Ауыл

Ауылдан адам көшкенмен…

Ауыл — ел бесігі

«Адамнан ауыл көшпейді» деп келетін сазды әнді тыңдаған сайын, сонау Кіші Борсық құмының қойнауында қалған Бегімбет ауылы еске түседі. Біздің бала кезімізде ауылымыз «поселок Юный», «ГКС-11» деп  те аталатын. Кеңес дәуірінде, 1964 жылдан бастап Бұхарадан Орал тауларына дейін (Сібір аймағы)   магистралды газ құбыры салынған кезде жолшыбай соның бойына газды қысыммен  айдау стансалары мен  жұмысшылар тұратын газшылар поселкелерінің  құрылыстары қоса жүрді. Біздің ауылдағы стансаның нөмірі — 11. Қала типті газшылар ауылы (тіпті қалашығы деуге саяды) жап-жасыл бау-бақшалы болатын. Асфальт төселген түп-түзу көшелерді бойлай салынған  оты-суы ішінде, үлкенді-кішілі тас үйлер, дүкендер, наубайхана, аурухана, бастауыш мектеп, бір жағы көпшілік моншасы бар қазандық, балалар бақшасы, асхана, клуб, кафе, тіпті бассейн   70-80 жылдарда қаладағыға бергісіз нысандар еді. Оны айтасыз, қысы-жазы қияр-қызанағы үзілмейтін жылыжай болды десе, біреу сенер, біреу сенбес.  Шыңырау тереңнен шыққан артезиан суы ауыл ғана емес, айналадағы ГКС-10, ГКС-12 ауылдарын құбыр арқылы қамтып тұрды. Газшылар поселкесіндегі   дүкендер Жұмысшыларды қамту бөліміне (ОРС) қарайтын. Сондықтан азық-түлік, өзге де өнеркәсіп тауарлары күндіз-түні көлікпен, ұшақпен жеткізіліп тұрды. Жұмысшылар мен олардың отбасы мүшелері аудан орталығы Шалқарға тегін тікұшақпен қатынады. Ауылда орыстар көп болды. Кино үзілмейтін. Ой, заман-ай, а! 90-жылдардың топалаңы келді де, бәрі быт-шыт болды ғой.  «Балапан — басына, тұрымтай — тұсына»… Небір сүйегі берік нысандар «ұстағанның — қолында», «тістегеннің — аузында» кете барды.

Я тып-типыл қылып тегістеп тастаған емес, я қаз-қалпында сақтаған емес, бала кезімде мен барған, кейін тәрбиеші болып жұмыс істеген балалар бақшасының,    орта мектеп болған ғимараттың қаңқалары ғана қалыпты. Әнебір жылдары станса бастығын біреу беташарда «Грозныйдай тас-талқан, ГКС-11-ді басқарған» деп таныстырды деп еді. Тауып айтқан екен… Кезінде газшылардың «түкірігі жерге түспеген»,   ал қазір  иесіз қалған үйлері алқам-салқамы шығып, баяғы сән-салтанаттан жұрдай болған. Көше бойлап келе жатып қос бәйтерегі жайқалып әлі «тірі» тұрған, қабырғасында «Бұл үйде…» деп басталатын тақтасы ілініп, он баласы өрген біздің үй  көзіме оттай басылды.

Анам сүйенген шарбақтың «Бақыт» деген жазуы бар қақпасынан жылу табы білінгендей…

Әйтсе де, «тас ауылда» (ауызекі атауы) тіршілік нышаны атымен өшпеген. Әр жерде жеке дүкендер ашылған.  Ауданнан қатынайтын автобус жоқ, қазір жеке такси көліктері көбейген. Соңғы кездің сүбелі жаңалығы — ауыл үстімен  теміржол торабының тартылуы. Соның іргесімен жүретін  автокөлік жолы ауданмен екі араны біраз қысқартқан. Баяғыдай,  жолдағы әр елді мекенге  бір соғып, төрт сағат ырғалып жүрмей, бір жарым-екі сағатта жетіп барасың. Бірақ бір кездері газшылар поселкесіне іргелес қоныс тепкен «Айшуақ» совхозының аты қазіргі ауылдың  негізгі атауына айналыпты. Бірен-саран  бұзылған үйлердің орны болмаса, бұрын  «қазақ ауылы» делінетін ауыл-аймақтың айдарынан қазір жел есіп тұр. Жаңа өмірге бейімделген құтты мекеннің тыныс-тіршілігін ауыл басшысынан білмекке кеңсеге бұрылдық.

2018 жылдың қазан айынан бері Айшуақ ауылдық округінің әкімі  өзімнің оқытқан оқушым Оралбек Әбшанов екен. Жайдары, емен-жарқын есен-саулықтан соң, ауылдың жай-күйі туралы әңгіме  өрбіп кетті.

Ауыл әкімінің айтуынша, Айшуақ ауылдық  округі 2 елді мекеннен тұрады: Бегімбет және Есет ауылы. Жер көлемі — 766,4 мың га, жалпы аумағы жөнінен ауданда 4-орын алады. Округ бойынша  халық саны  — 1901, Бегімбет ауылы тірек елді мекені болып белгіленген.

Ауылдық округте 1 орта, 1 негізгі мектеп және 1 балабақша, 1 дәрігерлік амбулатория, 1 медициналық пункт жұмыс жасайды.    Округ тұрғындары жедел жәрдем автокөлігімен қамтылған. Дәрігерлік амбулаторияда 1 дәрігер, 5 медбике қызмет етеді.

Округ тұрғындарының үйлері орталықтанған кәріз жүйесіне қосылған.

2019 жылы Бегімбет ауылында Мәдениет үйі бой көтеріпті. Сонымен қатар осы жылы шағын футбол алаңы  іске қосылған. Округте Бегімбет ауылдық кітапханасы жұмыс жасайды. Сондай-ақ Оралбай Нұрпейісов атындағы бокс клубы бар, округ, аудан көлемінде ұйымдастырылған бокс, кіші футбол, баскетбол жарыстарына  ауыл жастары және мектеп оқушылары қатысып, жүлделі орындар алады екен.

Қазіргі ауылдың негізгі кәсібі — мал шаруашылығы. Округте 4979 бас мүйізді ірі қара, 19198 қой-ешкі, 2222 жылқы, 1480 түйе  бар.

Ауылдық округте барлығы 67 кәсіпкерлік субъектісі тіркелген. 45 шаруа  қожалығы, 8 азық-түлік дүкені, 4 киім-кешек дүкені, 1 тойхана, 1 дәмхана, 1 шайхана, 2 шаштараз, 1 дәнекерлеу қызметі,  3 жолаушылар тасымалы, 2 тігінші, 6 жеке сауда жұмыс істейді. 2020 жылы жеке кәсіпкер А.Қозыбақова наубайхана ашып, халық игілігіне жұмыс жасап тұр.   106 адам жұмыспен қамтылған.

«Туған жерге тағзым» акциясы бойынша округте 2020 жылы барлығы сомасы 3 млн 970 мың теңгені құрайтын 23 жоба жүзеге асырылса, 2021 жылдың 9 айындағы нәтиже бойынша 3 млн 458 мың теңгеге 16 жоба іске асырылыпты.

Ауылішілік және сыртқы жолдарды жөндеу және жақсарту бойынша 2020 жылы теміржол вокзалына қарай 1,2 шақырым жол салынған. Сонымен қатар, ауылға кіреберіс жолайрыққа Бегімбет ауылының белгісі орнатылған және орталық көшеде Бегімбет ауылы деп көрсетілген Қазақстан картасының моделі қондырылып, жарықтандырылған. Көше жарықтары жылма-жыл жаңартылып, жаңа көшелерге жоспарлы түрде қосылып отыр.

Туған жер  топырағының әр түйіршігін жатқа білетін ауыл басшысы  алдағы жоспарларымен де бөлісе отырды. Келер жылы жабық балалар спорт алаңының жобалық-сметалық құжаттары дайындалу үстінде, ауыл шетіндегі Жұмағұл деген жердегі құдық арнайы техниканың көмегімен аршылып, елді мекен малдарының су ішуіне жағдай жасалмақ…

Әрине, шағын ауылда біраз жұмыстардың атқарылғаны аңғарылады. Бірақ тұрғындардың да айтар назы аз емес. Бәрінен бұрын Beeline ұялы байланыс желісінің нашарлығы өз алдына бір төбе. Жан-жақтағы ағайын-туыс, бала-шағамен «жылдам хабар алғызбай» тұр.  Десе де ауылдың аты ауыл. «Айшуақ-сауда» деген чаттары бар екен. Айналаның  хабар-ошары да, бірлік те, тірлік те сонда.

Ауылдың сұрқын алған газшылар ауылы бөлігіндегі сүреңсіз ғимараттар жайлы сөз қозғалғанда, олардың бір кездері жекеге сатылып кеткенін, қайсыбірінің иелері тіпті өмірден озғанын, ал тегістеп бұзып тастау заңға қайшы келетінін және оған белгілі бір қаражат көздері қажет екенін қынжыла айтты. Бірақ осы келеңсіз жайлардың дұрыс шешім табарына сенім білдірді.

Ауыл жастарының дұрыс тәлім-тәрбиемен жетіліп келе жатқаны көңіл қуантады. Имам Нұрдәулет Әуезов басқаратын ауыл мешіті жұма сайын аз қамтылған отбасыларға тегін нан, азық-түлік,  ал құрбан айтта  шаруа қожалықтары ет таратуды үрдіске айналдырған. Ауылдан көшкен ел азаматтары осындай қайырымдылық акцияларына жәрдемін беріп тұрады. Мысалы, «Туған жерге тағзым» акциясы аясында жаңадан ашылған Мәдениет үйінің жиһаз, құрал-жабдықтарына  ардагер-дәрігер, ауылдан шыққан азамат Жексенби Көптілеуов демеушілік көмек көрсетуде.

Ауылда «Ақсақалдар», «Аналар»  кеңестері жұмыс жасайды екен. Ауылдың руханият көздері — мектеп, Мәдениет үйі тынымсыз еңбек үстінде. Осы жерде бір ой тастай кеткенді жөн көрдік. Жылма-жыл, өкінішке қарай, қасиет қонған, қыдыр дарыған қарттарымыз азайып барады. Кеше ғана өмірден өткен Әбдіраш Қоблашев  ағамыз қандай еді, арғы-бергі тарихты саралай білетін сұңғыла, тұнған шежіре еді ғой… Ауылда әлі де біраз үлкендер бар. Солардың ішінде Шәкет Төлеуова апайымыздың шоқтығы биік. Ардагер ұстаздың  салт-дәстүр, жол-жоралғы, бала, келін тәрбиесі жөнінен айтары мол. Осындай қазыналы жандар жандарыңызда жүргенде тыңдайтын құлақ  аз болмаса керек-ті. Тәрбие көзі — ауыл. Демек, осыны тек қолға алып, ертеректе «Мәдениет және тұрмыс» журналында шығатын «Жамал апайды тыңдасақ…» деген айдардағыдай, «Шәкет апайды тыңдасақ» деп, алқалы жиындар өткізіп тұрса, құба-құп болар еді…

«Ауылымнан аттанарда, алтын аймақ ән салады…». Жүйткіген  көліктің үнтаспасынан жүректі шымырлатқан ән әуелеп келеді. Терезеден дөңгеленіп қалып бара жатқан ауыл-аймаққа келер күндеріңнің келбеті көрікті болғай! деп,   ұзай бердік…

Зәуреш БАСЫҒАРАЕВА,

ҚР Журналистер одағының мүшесі.

Басқа жаңалықтар

Back to top button