Мәдениет

Ақтөбеде «Ақберен» өнер байқауы басталды

Бүгін Ақтөбе қаласындағы Шығармашылық академиясында ҚР Білім және ғылым министрлігінің «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының ұйымдастыруымен шығармашыл оқушылар арасындағы VІІІ республикалық «Ақберен» өнер байқауы басталды.
Байқауға еліміздің барлық облысынан, Нұр-Сұлтан, Алматы және Шымкент қалаларынан, сондай-ақ Назарбаев Зияткерлік мектептері мен республикалық білім беру ұйымдарынан 108 жас (8-11 сынып оқушылары) қатысуда.
Байқауды ұйымдастырушылардың бірі, «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының бөлім басшысы Зәуре Аманованың айтуынша, республикалық кезеңде қатысушылар 6 номинация бойынша өнер көрсетеді. Атап айтсақ, «Шешендік, білгірлік сайысы», «Көркемсөз оқу», «Эссе жазу», «Ұлттық аспапта өнер көрсету», «Ақындар айтысы» және «Ақындар мүшәйрасы».
— «Ақберен» өнер байқауы — жыл сайын еліміздегі өнерлі, дарынды оқушылардың басын қосып, үздіктерді анықтайтын жоба. Бұл жобаның негізгі авторлары — Әшірбек Сығай мен Мырзатай Жолдасбеков. Биыл сегізінші мәрте өтіп жатқан байқаудың жастардың, әсіресе, бағалауда, олардың дарынын шыңдауда, өнерге, әдебиетке баулуда маңызы зор. Биылғы байқауда белгілі ақын Аманжол Әлтай бастаған белгілі ақын-жазушылар мен өнер майталмандары жастардың өнерін бағалап, қазылық етуде. Екі күнге созылатын байқауда біз шын жүйріктер мен шығармашыл оқушыларды анықтайтын боламыз, — дейді З.Аманова.
Айта кету керек, байқаудың қорытындысы ертең жарияланады. Ресми шарада жеңімпаздар мен жүлдегерлер «Дарын» республикалық ғылыми-практикалық орталығының алтын, күміс, қола медальдарымен және І, ІІ, ІІІ дәрежелі дипломдарымен және бағалы сыйлықтармен марапатталады.

Д.ҚАЗИХАН.

Басқа жаңалықтар

Back to top button