Волонтерлер марапатталды
Облыстық тарихи-өлкетану музейі, «Birgemiz: Asyl mura» жалпыұлттық жобасының аясында өңір аумағындағы археологиялық зерттеу жұмыстарына еріктілер тобын жұмылдырған болатын.
Биыл «Қазақстанның киелі жерлері географиясы» арнайы жобасы аясында жүргізілген жұмыстарға, атап айтқанда, Ақтөбе қаласы маңындағы сарматтар кезеңіне жататын «ІІІ Қурайлы», Мұғалжар ауданындағы «Жағабұлақ», Әйтеке би ауданындағы «Аққисық» қорымдарындағы зерттеулерге, сондай-ақ Ә.Марғұлан атындағы археология институтымен бірлесіп қолға алынған Байғанин ауданы Доңызтау аймағындағы ортағасырлық «Жезді» қалашық-бекінісі орнындағы қазба жұмыстарына, Мұғалжар ауданындағы ең көне ескерткіш — «Төлеубұлақ» үңгіріндегі, т.б. зерттеулерге еріктілер қатысты.
Әсіресе, Темір ауданының орталығы — Шұбарқұдық кенті маңында орналасқан «Досжан Ишан» діни-ғұрыптық кешеніндегі этно-археологиялық қазба жұмыстары барысында волонтерлар тобы белсенділік танытты. Байғанин ауданындағы «Едіге жалы» қорымында жүргізілген зерттеулерге де еріктілер қатысты.
Биылғы далалық қазба жұмыстарының аяқталуын қорытындылау рәсімінде музей басшылығы еріктілердің қосқан үлесін де атап өтті. Еріктілердің арасында мектеп оқушылары, жасөспірімдер, студент жастар бар. Олардың ата-аналарына Алғыс хаттар тапсырылды.
Ш.Берсиев атындағы Ойыл аудандық өнер және өлке тарихы музейінің жанындағы «Жас археолог» үйірмесінің мүшелері осындай жұмыстарға тұрақты қатысып келеді. Үйірме жетекшісі Медет Құлмұханов облыстық мәдениет, архивтер және құжаттама басқармасының Алғыс хатымен марапатталды.
Музей басшылығы өлке тарихын зерттеуге ынталы ерікті жастарды алда да түрлі экспедициялар мен қазба жұмыстарына тартуды көздейді.
Айман ТАУМАН,
облыстық тарихи-өлкетану музейінің әдіскері.