Білім

Жаңа мектеп — жетістіктердің бастауы

Биыл Ақтөбе қаласындағы Батыс-2 ауданынан «Білім» мектеп-гимназиясы ашылғаны белгілі. Оқушылар жаңа оқу жылын еңселі білім ордасында қарсы алып, қуанышқа бөленді. Біз Тәуелсіздіктің 30 жылдығы қарсаңында ел игілігіне берілген жаңа мектептің тынысымен танысқан едік…

Заманауи үлгідегі білім ордасы

Мектеп директоры Айгүл Арынғазиваның айтуынша, қазіргі таңда мектепте 3 мыңға жуық оқушы білім алады. Қазақ және орыс тілдерінде білім беретін мектептің 1-сынып табалдырығын 621 бала аттады.

— Мемлекет басшысы өскелең ұрпаққа заман талабына сай сапалы білім алуы үшін тиісті жағдайдың барлығы жасалуы керектігін үнемі айтуда. Біздің өңірімізде де балалардың сапалы білім, саналы тәрбие алуы үшін мүмкіндік мол. Осы ретте білім ордалары біздің үміт күтер жас буын балғындардың екінші үйі деп айтсақ болады. Ал сол оқу ғимараттарымыз балалардың көңілінен шығатындай дәрежеде болуы, олардың білімге деген құштарлығын арттырары сөзсіз. Біздің өзге мектептерден ерекшелігіміз — ғимарат жаңа, заманауи үлгіде, ерекше жобамен салынған. Мектептің құрылысына жекеменшік мердігер 3 миллиард теңгеге жуық қаражат жұмсаған, — дейді ол.

Үш қабатты зәулім мектепте бірнеше білім блогы бар. Олар: оқу, әкімшілік, білім беру, және спорт блоктары. Онда сынып кабинеттері, мектеп әкімшілігіне, шет тілдерін үйренуге, еңбек тәрбиесіне арналған, физика мен химия мамандандырылған кабинеттері, компьютерлік сауаттылық пен информатиканы оқуға арналған 11 кабинет, оқу залы бар кітапхана, 500 орындық асхана, 500 орындық акт залы, спортзал, робототехника, процедуралық бөлме, дәрігер, психолог пен логопед кабинеттері бар.

Сондай-ақ мектепте қосымша білім беру жұмыстарына ерекше ден қойылған. Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ақерке Мырзағұлованың айтуынша,

36 үйірме жұмыс жасайды. Олар бірнеше бағыт бойынша жүргізіледі. Спорттың волейбол, баскетбол, теннис, шахмат, шығармашылық бағытта би, ән, вокал, хор үйірмелері жұмыс істейді. Сонымен қатар оқушылар ағылшын, қытай, кәріс, түрік тілдерін үйренуге мүмкіндіктері бар. Сабақтан тыс спорттық секциялар тегін, қалған үйірмелердің барлығы ақылы түрде жүргізіледі. Жақында үрлемелі аспаптар, вокал ансамбльдерін ашу жоспарланып отыр. Ол үшін арнайы аспаптарға тапсырыс берілген.

— Мектеп жеке инвестордың қаражатына салынғанымен, балалар мемлекеттік тапсырыс арқылы тегін білім алады. Яғни мемлекеттік мектеп секілді жұмыс істейтін болады. Сондай-ақ ата-аналардың қалауы бойынша бастауыш сыныптарда ақылы бөлімдер де ұйымдастырылған. Мұнда балалар балабақшадағы секілді кешке дейін мектепте болады. Қазір бізде 18 ақылы сынып бар. Олар үш мезгіл тегін тамақтанып, қосымша үйірмелерге қатысады, — дейді Ақерке Мырзағұлова.

Жалпы мектепте 217 педагог жұмыс атқарады. Олардың басым көпшілігі — жоғары санатты мұғалімдер. Мектеп ұжымының 70 пайызы — жастар. Биыл 26 жас маман жұмысқа қабылданған. Солардың бірі — қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі Темірлан Әбдіғалиев.

— Ақтөбе қаласындағы Сақтаған Бәйішев атындағы университетті бітірдім. Алғашқы еңбек жолым осы білім ордасынан басталды. Оқу жылының басында жас мамандарға арнайы тәлімгерлер бекітілді. Мұндағы мұғалімдердің барлығын өз істерінің мамандары деуге болады. Ұстаздық жолды таңдағаннан кейін осы салаға бар күш-жігерімді салып, тәжірибемді шыңдай түспекпін, — дейді ол.  

Гүлмира Жұбаева — 20 жылдан астам еңбек етіп келе жатқан педагог зерттеуші, ағылшын тілі пәнінің мұғалімі. Жаңа мектептің оқушыларға беретін мүмкіндігі мол екендігін айтады.

— Жыл сайын білім реформасына жаңартулар енгізіледі. Мұның барлығы — заман талабы. Сабақ барысында жаңа үлгідегі электронды тақталарды, түрлі ағылшын тіліне қажетті видеоматериалдарды қолданамыз. Мектепте шет тілінен үйірмелер жұмыс істейді. Қазір ағылшын тілі апталағының онкүндігі болып жатыр. Оған оқушыларымыз белсенді түрде атсалысуда.

Қазіргі кезде әлемде қарым-қатынастың басым бөлігі ағылшын тілінде жүргізіледі. Мектеп оқушыларына осы тілде оқытуда, олардың барлық зейінін тілге бұру маңызды рөл атқарады, — дейді Гүлмира Жұбаева.

Мұғалім шеберлігі — шәкірт жеңісі

Мектептің ашылғанына аз уақыт болса да, оқушылар түрлі байқауларға қатысып, жүлделі орындардан көрініп жүр. «Елбасы медалі» жобасының күміс жүлде иегері, «Алтын белгіге» үміткер оқушылардың бірі Дамир Алишев жаңа мектептен білім алып, білікті ұстаздардан тәлім алғанына қуанышты.

— Екі қарындасым бар. Үшеуміз де биыл осы мектепте білім алып жатырмыз. Мұғалімдер әр оқушымен жеке жұмыс жасайды. Болашақта менеджмент және бизнес мамандығын таңдап отырмын. Ол үшін мобилография курсын бітірдім. Басқа да осы салада жан-жақты ақпараттар жинап, хабардар болып жүремін.  Басты мақсатым — ата-анамның үмітін ақтап, еліміздің дамуына өзіндік үлесімді қосу, — дейді ол.

Ал 10-сынып оқушысы Диляра Ахметова мәнерлеп өлең оқудан түрлі байқаулардың жүлдегері. Оқуымен бірге мектептегі қоғамдық шараларды қатар алып жүр.

Өзім Батыс-2 аудананында тұрамын. Жаңа мектеп үйіме жақын болғандықтан осында ауыстым. Бұл мектепте заманауи талаптарға сай, оқушылардың жан-жақты білім алуына барлық жағдай жасалған. Мектепті аяқтап, медицина саласын таңдағым келеді. Хмимя-биология бағытындағы көптеген олимпиадаларға қатысып жүрмін. Бос уақытымда өлең оқығанды ұнатамын. Абай Құнанбайұлының 40-қа жуық өлеңін жатқа білемін, —  дейді Диляра Ахметова.

Директордың тәрбие ісі жөніндегі орынбасары Ақерке Мырзағұлованың айтуынша,

қыркүйекте Білім және ғылым министрі Асхат Аймағамбетов арнайы келіп, мектеп мұғалімдерімен кездескен. Бүгінде министрдің бастамасымен іске қосылған «Оқуға құштар мектеп — оқуға құштар ұлт» жобасы белсенді жүзеге асырылуда.

Бұл жоба барысында  әрбір ата-анаға сынып жетекшісі тапсырма береді. Яғни ата-ана күнделікті үйде 20-25 минут баламен кітап оқуға тиіс. Мұндағы мақсат — көркем әдебиетке деген құштарлықты ояту.

Сапалы білім — ел болашағын айқындайтын басты көрсеткіш. Отандық жоғары оқу орындарының алдында ой-өрісі дамыған, талантты, зерделі және ұлтжанды ұрпақ тәрбиелеу — біздің басты міндетіміз, — дейді ол.

Заманауи үлгіде салынған оқу ордасында жастардың сапалы білім алуына толық мүмкіндік жасалған. Жаңа мектеп жарқын жетістіктердің бастауы болады деген сенімдеміз.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button