Ескінің көзі
Облыстық тарихи-өлкетану музейінің «Руханият» көрме-залы көпшілікті экскурсияға шақырады.
«Руханият» көрме-залы өткен жылдың қазан айында облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешіті ғимаратында ашылған еді. Көрме залына ХІХ-ХХ ғасырлардағы ислам дінінің таралу тарихынан және өңірдің діни қайраткерлерінің, рухани ағартушылардың қызметі, киелі орындар, мешіттер жөніндегі мәліметтерден экспозициялар жасақталып қойылды.
— Зал экспозицияларында діни қайраткерлердің фотосуреттері, қолданған жеке заттары, Құран кітаптары мен қолжазбалары және облыс аумағындағы ескі мешіттердің макеттері қойылды. Атап айтсақ, залда Шәкен ишан мешітінің, Ойсылқара әулие кешен қорымының, Ақтөбе қалалық орталық мешітінің, Ойыл ауданындағы Көкжар мешітінің макеттері, Кеңес заманында Қобда жерінде молда болған, Ұлы Отан соғысының ардагері Шәріп молда Таңатаровтың келі-келсабы бар. Келі-келсапты баласы Төлеген Таңатаров тапсырған. Сонымен қатар Шалқар жерінде өмір сүрген, Ақтөбе аумағының мухтасибаты міндетін атқарған Аманғали ахунның жеке мөрі мен Құран кітабы да бар.
«Руханият» көрме-залына келушілер аталған тарихи құнды жәдігерлермен танысуларына болады. Жалпы, бұл залға 365 жәдігер қойылды, — дейді музейдің тарихшы маманы Әлібек Рамазанов.
Сағымбек ҰЛЫҚПАНОВ.