Жаңалықтар

Құжат электронды түрде қабылдана ма?

Редакцияға хат

«Жақында бесінші сәбиімді дүниеге әкелдім. Баланың тууына байланысты берілетін жәрдемақыны алу үшін үйден шықпай-ақ құжаттарды қалай тапсыруға болады?» — деп хат жолдапты Г.Әліпова есімді Ақтөбе қаласының тұрғыны.

РЕДАКЦИЯДАН:

Бұл сұраққа «Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Ақтөбе облысы бойынша филиалының PR-менеджері Сәуле Хамидолла жауап берді:

— Бүгінгі таңда құжаттарды үйден шықпай-ақ тапсыру мүмкіндігі қарастырылған. Электронды жәрдемақыны тағайындау жолы egov.kz порталы арқылы жүзеге асырылады. Электронды көрсетілетін қызмет атауы — «Бала бір жасқа толғанға дейін оның күтіміне байланысты кірісінен айырылу жағдайына әлеуметтік төлем тағайындау». Ол үшін алдымен азаматшаның электронды цифрлық қолтаңбасы болуға тиіс. Сондай-ақ барлық баланың туу туралы куәлігі және 20 цифрлы дербес шоты қажет.

ҮЙІМІЗДЕ ТАРАҚАН ҚАПТАП КЕТТІ

«Ақтөбе қаласы Теміржол вокзалы маңындағы 8 март көшесіндегі №12 үйде тұрамын. Біз тұрып жатқан үйдің төменгі қабатында екі кафе орналасқан. Аталған мекемеде санитарлық тазалық сақталмаған. Соның кесірінен үйімізге тарақан қаптап кетті. Улау жұмыстарының түр-түрін жасадық. Бірақ еш пайда жоқ. Бұл бойынша бірнеше жерге шағымдандым. Бірақ нәтиже жоқ. Осы мәселе бойынша қайда хабарласуға болады?» — дейді қала тұрғыны Айнаш Қалматева.

РЕДАКЦИЯДАН:

Біз осы мәселе бойынша облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаментіне хабарластық. Департаменттің баспасөз қызметінен төмендегідей жауап келді:

— Аталған азаматша Ақтөбе облыстық санитарлық-эпидемиологиялық департаментіне жазбаша түрде қолы қойылған өтініш беруге тиіс. Бұл департамент мамандарына жоспардан тыс тексеру жасауға және қандай да бір шара қолдануға мүмкіндік береді. Ақтөбе каласының тұрғындары өз өтініштерін Ақтөбе қаласы Сәңкібай батыр даңғылы, 1 (ПОШ ғимараты) мекенжайындағы 1-қабат 117-кабинетке әкеліп тапсыра алады. Телефон нөмірлері: 55-77-84, 95-98-40, 55-76-78.  Өтінішті үйден шықпай еgov сайты арқылы жіберуге болады. Бұл үшін электронды цифрлық қолтаңба кілтіңіз болуы қажет.

БІР МЕЗГІЛДЕ БІРНЕШЕ ЕМХАНАҒА ТІРКЕЛУ МҮМКІН БЕ?

«Елімізде 15 қырқүйектен бастап емханаға тіркелу науқаны жүріп жатыр. Осыған байланысты көкейде жүрген сұрағым бар еді. Бір адам бірнеше емханаға тіркеле ала ма?» — деп әлеуметтік желі арқылы сұрақ жолдапты Әсел есімді оқырманымыз.

РЕДАКЦИЯДАН:

Оқырманның бұл сұрағына «Әлеуметтік медициналық сақтандыру қоры» Ақтөбе облыстық  филиалының директоры Алтай Оразбағамбетов келесідей жауап берді.

 — Жоқ. Өкінішке қарай,  бір адам бірнеше емханаға қатарынан тіркеле алмайды.

Тіркеу жеке сәйкестендіру нөмірі (ЖСН) бойынша жүзеге асырылатындықтан, азаматтар тек бір емханаға тіркеле алады, бұл ретте бұрынғы емханадан есептен шығару автоматты түрде жүзеге асырылады.

Ақерке САТЫБАЛДЫ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button