Жаңалықтар

Жамановтар әулеті — «Еңбек жолы» байқауының жүлдегері

Елордада «Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамы» республикалық форумы өтті. Ел Тәуелсіздігінің 30 жылдығына арналған форум барысында еңбек ардагерлері мен «Еңбек жолы» республикалық байқауы жеңімпаздары марапатталды. Аталған байқаудың «Үздік еңбек әулеті» номинациясы бойынша жүлделі екінші орынға Ақтөбе облысынан қатысқан хромтаулық Жамановтар әулеті лайық деп танылды.   

Жамановтар — Дөң кен байыту комбинатында бірнеше буын өкілдері жұмыс жасап келе жатқан еңбек әулеті. Әулеттің басшысы, бүгінде бас механик болып еңбек етіп жүрген Байназар Жаманов «Қазхром» компаниясының филиалы — Дөң кен байыту комбинатына 1975 жылы келгенін, кейін бауырлары да ізіне ере бастағанын айтып берді.

— Қазіргі таңда комбинатта біздің әулеттің балалары мен келіндері жұмыс жасап жатыр. Олардың арасында инженерлер, тау-кен мамандары, механиктер, теміржолшылар, дәнекерлеушілер, электр мамандары бар. Әулеттің комбинаттағы жалпы еңбек өтілі 300 жылдан асады. Елордада өткен форумда елімізде еңбек адамының беделі мен табысын арттыруға арналған кешенді іс-шаралар жасалып жатқаны айтылды. Меніңше, жастарды бала кезден еңбексүйгіштікке тәрбиелеу керек, — дейді Байназар Жаманов.

«Еңбек Жолы» республикалық байқауы 2016 жылдан бері ұйымдастырылады.  Облыстық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар басқармасының бас маманы Айымгүл Нұғманованың айтуынша, биылдың өзінде байқауға облыс тұрғындарынан 26 өтініш түскен. Атап айтсақ, «Үздік еңбек әулеті» номинациясына — 10, «Жастармен жұмыс істейтін үздік тәлімгер» номинациясына — 9, «Өндірістің үздік жас маманы» номинациясына —  7 өтініш.

Еске сала кетсек, 2019 жылы «Еңбек жолы» республикалық байқауына облыс кәсіпорындарынан 20 үміткер қатысты. Байқаудың республикалық кезеңінде «Үздік еңбек әулеті» номинациясына «Қазхром» компаниясының филиалы — Ақтөбе ферроқорытпа зауытының  металлургтер әулеті — Ізбасовтар ие болды. Ал былтыр байқаудың облыстық кезеңіне қатысуға 24 үміткер өтініш білдіргенімен, елдегі пандемия жағдайына байланысты байқау өтпей қалды.

Айнұр ІЛИЯСҚЫЗЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button