Жаңалықтар

Полицейлердің жұмысымен танысты

Облыс әкімінің бірінші орынбасары Руслан Хамбаров, жергілікті мәслихат депутаттары полиция департаментіне барып, ондағы сервистік модельдің қалай іске асырылып жатқанын көрді.

Мемлекет басшысыныңІшкі істер министрлігіне, соның ішінде полицияға сервистік модельді енгізу және өңірлерде цифрландыруды дамыту жөніндегі міндеттерді қойғаны белгілі. Жоғарыда аталғандар соның іске асырылу барысымен танысты.

Облыстық полиция департаменті бастығының міндетін атқарушы, полиция полковнигі Қанат Әлиев Ақтөбедегі криминогендік жағдайдың жай-күйі туралы айтып, ІІМ жүйесінде қазір қандай реформалардың жүргізіліп жатқаны туралы айтып берді.

— Осыған байланысты облыстық полиция департаменті ұйымдық-штаттық құрылымды оңтайландыруды жүргізді.Қызметкерлерді әлеуметтік қорғау жақсарды. Бастапқы кезеңде біз 287 штаттық бірлікті қысқарттық, 26 басшылық лауазым, сондай-ақ артық басқару лауазымдары таратылды.

Сонымен қатар патрульдік қызметтің 500-ге жуық қызметкері сержанттардан офицерлерге ауыстырылды, бұл олардың жалақысын арттыруға мүмкіндік берді, — деді ол.

Сондай-ақ тұрғын үй, тұрмыстық мәселелерді шешу үшін қызмет көрсету аумағында өтемақы төленетін лауазымдар тізімінің кеңейтілгені айтылды.

Жалпы, биыл Ақтөбеде 5 стационарлық полиция бекеті орнатылды. Онда азаматтар тәуліктің кез келген уақытында барлық сұрақтар бойынша жүгіне алады. 5 жыл ішінде 12 стационарлық модульдік бекет және 16 учаскелік полиция пунктін салу жоспарланып отыр.

Қазіргі таңда облыстық полиция департаментіне жүктелген міндеттердің бірі —арнайы мекемелерде, азаматтарды уақытша ұстау бөлмелерінде, қаруды сақтау және беру бөлмелерінде, кезекші бөлімдерде, ішінара тергеушілер мен анықтаушылардың кабинеттерінде жаппай бейнебақылау жүйесін енгізу. Бүгінгі таңда  осы мақсатта 979 бейнекамера орнатылған.

Баяндамадан кейін арнайы топ жедел басқару орталығының жұмысымен де танысты. Депутаттар мен қоғамдық кеңес мүшелері «Азаматтарға арналған қабылдау» орталығыныңжағдайын да көріп, учаскелік полиция пункттерінің бірінде болды.

Облыстық мәслихат депутаты Талғат Салфиков жаңа форматта құрылған полиция департаментіне барып, «Азаматтарға арналған қабылдау»орталығынан алған әсерімен бөлісті:

— Мен үшін облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиясының мүшесі ретінде полицияға енгізілген жаңашылдықтармен танысу өте маңызды болды. Құқық қорғау органдарының жұмысына жаңа технологиялардың енгізіліп жатқаны қуантады, — деді.

Кездесу соңында облыс әкімінің бірінші орынбасары Руслан Хамбаров полиция өкілдеріне жергілікті атқарушы органдар әрдайым жан-жақты көмек көрсетуге дайын екенін жеткізді.

Айбек СЕРІКҰЛЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button