Білім

Тарихы терең мамандық

Ақтөбе гуманитарлық колледжінде 1922 жылдан бері бастауыш білім беру мамандығы бойынша мамандар даярланып келеді. Нормативтік оқу мерзімі күндізгі және сырттай бөлімдерде 3 жыл 10 ай, 2 жыл 10 ай.

Бөлімде «Педагогика және психология», «Жаратылыстану және дене тәрбиесі» оқу-әдістемелік бірлестігі бойынша 24 оқытушы бар. Олардың барлығы жоғары білімді мамандар. Біліктілік деңгейі бойынша жоғары санатты — 10, І санатты  7 және 9 магистр маман бар. Оқытушылардың сапалық құрамы — 79 пайыз.

Білім ордасының білім-ғылым және мәдениетін өркендету жолында, ұлттық тәрбие мен білім беру саласында игілікті істер атқарған ардагер  ұстаздарымызды мақтанышпен айта кету керек. Олардың қатарында Н.Беріков, Б.Досмырза, Д.Өтегенова, С.Нұрмағанбетова, А.Қарабалаева, Б.Ерғалиева, Г.Үсенова, М.Мадарова, Д.Шаукарова, А.Төлегенова, С.Шевченколар бар. Сонымен қатар мамандар даярлауда өлшеусіз еңбек атқарып келе жатқан Н.Амандыкова, К.Ниетбаева, С.Құдайберген, М.Сейтен және Н.Тоқсанбаев секілді ұстаздарымыз есімдерін атап өтуге тұрарлық.

Қазіргі таңда бастауыш білім беру мамандығының «Бастауыш білім беру мұғалімі» біліктілігі бойынша бітірген түлектер жемісті еңбек етіп, білім беру саласының дамуына өзіндік үлестерін қосуда. Олардың бірі ғылым кандидаты, жоғары оқу орындарының үздігі атанса, енді бірі жоғары оқу орнында оқытушылық қызмет атқаруда. Сондай-ақ мектеп директоры, директордың орынбасары қызметтерін атқарып жүргендер де бар.  Ең бастысы ұлағатты ұстаздар берген білім мен тәрбие әр шәкірттің бойында берік ұстаным болып қалыптасып, кәсіби құзыретті маман болуына ықпалын тигізді.

Бүгінде жаңартылған білім беру мазмұнын енгізу бағытында озат, тәжірибелі мектептермен тығыз байланыс орнатылған. 2019 жылдан бастап колледжде техникалық және кәсіптік білім беру жүйесін модернизациялауға байланысты дуальдық оқыту жүйесі енгізілді. Инновациялық әдістер мен ақпараттық технологияларды қолдану арқылы білім алушының ойлау қабілетін, ізденушілігін дамытуда ғылыми-әдістемелік жұмыстардың маңызы зор. Оқытушылар жылдан- жылға республикалық, облыстық пәндік олимпиадаларға, ғылыми шығармашылық бағыттағы түрлі байқау, сайыстарға, ғылыми-зерттеу жұмыстарына,  педагогикалық тренингтерге қатысып, кәсіби деңгейлерін үздіксіз көтеріп келеді. Болашағы баянды, келешегі кемел білім ордасының жетістіктері алдағы уақытта да еселене беретіні сөзсіз. Қажырлы еңбек, үздіксіз ізденіс, қарымды қабілет колледж ұжымының негізгі ұстанымы болып қала бермек.

Ақтолқын БӨРІБАЙ,

Ақтөбе гуманитарлық колледжінің

бастауыш білім беру бөлімінің меңгерушісі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button