдыратыны — оның заман тынысын тап басып танитыны… Бұл қасиет — бүгінгі әлемді дөп басып сезіне алатын қасиет оған қайдан дарыған?!

Ол адал да әділ. Кейбір мәселелерді талқылағанда, әрдайым «Қарапайым адамдарға бұл қалай тиеді?» деп ойлап тұрады. Бұл жеке адамға, қарапайым отбасылар өміріне қалай әсер етеді? Солардың орнына өзін, өзінің жақындарын қойып көріп барып, шешім қабылдайды. Ол — өз халқының бір бөлігі.
Қазақстан үшін Нұрсұлтан Назарбаев – тарихи бірегей тұлға. Өйткені осы уақытқа дейін қазақтарда қазіргі мемлекеттік құрылымы бар мемлекет болмады. Ол — тек қана Қазақстанның тұңғыш Президенті ғана емес, ол Қазақ елін, қазақстандық мемлекеттілікті құрушы. Оның бірегей тарихи рөлінің мағынасы да осында.

Си Цзиньпин,

Қытай Халық Республикасының төрағасы:

  • Нұрсұлтан Назарбаевты Қазақстанның негізін қалаушы тұлға және барша  Қазақстан халқының қолдауына ие болған Ұлт көшбасшысы ретінде білеміз. 30 жыл ішінде Қазақстан халқы Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен көптеген қиыншылықты еңсеріп, тәуелсіз, демократиялық, өркендеген, бай әрі қуатты Қазақстан Республикасын құра білді. Алдағы уақытта да Қазақстанның Нұрсұлтан Назарбаев айқындап берген саяси бағытты ұстанып, жаңа табыстарға жететініне, сондай-ақ қарқынды дами түсетініне сенімдімін.

Нұрсұлтан Назарбаев ҚХР мен Қазақстанның арасында өзара стратегиялық серіктестік орнатуға тарихи үлес қосты. Біз мұны жоғары бағалаймыз.

 

Режеп Тайып Ердоған,  

Түркия Республикасының президенті:  

— Қазақстан Президенті Нұрсұлтан Назарбаев – өз заманының аса көрнекті тұлғасы және түркі жұртының ақсақалы. Біз Нұрсұлтан Назарбаевтың халықаралық бастамаларын әрқашанда қолдаймыз әрі зор құрметпен қабылдаймыз. Қазақстан Президентінің түркі әлеміндегі беделі өте жоғары, Нұрсұлтан Назарбаевтың барша түркі халықтарының басын біріктіріп, бауырлас түрік елімен қарым-қатынасты нығайтуға сіңірген ерен еңбегін атап өткім келеді.

 

Александр Лукашенко,

Беларусь Республикасының президенті:  

— Арамыздағы ашықтық пен сенімділікке құрылған диалогты жоғары бағалаймын, бұл Қазақстан Республикасы мен Беларусь Республикасы арасындағы достастық пен әріптестік қатынастардың нығаюына айтарлықтай ықпал етті. Елдеріміз түрлі салада көптеген болашағы жарқын жобаларды сәтті жүзеге асыруда. Қазақстан-Беларусь ынтымақтастығы Тәуелсіз Мемлекеттер Достастығындағы интеграциялық үдерісті дамытуға жағдай туғызатын маңызды фактор болып табылады.
Сіздің ауқымды әрі сан қырлы тәжірибеңіз мемлекеттеріміз арасындағы қарым-қатынастың одан әрі кеңеюіне ықпал ететініне сенімдімін.

 

Антониу Гутерриш,

БҰҰ Бас хатшысы:  

Қазақстан сіздің Президент лауазымына сайлануыңыздан бастап бейбітшілік пен қауіпсіздікті сақтауға, ядролық қаруды таратпауға, превентивті дипломатияның және терроризмге қарсы іс-қимылдарға қатысты БҰҰ-ның құндылықтарын қорғау және ілгерілету ісінде маңызды рөл атқаруда. Орнықты даму мақсаттарының жақтаушысы ретінде Қазақстанның рөлін жоғары бағалаймын.

 

Ли Куан Ю,

Сингапур Республикасының бұрынғы премьер-министрі:

— Президент Назарбаев – кеңес саясатындағы жұлдызы жанған, одақтас республикалар лидерлері арасындағы ірі тұлға. Қазақстанның көшбасшысы Одақ республикаларының басқа көшбасшылары мойындаған бір қарағанда әрі қатал, әрі тәжірибеге сүйенетін, тез шешім қабылдай алатын қайраткер, сондай-ақ тартымды, дарынды және батыл басшы.

Маргарет Тэтчер,

Ұлыбританияның бұрынғы премьер-министрі:

— Қазір әлемде бес-алты ірі және өте ықпалды саясаткер бар. Солардың бірі – Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев. Мен оған толық сенемін және оның Қазақстанда жүзеге асырып жатқан бастамаларымен келісемін.

Барак Обама,

АҚШ-тың бұрынғы президенті:

— Президент Назарбаев ядролық қауіпсіздік және қаруды таратпау мәселесінде әлемдегі үлгілі көшбасшылардың бірі. Қазақстан мемлекеті ядролық қарудан бас тартып-ақ қауіпсіздік пен экономикалық гүлденуге қол жеткізуге болатындығының керемет үлгісі бола білді.  Ядролық қарудан бас тарту арқылы қазақстандықтар аймақтағы бар мемлекеттен қауіпсіздікке кепілдік алды, әрі бұл Қазақстанды аймақтағы тұрақты мемлекеттердің біріне айналдырды.
Оқшау болып қалуы да ықтимал болған, алайда ядролық қарудан бас тарту арқылы Қазақстан халықаралық экономика үшін ашық және шетелдік инвестиция тартуға қолайлы елге айналды.

 

Жак Ширак,

Франция Республикасының бұрынғы президенті:

— Тәуелсіздік жылдарындағы Қазақстанның екпінді экономикалық дамуы – Нұрсұлтан Назарбаевтың еңбегі және оның қазақстандықтардың әл-ауқатын жақсартуға бағытталған саясатының нәтижесі. Аталған саясат пен дамудың арқасында Қазақстан Еуропада танымал болды.

Қазақстан тәуелсіздіктің алғашқы онжылдығында-ақ тұрақты институттары және серпінді экономикасы бар елге айналды. Сондай-ақ ол өңірлік және халықаралық деңгейлердегі әлемдік қауымдастықтың мүшесі болды. Мұның өзі Нұрсұлтан Назарбаевтың көптеген бастамаларын айғақтайды. Оның ішінде, әсіресе Азиядағы Өзара ықпалдастық және сенім шаралары жөніндегі кеңесті, діндер мен мәдениеттер арасындағы диалогты ерекше атап өтуге болады. Бұл бастамаларды Франция қашанда қолдайды. Қазақстан шын мәнінде мақтануға тұрарлық биік белестерді бағындырды.

 

Абдуллаһ  Гүл,

Түркия Республикасының бұрынғы президенті:

— Менің сүйікті досым Нұрсұлтан Назарбаев — Түркия мен Қазақстан арасындағы ынтымақтастықты дамытуға ауқымды үлес қосып келе жатқан ірі мемлекет қайраткері. Біз Орта Азия бойынша Қазақстан астанасында Ататүрік ескерткішінің ашылуын мақтан тұтамыз. Сонымен қатар Нұрсұлтан Назарбаевтың басшылығымен Қазақстан айтарлықтай жетістіктерге қол жеткізді. Мәселен, көршілес Ресеймен мемлекеттік шекарасын бекемдеді, энергетика саласын дамытуда. Бүгінгі Қазақстан – өңірлік көшбасшы. Бүкіл түркі әлемі Нұрсұлтан Назарбаевты өзінің көшбасшысы ретінде таниды және оның бауырлас түркі халықтарын біріктіру, ортақ тарихты зерттеу, мәдени байланыстарды дамыту бойынша бастамаларын жоғары бағалайды. Осыған орай мен Президент Нұрсұлтан Назарбаевты Түркияның жоғары мемлекеттік марапатымен марапаттадым.

 

 

Кофи Аннан,

БҰҰ-ның бұрынғы Бас хатшысы:

— Қазақстанның ТМД-дағы өзге елдерден басты айырмашылығы — халқының бейбітсүйгіштігі мен тұрақты дамуында және экономикалық жағынан қарқынды өсуінде. Сондай-ақ Қазақстан көпұлтты халықтың тату-тәтті өмір сүруін қамтамасыз етуде өзге елдерге үлгі бола алады.

 

Ильхам Әлиев,

Әзірбайжан Республикасының президенті:

— Аймақтағы бейбітшілікке бағытталған Қазақстан басшылығының жүйелі дана саясаты көбіне қауіпсіздікті нығайтуды көздейді. Қазақстан тұғыры биік, тегеуріні мықты мемлекетке айналды. Сондықтан да аймақтық мәселелерді шешуде Қазақстанның рөлі мен маңызы арта түсуде, ал біз бұл мемлекеттің жетістігіне әрқашан да қуаныштымыз. Мен Қазақстанның жаңа елордасын көріп, қаланың көркіне тәнті болдым.

Ашық ақпарат көздерінен алынды.

Басқа жаңалықтар

Back to top button