Білім

Ұстазды еске алды

М.Құсайынов атындағы дарынды балаларға арналған мамандандырылған мектеп-интернатында осы білім ордасында көп жылдар бойы директорлық қызмет атқарған «Білім беру саласының озаты», «Қазақ КСР халыққа білім беру саласының еңбек сіңірген қызметкері», жаңа отандық мектептің үздік үлгісін жасаған реформатор ұстаз Мақсот Құсайынұлын еске алу шарасы өтті.
«Ұстаз аты биік әрі мәңгілік» тақырыбындағы шараға М.Құсайынұлының ұрпақтары, жолдастары, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты Дархан Мыңбай, облыстық білім басқармасының басшысы Жолдас Батырхан, Ақтөбе облыстық ғылыми-тәжірибелік орталығының директоры Дина Жаманбаева, мектеп-интернаттың әр жылдардағы түлектері қатысты. Жиналғандар мектептің кіреберісіндегі М.Құсайынұлының бюстіне гүл шоқтарын қойып, ұстаздың жалпы білім саласына сіңірген еңбегі, облыстың білім саласының дамуына қосқан үлесі, жаңа отандық мектептің үлгісін жасауда оқушылардың қабілетін дамытуға бағытталған «дарынды бала» авторлық тұжырымдамасы, авторлық мектебін қалыптастыруда жасаған еңбегі туралы айтты.
Мектеп ұстаздары М.Құсайынұлының өмірі мен ұстаздық ғұмырына арналған шаралар өткізді. Бұл мектепте осы білім ордасында білім алған ұстаздар жетерлік.
«Бар ғұмырын ұстаздыққа арнаған…» атты сынып сағатында мектеп-интернат түлегі А.Есбосынова ұстазы М.Құсайынұлының нағыз мұғалімге тән шеберлігі мен адами қасиеттерін айтса, Б.Жолаева, Р.Алматовалар «М.Құсайынов мектебінің 65 жылдығына орай үздік жобаны ұсынады» тақырыбында дебат сайысын ұйымдастырды. Б.Сейтенова М.Құсайынұлының музейіне экскурсия ұйымдастырып, әр жәдігердің тарихымен таныстырса, М.Жолмағанбетов өткізген «М.Құсайынұлы туралы ой-толғам…» атты шарада мектеп-интернат түлектері қадірлі ұстазы туралы әдемі естеліктерімен бөлісті. Мектеп оқушылары мен ұстаздары қонақтарға сый-сияпат ұсынып, құрмет көрсетті.
Ұстазды еске алу шарасы М.Құсайынұлының отбасы мүшелерінің, ұрпақтарының мектептің әр жылдардағы түлектерімен кездесуіне ұласты. М.Құсайынұлының зайыбы Үміт Кенжебаева, бала-шағасы мектептің жүзге жуық түлегіне дастарқан жайып, әдемі кеште ұстаз туралы толассыз естеліктер айтылды. Ұстаздың сүйікті әні болған ақын Қ.Мырза-Әлінің сөзіне жазылған «Тамаша» әні бірнеше рет айтылды. Мектеп түлектері С.Тоғызбаеваның сөзіне жазылған Д.Айтжановтың «Ұстазым» әнін де түлектер бірге орындады.
«Әкеміз мектеп-интернатты өзінің екінші отбасындай көрді, мен бүгін өз бауырларыммен кездесіп отырғандай күйдемін», — деп толқынысын білдірген Қорлан Мақсотқызы түлектерге әке есімін — ұстаз есімін құрметтегендері үшін алғысын білдірді. Бұл шын мәнінде ұстаз бен шәкірт арасындағы көзге көрінбейтін байланыстың қаншалықты қадірлі екендігін көрсеткен әдемі шара болды.

Мейрамгүл РАХАТҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button