Білім

Облыста 42 колледждің 26-сына дуальды оқыту жүйесі енгізілген

Дуальды оқыту бойынша білім алған түлектердің жұмысқа орналасуын бақылау үшін «Nur Otan» партиясы жанындағы өңірлік білім және ғылымды дамыту жөніндегі қоғамдық кеңестің көшпелі отырысы Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінде өтті.

Шараға партияның облыстық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Ербол Данағұлов, кеңес мүшелері, облыстық мәслихаттағы фракция мүшелері, облыстық білім басқармасының қызметкерлері және колледж оқытушылары қатысты.

— «Nur Otan» партиясының Ақтөбе облысы бойынша жол картасында білімге қатысты 12 индикатор бар. Оның ішінде кәсіптік білім беруді дамыту, дуальды білім алған түлектердің үлес салмағын жылына 74 пайызға орындау міндеті тұр.

Облыс бойынша 42 колледж жұмыс жасаса, олардың 26-сында дуальды оқыту жүйесінің элементтері енгізілген. Кеңес жұмысының мақсаты — осы колледждердің жұмысына мониторинг жүргізіп, атқарылған жұмыстардың тиімділігін қадағалау, — деді Ербол Данағұлов.

Оның айтуынша, облыс орталығында жол картасының жүзеге асырылуын қадағалайтын 12 қоғамдық кеңес бар. Жыл басынан бері облыстағы кеңестердің 462 отырысы өткізіліп, 842 ұсыныс берілген.

Кеңес отырысында Ақтөбе жоғары политехникалық колледжінің материалдық базасы, оқу сапасы, студенттердің жұмысқа орналасу барысы айтылды. 1965 жылы құрылған колледж осы уақытқа дейін 18 мыңнан астам маман даярлаған. Қазір мұнда 1810 оқушы 11 мамандық бойынша білім алады. Колледж оқу үрдісіне заманауи құрал-жабдықтарды қолдануда. 2019 жылы «Жас маман» бағдарламасының грантын жеңіп алған оқу орны

бүгінде талапқа сай құрал-жабдықтармен қамтылған.

— Біз жыл сайын материалдық-техникалық базамызды жаңартып отырамыз. Осы мақсатқа  «Жас маман» жобасының көмегі көп болды. Былтыр 380 миллионнан астам теңгеге құрал-жабдық алдық. Оларды ІТ технологиясы, мұнай-газ ісі, электрмен жабдықтау мамандықтарына қолданып жатырмыз. Мұғалімдеріміз курстардан өтіп, тәжірибе алмасуда. Ал биылғы түлектеріміздің жұмысқа орналасуы 92 пайызды құрады, — деді колледж директорының орынбасары Ғалия Жұмағазина.

Облыстық білім басқармасы басшысының орынбасары Нұргүл Бертілеуова облыста 10 колледж «Жас маман» жобасы аясында материалдық-техникалық базасын жаңартқанын айтты. Оған 2020 жылы 1,6 млрд теңге, ал 2021 жылы 1,2  млрд теңге қаражат бөлінген. Жобаның мақсаты — республика бойынша 180 колледж бен 20 жоғары оқу орнын аса талап етілетін 100 мамандық бойынша жаңғырту және білікті мамандарды даярлауда халықаралық тәжірибені қолдану.

Дуальды оқыту бойынша мамандарды даярлау көлік, тау-кен, тамақ өнеркәсібі, ауыл шаруашылығы, құрылыс, жеңіл өнеркәсіп, қызмет көрсету, энергетика және байланыс салаларында 56 мамандық бойынша жүргізілуде. 276 кәсіпорынмен үшжақты келісімшарт жасалған, түлектер әрі қарай жұмысқа орналасу үшін тағылымдамадан өтеді. Облыстағы ірі кәсіпорындар — «Казхром» ҰТК» АҚ филиалы,  «Дөң тау-кен байыту комбинаты», «Қазпошта» АҚ,  «АМК Жарық» ЖШС, «Анвар» ЖШС, «Данай-Ақтөбе» ЖШС колледждердің басты серіктестері болып отыр.

Түлектердің соңғы бес айда жұмысқа орналасу көрсеткішіне тоқталсақ, дуальды оқыту бойынша 65% болса, жалпы жұмысқа орналасқандар 90,9%-ды құраған.

Елбасының әрбір өңірде үлгілі колледждер, кәсіпорындар базасында кем дегенде 2 салалық құзыреттілік орталығын құру тапсырмасына сәйкес, Хромтау техникалық колледжінің базасында, сондай-ақ политехникалық колледжде құзіреттілік орталықтары ашылған. Аталған орталық Дүниежүзілік «WorldSkills» қозғалысына қатысушылардың

жаттығуына, колледж студенттерінің заман талабына сай құрылғылар арқылы білім алуға мүмкіншілік береді. Жалпы бүгінде өңірдегі 5 колледжде құзіреттілік орталықтары жұмыс жасайды.

Д.АЙДАР.

Басқа жаңалықтар

Back to top button