Мәдениет

«Болашаққа хат» — Ақтөбе театрындағы алғашқы детектив

Т.Ахтанов атындағы облыстық драма театрында «Болашаққа хат» спектаклінің премьерасы болды. Жас драматург Қолғанат Мұраттың детектив жанрындағы аталған туындысы ақтөбеліктерге үш күн қатарынан ұсынылды.

Облыстық драма театры директорының орынбасары Жандос Еспанбетовтің айтуынша, қылмыстық оқиғаға негізделген мұндай жанрдағы спектакль Ақтөбе театрында алғаш рет сахналанып отыр. Сонысымен ерекше. Шағын залда қойылған туындының қысқаша мазмұнына келсек, оқиға мұғалімнің өлімінен өрбиді. Мектепке жиналған ата-аналарға тергеу амалдарының жүргізілуі, оқиғаға қатысы бар адамдардың кезек-кезек жауап беруі, артынша қылмыскерді анықтау жұмыстары — «Болашаққа хаттың» желісін одан сайын дамыта һәм қызықты ете түседі.

Спектакльдің қоюшы режиссері— Елтай Кемал, ал костюм суретшісі — Айзат Ордабаева. Музыкамен көркемдегендер — Елтай Кемал мен Тимур Ерімбетов.

Мұнда бас-аяғы 6 актер жұмылдырылған: Толағай Қарасаев, Нұрсұлтан Айтқалиев, Абзал Құдайбергенов, Әсет Сисенов, Роза Ерболатова мен Дана Ниязова.

— Детектив жанры театрымызда алғаш рет сахналанды. Бұл қазіргі таңдағы мәселелерді негіз етіп алынған қойылым. Мектептің айналасындағы қаншама келеңсіз оқиғалар, ата-ана мен бала арасындағы түсінбеушілік, басқа да түйткілдер көрініс табатын жаңа спектакльді көпшілік дұрыс қабылдайды деген сенімдемін, — дейді қоюшы режиссер Елтай Кемал.

Премьера соңында труппаға облыс әкімі Оңдасын Оразалиннің атынан ықылас гүлі берілді.

Айта кетейік, таяу уақытта Ахтанов театры көрермен қауымды Сая Қасымбектің «Жалаңтөс баһадүр» пьесасымен қуантқалы отыр. Премьера алдағы желтоқсан айында өтеді деп күтілуде. Бұл — ел тәуелсіздігінің 30 жылдығына орайластырылған туынды. Қоюшы режиссері — Алматы қаласынан арнайы келген Қа­зақстанның ең­бек сіңірген қайраткері, «Құрмет» орденінің иегері Мұрат Ах­манов.

 Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button