Мәдениет

Өнер байқауы басталды

 «TALANTTAR АLEMI — 2021»

Ақтөбеде халықаралық шығармашылық көпжанрлы «Talanttar Аlemi — 2021» байқау-фестивалі басталды. Биыл төртінші мәрте ұйымдастырылып отырған өнер додасында 400-ге жуық қатысушы бақ сынауда.

Облыстық ішкі саясат басқармасының қолдауымен және Ақтөбе қаласындағы «Talant Studio» шығармашылық орталығының ұйымдастыруымен басталған байқау онлайн және офлайн форматта өткізілуде.

Байқау хореография, вокал (академиялық, эстрадалық), хор, халық фольклоры (халық аспаптары, дәстүрлі ән), аспаптық жанр, бейнелеу және қолданбалы шығармашылық, көркемсөз оқу және театр өнері номинациялары бойынша ұйымдастырылуда.

— Жобаның басты мақсаты — дарынды орындаушылар мен шығармашылық ұжымдарды анықтау және оларды қолдау, халықаралық байланыстарды нығайту.

Шараға Ақтөбе өңірінен өзге еліміздің бірқатар облыстарынан, сондай-ақ Ресей, Украина, Грузия, Түркия, Әзірбайжан мемлекеттерінен де өнерпаздар атсалысуда. Жыл сайын 3 жастан 25 жасқа дейінгі балалар мен жастар қатысып келді. Биылғы жылдың ерекшелігі, 60 жасқа дейінгі талантты азаматтардың қатысуына да мүмкіндік беріліп отыр, — дейді «Talant Studio» шығармашылық орталығының басшысы Бақытгүл Делманова.

Қазақстан Республикасының еңбек сіңірген қайраткері Марат Әйтімов, Алматы қаласындағы өнер және білім беру жобаларының кураторы, қоғамдық спикер, «KELT» қоғамдық театрының атқарушы кеңесінің мүшесі Галина Кирян, Куба елінен келген хореограф, режиссер Франк Вальдес қатысушылардың өнерін  бағалайды.

Байқаудың шымылдығын Ақтөбе қаласындағы «Білім» гимназия-мектебінің 1-сынып оқушылары ашты.

— Сыныбымдағы 27 оқушының барлығы мектептегі хор үйірмесіне қатысады. Бүгін оқушыларым байқаудың ең кішкентай қатысушылары ретінде өнер көрсетті. Балаларды біліммен қатар, өнерге баулу мақсатында олардың ата-аналары да үлкен қолдау білдіріп отырады, — дейді сынып жетекшісі Орынгүл Бакиева.

Ақтөбе гуманитарлық колледжінің оқушысы Өтеген Сейсенғалиев те халықаралық деңгейдегі байқауға алғаш рет қатысып отырғанын айтады.

— Музыка пәнінің мұғалімі мамандығы бойынша білім алып жатырмын. Бүгінгі шарада колледжден 23 жас хор жанры бойынша бақ сынадық. «Біржан-Сара» операсынан «Тойбастар» ариясының үзіндісін орындадық. Жетекшіміз — Мирбол Құспанов. Осындай үздіктерді анықтайтын «Talanttar аlemi» секілді байқаулар жиі болып тұрса екен деген тілегім бар, — дейді ол.  

Аталған байқау осы жексенбіге дейін жалғасады. Жүлдегерлерге дипломдар, арнайы кубоктар мен медальдар табысталмақ.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button