Құқық

Қылмыскер бала қайдан шығады?

Ата-ана біткенбаласын «дұрыс адам бол!» деп тәрбиелейді. Бес саусақтың бірдей болмайтыны сияқты, бір шаңырақта өсіп жатқан балалардың өзі әртүрлі боп өсетінін қайтерсің. Күнұзаққа жұмыста жүрген ата-ана баласына жеткілікті деңгейде көңіл бөле алмадым-ау депбәйек болса, қадағалаусыз қалған бала өз ойындағысын іске асырып әлек…

Әсіресе, әлі белі бекіп, буыны қатая қоймаған балалардың қылмыс жасауына не түрткі? Жеткіншектер қандай қылмысқа жиі барады? Осы және өзге де сұрақтар төңірегінде полиция департаменті жергілікті полиция қызметі басқармасының ювеналдық полиция тобының аға инспекторы, полиция майоры Анар Марзакеновамен әңгімелескен едік.

Қылмыстың көбі — Ақтөбеде

Биылғы он бір айдың қорытындысына сүйенсек, кәмелетке толмаған балалар 57 қылмыс жасапты. Былтыр осы кезеңде 94 қылмыс тіркеліпті. Бұдан қылмыстың өткен жылдармен салыстырғанда 34,4 пайызға азайғанын көруге болады.

— Оның ішінде аса ауыр қылмыстар азайған, былтыр 3 аса ауыр қылмыс жасалса, биыл — 2. Сондай-ақ ауыр қылмыстар да екі есеге азайыпты. Былтыр 52 оқиға тіркелсе, биыл 25 оқиға тіркеліпті. Орташа қылмыстардың саныбылтыр 32 болса, биыл — 21. Онша ауыр емес қылмыстар төрттен сегізге дейін, яғни екі есеге өскен. Қылмыс түрлеріне тоқталсам, өкінішке қарай, биыл кісі өлтіруге қатысты бір оқиға тіркелді. Атап айтсам, Шалқар қаласында мектеп оқушысы туысқанына ашу үстінде пышақ сұғып алған. Сонымен қатар денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру, орташа зиян келтіру, зорлау, кәмелетке толмағандардың жыныстық қатынасқа түсуі, ұсақ ұрлық, жалпы ұрлық, алаяқтық, тонау, бопсалаушылық, бұзақылық секілді қылмыс түрлері аяқталып отыр. Айта кетейін, егер қылмыстық іс соттан өтіп немесе екі тарап сотқа дейін өзара татуласса, аяқталған қылмыс деп есептеледі, — дейді полиция майоры Анар Марзакенова.

Биыл аяқталған 57 қылмыстық іс бойынша 55 кәмелетке толмаған бала қылмыстық жауапкершілікке тартылған. Таратып айтсақ, оның 13-і — мектеп оқушысы, 33-і — колледжде, 1-еуі — жоғары оқу орнында оқиды. Қалған 8-і еш жерде оқымайтындар екен.

Сонымен қатар қылмыстардың дені жеке мүлікке қатысты болады. Айталық,  қылмыстардың 37-сі мүлікке, 12-сі — жеке тұлғаға қатысты жасалған, қалған 8-і — қоғамдық жерлердегі бұзақылық. Анар Болатқызының айтуынша,қылмыстың көбі, яғни 43-іАқтөбе қаласында жасалған.

Суицид жасауға не түрткі?

Бесіктен белі шықпаған балалардың өмірден түңіліп, өзіне-өзі қол жұмсауы — қоғамды алаңдататын өзекті мәселенің бірі.

— Өкінішке қарай, облыс бойынша 11 айдың ішінде 22 суицид оқиғасы тіркелді. Анықтап айтсам, өзіне-өзі қол жұмсаған 8 жасөспірім қайтыс болса, 14-і  құтқарылып, тірі қалған, — дейді Анар Болатқызы.

Суицид оқиғаларына қарасақ, мұндай қадамға ұлдардан гөрі қыздар жиі барады. Олардың арасында 11-13 жастағы балалар да бар. Бұдан біз уақыт өткен сайын суицидтің «жасарып» бара жатқанын аңғарамыз.

Анар Марзакенова бұл бағыттағы қылмыстардың алдын алу шаралары облыстық білім басқармасымен бірлесіп жасалып жатқанын айтты.

Суицидтің дені отбасындағы түсініспеушіліктен туындайды екен. Деректерді сараптасақ, бірінде ата-ана әлеуметтік жағдайына байланысты баласына қажет затын алып бере алмапты, тағы бір оқиғада бала ата-анасымен сөзге келіп қалған, енді бірінде білім алу процесінде бір қиындық болыпты. Тіпті сөз көтере алмайтын қазіргі балалар ата-анасының талаптарының қаттылығынан да өзіне-өзі қол жұмсайтын көрінеді. Ал өмірден түңілуге дайын тұратын жасөспірім қыздар ұнатып, кездесіп жүрген дос балаларымен тіл табыса алмағасын осындай қадамға барады екен.

ПСИХОЛОГ ПІКІРІ

Арайлым Тоқсанбаева, психолог:

  • Бала қанша жаста болса да, өзіне көңіл аудартқысы келеді. Әсіресе, жасөспірім шақтажеткізгісі келетін ақпаратты ата-анасына естірте алмаса, сол кезде бала еститін құлақты басқа жерден іздейді. Мұндай балаларды арам ойлы адамдар өз мүддесіне пайдаланып кетеді. Яғни жаман ортаға түсіп, бұзылып кетуі әбден мүмкін. Сондай-ақ баланың қандай да бір эмоциясын «маған ұнамайды» деп тежеуге болмайды. Керісінше, баланың эмоциясы, ашуы нені білдіреді, сөйлесу керек. Сол кезде бала сырттан өзін тыңдайтын «құлақ» іздемейді.

  • Баланың лексиконында «мен өмірге не үшін келдім?», «Өмірдің мәнісі неде?», «Мен жоқ болсам, қалай болады екен?» деген сұрақтар кездессе, ондай балаға көбірек көңіл бөліп, бірге жұмыс жасау керек. Ата-ананың әлі келмей жатса, онда мамандарға жүгіну қажет. Кейбір ата-аналар баласына «шаршатып бітірдің», «миымды шіріттің» деген сияқты сөздерді аңдамай айтып қалып жатады. Осындай сөздерге абай болу керек. Себебі кейбір бала «енді шаршамайтын боласыз» деген жауап сөз қатуы мүмкін. Тіпті мұның арты өзіне-өзі қол жұмсауға дейін барып жатады. Бұның бәрі айналып келгенде, ата-ана мен баланың бірінен-бірі алшақтап кетуінен басталып отыр. Сондықтан да балаңызбен жақын сөйлесіңіз. Балаңыз не ойлайды, оны не қызықтырады, қандай жоспарлары бар, кімді ұнатып жүр — осыны біліп көріңізші.

Смартфон да себепші

Кейбір қылмыстық оқиғалар смартфонның кесірінен туындайды екен. Сол себепті де оқушыларды сабақтан тыс уақытта әлеуметтік қорғау мақсатында смартфонға шектеу қою үшін ювеналды полиция инспекторлары мектеппен, ата-аналар комитетімен бірігіп, жиі кездесулер өткізіп тұрады.

— Былтыр бір оқиға болды. Смартфон арқылы желілік ойын ойнаған жеткіншектер ойыннан от шығып, біріне-бірі жаман сөздер айтып, топтасып, уақыт белгілеп, кездесу ұйымдастырады. Жанжал барысында жасөспірімнің бірі пышақ қолданған. Қазір әлеуметтік желілерде топтар, чат-конференциялар бар. Сол жерлерде сөзге келіп қалса да, кездесіп, мәселені бетпе-бет шешемін деген ниеттері қылмыстық іске ұласуы мүмкін. Денсаулықты айтпағанның өзінде смартфонның бала психологиясына да кері әсері көп. Смартфонды қолынан тастамайтын бала қоғамнан тыс қалып, басқа да қызығушылығы болмауынан агрессияға бейім тұрады. Қазіргі балалар мен жасөспірімдер сөз көтере алмайды, мысалы, биыл Ақтөбе автожол колледжінің екі оқушысы шығаберісте иықпен түйісіп қалып, сол үлкен дауға айналды. Бұл да сол — агрессияның бір көрінісі, — дейді ювеналдық полиция тобының аға инспекторыАнар Болатқызы.

Түнгі қала балалары

Облыстағы 106 инспектор жасөспірімдер арасындағықұқықбұзушылықтың алдын алу үшін қылмысты болдырмау мақсатында ата-аналармен, мектеп әкімшілігімен, психологтармен бірігіп жұмыс істейді. Жергілікті  полиция басқармасының жоспарына сәйкес «Жасөспірім», «Түнгі қаладағы балалар», «Демалыс», «Қауіпсіз мектеп» секілді акциялар, апта сайынғы локалды-рейдтік іс шаралары өткізіледі. Рейдтік шараларға білім беру мекемелерінің, жастар ресурстық орталығының өкілдері, волонтерлар қатысады. Жоспарланған іс-шараларды іске асыру барысында ювеналдық полиция инспекторлары аулаларда, саябақтарда және жастар көп жиналатын орындарда, ойын-сауық орындарында жиі рейд ұйымдастырады.

— Түнгі сағат он бірден кейін кәмелетке толмаған балалардыңата-анасыз көшеде жүруіне тыйым салынатынын ескертеміз. Бұл туралы Әкімшілік құқықбұзушылық туралы Кодекстің 442-бабының 2-тармағында жазылған. Биыл он бір ай ішінде 4223 бала түнгі уақытта ұсталып, полиция бөлімдеріне  жеткізілді, ата-аналарына әкімшілік шаралар қолданылды.Сондай-ақ ұсталған балаларды көңіл көтеру орындарында жүруіне жол бергені үшін аталған Кодекстің 132-бабы бойынша 43 кәсіпкер айыппұл арқалады. Мектептерде де, ата-аналар жиналысында да осы мәселе үнемі көтеріліп, жиі айтылады. Дегенмен балалардың түн мезгілінде далада жүруі тыйылар емес, — дейді аға инспектор Анар Марзакенова.

Сондай-ақ Авиақалашықта орналасқан өмірдің қиын жағдайына тап болған балаларға арналған «Аяла» орталығына жыл басынан бері 141 бала түсіпті. Олардың 64-і — қаңғырып, қадағалаусыз жүрсе, 72-сі — ата-анасыз, қамқоршысыз қалғандар, ал 5-еуі — девиантты мінез-құлық иесі.

— Жұмыс барысында байқағанымыздай, қолы бос емес, яғни бірдеңемен айналысатын, не өзінің сүйікті ісі бар бала қылмыс жасамайды. Еңбекке тарту мақсатында полиция бөлімінде тіркеуде тұрған балалар он алтыға толса, олардың тізімі жастар саясаты басқармасына жолданады. Олар «Жасыл ел» еңбекшіл жастар жасағына қосып, маусымдық жұмысқа тұрғызады. Мұнда балалар алғашқы еңбекақысын алып, қоғамға араласуды сезінеді. Жалпы, жасөспірімді қадағалау — тек полиция мен педагогтің міндеті емес. Ата-аналардан балаларын қараусыз қалдырмауды өтініп сұраймыз, — дейді Анар Болатқызы.

Р.S. Расында, бала үшін үй ішінен, ата-анасынан артық тәрбиеші жоқ. Отбасы мүшелері баланың ой-өрісін, дүниетанымын қалыптастырады. «Ұяда не көрсе, ұшқанда соны іледі» демей ме. Ал психологтар бала күніне кемі 5-8 рет жақындарының құшақтап, себепсіз әңгімелескенін қажет ететінін айтады, яғни бала мейірімге қанып өсуі тиіс. Тіпті қарым-қатынаста жылы сөздің де энергетикалық әсері зор екен. Сондықтан да баланы айналып-толғанып, жиі еркелетіп, көбірек әңгімелесіп, мейірімге бөлеген абзал. Десек те қажет жерінде тыйым салуды да ұмытпаған жөн.

 Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button