Денсаулық

Сапалы денсаулық сақтау жүйесі — ел дамуының айрықша факторы

Нұр-Сұлтан қаласында «Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасының Медициналық орталығы жүйесінде халыққа медициналық көмектің қолжетімділігін қамтамасыз ету» тақырыбында екі күндік семинар-кеңес өз жұмысын бастады.
Бұл орталықтың миссиясы — диагностиканың, емдеу мен оңалтудың жоғары технологиялық әдістерін қолдана отырып, медициналық көмекке қол жеткізу арқылы қазақстандықтардың денсаулығын сақтау және қолдау. Орталықтың ведомстволық ұйымдарында бар заманауи жоғары дәлдікті көрсететін аппаратуралар мен озық технологияларды пайдалану, ғылыми жетістіктер мен кәсіби кадрлар кардиологиялық, неврологиялық және онкологиялық ауруларды ерте анықтауға ықпал етеді.
Аталған іс-шараның негізгі мақсаты — аса күрделі ауруларды емдеудегі отандық медицинаның мүмкіндіктерін, әлеуеті мен жетістіктерін көрсету, орталық ауруханаларының қызмет бағыттарымен таныстыру, бірегей операциялар жүргізілетін жаңа жабдықтарды көрсету.
Семинар барысында қазіргі заманғы ғылымның инновациялық бағыттарының бірі — ядролық медицина мен Сovid-19 пандемиясы жағдайында денсаулық сақтау жүйесінің жұмысын тиімді ұйымдастыру мәселелері талқыланады.
Семинар қатысушылары мен қонақтарына Қазақстан Республикасы Президенті Іс Басқармасы Медициналық орталығының басшысы Сәуле Қисықова құттықтау сөз сөйледі.
Ол қазақстандықтардың заманауи медициналық қызметтерге тең қол жеткізуі үшін денсаулық сақтау жүйесін дамытудың маңыздылығын атап өтті.
— Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесін енгізу біздің орталықтың медициналық ұйымдарына Қазақстан Республикасының халқына медициналық қызмет көрсету бойынша бәсекелес ортаға кіруге мүмкіндік берді. Бірыңғай ұлттық денсаулық сақтау жүйесінің негізгі қағидаты науқастың дәрігерді және медициналық ұйымды еркін таңдау құқығы болып табылады. Бұл құқықты еліміздің барлық өңірлерінен 100 мыңнан астам азамат пайдаланып, біздің ауруханаларда ем алды, — деді ол.
Семинар-кеңестің жұмысына Нұр-сұлтан қаласындағы Президенттік клиниканың, Алматы қаласының орталық клиникалық ауруханасының (Совминка) басшылары мен жетекші мамандары, ҚР Денсаулық сақтау министрлігі мен өңірлік денсаулық сақтау басқармаларының өкілдері, еліміздің жетекші ғалымдары, сондай-ақ Германия, Франция, Түркия, Ресей, Грузия, Әзірбайжан, Балтық елдерінің клиникалық бағыттағы шетелдік медициналық орталықтардың беделді мамандары қатысуда.

Басқа жаңалықтар

Back to top button