Таным

Қыран бүркіт не алмайды, салса баптап…

Нағыз қазақ жігітінің қазынаға қосқан бір серігі қыран бүркітті ата-бабаларымыз текті құс деп бағалаған. Ата-бабаларымыз бүркітті қадірлейтіндігі соншалықты, ол өлсе, иесі оны қауырсын, мамығы, құйрығы, басы, тұяғымен, кейде «бітеу» немесе жара сойып, үй төріне қанатын кере іліп қоятын болған. Бұл «бүркіттен пәле-жала қашады» деген нанымнан туса керек. Бүркіттің мамығын жастыққа салып жатса, басты пәледен сақтайды деседі. Құстың саусағын, тырнақтарын тұмар ретінде қолданған.

Құсбегілік хандар мен төре, билердің, сал-серілердің қолы бос кездегі ермегі болса, тұрмыстық жағдайы нашар отбасылардың күнкөріс көзі болыпты. Жаугершілік, аштық-жұт жылдары қолға үйретілген құстармен тұтас ауылын асыраған құсбегілер де болыпты.   

Халқымызда «Ер жігіттің қайғысын қыран бүркіттің қияғы, жүйрік аттың тұяғы кетіреді» деген сөз бар. Саятшылықты, құсбегілікті өнер деңгейіне көтере білген қазақ халқының әдебиетінде бүркіт жайлы жазбалар баршылық.

Әйгілі герцог Бургундскийдің өз заманында баласына түркі тайпасынан 12 ақ тұйғынды сатып алғаны, ал Карл V-тің бірнеше сұңқар үшін Мальта аралын тегін беріп жібергені, Жошы ханның 3 мыңға жуық қыранды, Абылай ханның 500 бүркіт пен 300 қаршыға мен сұңқарды баптап ұстағаны, Ұлы Абайдың, Шоқанның, Жаяу Мұсаның, Үкілі Ыбырайдың, Біржан сал мен Ақан серінің, т.б. саятшылық өнерден мақұрым болмағаны әдебиеттерде көп айтылады.

Кішкентай Бельгияда 90-ға жуық бүркітші, ал Испанияда 160-тың ар жақ-бер жағында құсбегі бар деседі. «Бүркітшілік қолыңнан келмесе сен нағыз араб емессің» деген принципті ұстанған шейхтар аңға салатын құстарының томағасын алтыннан құйып, інжу тастармен әшекейлейтін көрінеді…

Елімізде бүркіттің жеті түр мекендейді екен. Олар ұясын еліміздің оңтүстігіндегі адам аяғы баспаған мұзарт шыңдар мен қия жартастарға, ормандарда кездесетін бүркіттер алыс түкпірлердегі кәрі ағаштың ұшар басына салады. Бүркіт сақ келеді, адам көзіне түспеуге тырысады екен. Күз мезгілінде балапандары есейген уақытта ұясымен топтанып ұшып, шырқау биіктерде самғайды.

Бір қызығы, оның бір мәрте жұмыртқа салған ұясын үрім-бұтағы таусылғанша пайдаланады екен. Түрі де ұя салған тасына байланысты, яғни тас қара болса, бүркіттің түрі қара, қызыл болса, қызыл реңді болып келеді екен.
Бүркітті негізінен екі жолмен ұстайды. Түзден ұсталған құсты қолға үйрету үшін кемінде бір-екі жыл керек. Ұрғашы бүркіттің ішіндегі жұмыртқасы шіріп, өліп кетсе, еркек бүркіт құсадан өлуі мүмкін. Сондықтан бүркітті қанаты қатпаған сары ауыз балапан кезінде ұядан алып, баулыған дұрыс. Бауырын жазбаған ақүрпек балапан қолға тез көндігеді екен. Балапанды алған соң оған балақбау тағып, томаға кигізеді. Ең алдымен бала бүркітке шырға тартқызады. Үш-төрт қадам әрі барып, аяқбаудың ұшынан ұстап тұрып биялайлы қолындағы етке «кел, кел» деп шақырып үйретеді. Бұдан кейін түлкінің бас терісінің, не қоян терісінің ішіне кішкене ет немесе өкпеге қант сеуіп тығып қою қажет. Сонан соң оны ұзын жіп жалғап сүйрете қашып, бүркітті соған түсіреді. Мұны далбай тастап, шырға тарту дейді. Далбайдан соң тірі аңдарды шырғалап, балапанды енді соған түсіреді. Оны «тірілеу» деп атайды. Тірілеуден кейін құс қайыруға келеді. Қайыруға келген құс әбден үйренген құс болып есептеледі.

Бүркіт күніне бір килограмдай жем жей алатын, жемсіз жарты ай жүре алатын өте төзімді құс. Жанары адам көзінен 5-7 есе өткір және ол Күн нұрына тіке қарай алатын жалғыз жаратылыс иесі. Ол аспанда қалықтап жүріп бір жарым-екі шақырымнан да көлемі бір қарыстай жәндікті көре алатын ерекше қабілетке ие.

Бүркіт ұзақ, 30-50 жыл, тіптен одан да көп жасайды. Онымен 15-20 жыл аң аулауға болады. Дегенмен, жыл өткен сайын қайраты қайтып, әлсірей береді. Қайраты таусылған бүркіт биік тау жартасты, құзға барып өзін-өзі төменге тастап  өледі екен…

Бүркітшінің сөздігі

«Биялай» — ірі қара малдың иленбеген терісінен тігілген қолғап. Оның ішінде киізден жасалған қолғап тағы да болады. Қолғап тек оң қолға арналып тігіледі. Ол бүркіттің өткір тырнақтарына шыдамды, қолды жараламайтындай болып жасалады.

«Томаға» —  жұмсақ әсем былғарыдан жасалған бүркіттің басына кигізіп, көзін жауып қоятын қалпақша. Бүркіттің көзі ашық тұрса, көзіне көрінген мақұлыққа талпынып, тыныш отыра алмайтын болады. Сол себепті бүркіттің басына томаға кигізіп қояды. Томаға бүркіттің басына дәл етіліп тігіледі, не тар, не кең болмауы тиіс.  Томаға әртүрлі зергерлік заттармен әшекейленгендіктен, өте қымбат заттардың қатарына жатады.

«Тұғыр» —  бүркіттің қонып отыратын орны. Ол әртүрлі ағаштардың иіліп өскен түбірінен кесіліп алынады. Оларды өңдеп, мәніне келтіріп, бүркіт қонып отыратын жеріне кигіз шегеленеді. Қыран құс отыратын тұғырға шығыршық қағып, бау байлауға ыңғайлы етеді. Тұғырдың бірнеше түрлері болады.

«Балдақ» қолға алынған құсты тіреуге арналып жасалады.  Бүркітті аң аулауға алып шыққанда бүркіттің салмағынан қол тез талып кетеді. Сондықтан да қол талмау үшін қолдың астына балдақты тіреп қояды. Өйткені балдақтың үстіңгі жағында білек тұратын ыңғайлы ашасы болады. Балдақтың төменгі жағына тесік жасап, оған қайыс өткізіп, ердің қасына байлап қоятындай етіп жасайды. Балдақтың төменгі жағы ердің қасына мықтап бекітіледі. Балдақ негізінен сүйегі мықты ағаштардан жасалады. Оның бірнеше түрлері болады.

«Жемқалта» — кішкентай ғана төртбұрышты дорба.  Оған бүркітті қолға үйрету үшін біраз жас ет салып қояды. Дорба киізден тігіледі, сыртқы жағын мықты материалмен қаптайды.

«Аяққап» — арнаулы, кішкентай қолғап саусақтарына аңдарды ұстаған кезінде олар бүркіттің аяғын шайнап тастамау үшін қолданылады. Ол мықты темірден жасалынады.

«Жезтұяқ» — металдан жасалған тырнақ протез.

«Сүзу» — шұғалардан есіліп жасалынатын жіптер. Жабайы жыртқыш құстарды қолға үйреткен кезде құс аспанға шарықтап ұшып кетпеу үшін пайдаланылады. Бұл құстардың аспанға жоғары көтеріліп ұшпауын реттеп тұруға қажетті нәрсе.

«Ырғақ» — жабайы құстарды қолға үйретуге қажетті зат. Жабайы құстарды ұстап алғанда қолға бірден тез үйреніп кетпейді. Ырғақ сол үшін керек. Ол үшін ағашты кесіп алып, оның екі басына арқан байлап әдейі орнатылған діңгектердің арасына байлап қояды. Ырғаққа қонақтаған бүркіт үнемі ырғалып қозғалып тұрады. Бүркіт жығылып қалмайын деп үнемі салмаған реттеп, ұйқы көрмей тұрып алады. Ұйықтайын десе, ырғақ тербеліп кетіп, бүркіт жығылып қала жаздайды. Осылайша әбден шаршаған құс қолға  тез үйреніп кетеді.

«Түтік» құстың өңеші арқылы ішіне әртүрлі сұйық зат құю үшін пайдаланылады. Құс ауырған кезде дәрі беріп емдеу үшін  арнаулы түтік қолданылады. Ол жіңішке ағаштардан немесе құстың асықты жілігінен жасалады. Түтік жасау үшін ағаштың өзегін алып тастайды. Сыртын мұқият түрде өңдейді.

Бүркіттің жасына байланысты түрлі атаулары бар: Бір жасары — Балапан құс. Екі жасары — Қаң түбіт. Үш жасары — Тірнек. Төрт жасары — Тастүлек. Бес жасары — Мұзбалақ. Алты жасары — Көк түбі. Жеті жасары — Қана. Сегіз жасары —Жаңа. Тоғыз жасары — Барқын. Он жасары — Баршын. Бүркітшілер өз құсына 20 жасқа дейін түрлі ат таңатын көрінеді. Оның себебі қазақ құсбегілері бүркітті жиырма жастан асырып ұстамайды.

Бүркіт түрлері

Ғалым Әлкей Марғұлан «Саят құстары» атты еңбегінде бүркіттерді бірнеше топқа бөліп көрсетеді. Ғалымның айтуынша, тек жағынан және мекендейтін орындарына байланысты биология ғылымы оларды бес топқа бөледі екен. Қараңыз:

Бірінші топқа кіретін бүркіттер — шөлейт, суық өлкелерде, Орал тауында, күнбатыс Сібірде жүретін бүркіттер. Бұл тектің қыранына қазақ аңшылары ескі кезден «Оралдың ақиығы» деп ат берген. Олар Орал, Мұғалжар тауларын мекендейді. ХVII-ХІХ ғасырларда башқұрт аңшылары ақиықты Орал тауынан көптеп ұстап, Орынбор, Уфа, Троицк қалаларында болатын жәрмеңкеде қазақ саятшыларына өте қымбат бағаға сататын болған.

Қыран бүркіттердің енді бір тегі — «Алтайдың қара тарланы». Бұл — Алтай тауынан күнбатыс Сібірге дейін тараған ең ірі, ең алпауыт құстың бірі. Мұны қазақ аңшылары ертеректе «Алтайдың мұзбалағы» деп атаған. Алтайдың мұзбалағының жүні қара тарлан, балақ бауыр жүндері қоңыр түстес болады. Қырдағы саятшылардың бақылауынша, Алтайдың мұзбалағы күзге қарай Сібір өлкесінен басқа Тарбағатай, Шыңғыстау, Қарқаралы, Балқаш төңірегінде де көбірек кездеседі екен.

Бүркіттердің енді бір тегі оңтүстік өлкедегі Алатау, Памир тауларын мекендейді. Олар — Алтайдың мұзбалағынан кейінгі бүркіттің аса бір тегеурінді, ең ірі тегінің бірі.  Бұлардың тегін қазақ саятшылары «үш шүгел» деп атап, «мұзбалақ шүгел», «шошақты шүгел», «сүйелді шүгел» деп бөліп қарастырады. Ерекшелігі — бәрінің балақ жүні шудаланып, саусағына түсіп тұрады. «Шошақты шүгелдің» желкедегі қара құсы аударылып, сыртына шығыңқы келеді. «Сүйелді шүгелдің» аяқтары басқа бүркіттің аяғынан гөрі сүйелді болады.

Бүркіттерді қазақ саятшылары осы негізгі түрлерінен басқа мекен еткен жеріне және жүндерінің түсіне қарай тағы да 12 түрге бөліп айтады. Бұлар жоғарыда айтылған «Оралдың ақиығы», «Алтайдың мұзбалағынан» басқа «Қазықтының қарагері», «құмның қызылкөзі», «Желектінің жирен тұяғы», «Ертістің сарышолағы», «қарағайдың қоңыр аласы», «Есбалақтың есерсоғы», «Дересіннің шұбары», «Жанбауырдың жарғыш тұяғы», «өлтірмей бермес өтеген», «несібелі байқасқа» деп аталады. Бұлардан басқа әрбір құстың түріне қарай «сарышегір», «сары құс», «қарашегір» деп аталатын түрлері бар.

Бүркіттердің ішіндегі денесі үлкен, көзі ақшегір, жүндерінің түбі ақ, ұшы қара, иық, омырау, балақ жүндері сарғыш болып келетін тұқымын «Қазықтының қарагері» деп атайды. Мекендейтін жерлері — Орал, күнбатыс Сібір. Қазықты — тау аты. Құстың аты соған байланысты қойылған.

Түсі — құмның түсіне ұқсайтын керлеуіт, қысық көз, жылан бас, беті қара қылшықты, шыныдай таза көк тұмсығы бар, иығының арасы кең, ашамай сүйекті, езуі қалың қара қыл, жапырақ жүн, балағы қызыл шудалы келетін бүркітті «құмның қызыл көзі» деп атайды. Бұл құм, шөлдерде жүретін құс. Ұялайтын жері — шағыл құмның іші, сексеуілдің басы. Жүретін жері — Сарысу, Шу өзендерінің маңы, Қаратау, Сырдария төңірегі.

Егер сүйегі шымыр, жүні шымқай сары болып, түсі суық, көзі өткір, балақ жүні қып-қызыл бояудай болып келсе, оны «Желектінің жирен тұяғы» дейді. Желекті — жер аты. «Желектінің жирен тұяғы» — Сырдария, Қаратау маңында жүретін құс.

Денесі кең, саны жуан, шудасы төгіліп тұратын сап-сары, құйрығы қысқа, шалғысы ұзын бүркітті «Ертістің сарышолағы» деп атайды.  Ол Ертіс өзенінің күншығыс-солтүстік жағындағы Шұбар дейтін қалың қайыңның ішінде ұялап өседі.

Бүркіттердің енді бір тегін «қарағайдың қоңыр аласы» дейді. Оның саусақтары салалы жуан, тұмсығы ұзын жебелі, кең иықты, денелі, боз шуда, ақ балақ, көзі көкшіл, шегір көз болады. Ол Ертіс өзенінің күншығыс жағындағы қалың қарағайдың ішінде ұялайды.

Епсіз ұшатын құсты «Есбалақтың есерсоғы» дейді. Мұның аты да Есбалақ дейтін жердің атынан шыққан. Есбалақ, Есенгелді — Алатау мен Тарбағатайдың арасындағы биік таулар. Саятшылардың көбірек құмар болатын құсы — «Дересіннің шұбары». Дересін — жер аты. Бұл — шүгел қырандар тегінен тараған бүркіттердің бірі.

Бүркіттердің тағы бір түрі — өтеген. Өтеген — жер аты емес, бүркіттің тегінің аты. Ол орманды жерді мекендейтін «сары» тұқымына жатады. Қайратты, ұшқыр, аяғынан аң сытылып кете алмайтын бүркітті «Өтеген» дейді. Елгезек, ту құйрығы бірыңғай ақ, ұш жағы қара болып тұрса, мұндай құсты саятшылар «несібелі байғасқа» дейді. Өйткені ол аса күтімді талғамай, аңға қанша қосса да жалықпай ала беретін, көнбіс қыран бүркіттің тегіне жатады.

Әзірлеген М.САТАЕВА.

Басқа жаңалықтар

3 Comments

  1. • шабыттап ұшу
    • шалықтап ұшу
    • шарықтау сызып ұшу
    • жабыттау сузіп ұшу
    • жебей көлбей самғай ұшу
    • жер бауырлай ұшу, әуелей, қисық ұшу
    • қиғаш ұшу.-жайлы дерек бере аласыздар ма,,,

Пікір үстеу

Э-пошта мекенжайыңыз жарияланбайды.

Back to top button