Жаңалықтар

107 бос жұмыс орны ұсынылды

Жұма күні облыстық орталық «Нұр Ғасыр» мешіті алдындағы алаңда бос орындар жәрмеңкесі өтті.

Жәрмеңкеде жұмыс іздеушілерге 8 мекеме тарапынан 107 бос жұмыс орны ұсынылды. Қалалық жұмыспен қамту орталығының маманы Кәмила Бураханның айтуынша, қазір мекемелер мен кәсіпорындар, жеке кәсіпкерлер, негізінен, жұмысшыларды, асхана еңбеккерлерін, техникалық еңбеккерлерді (еден жуушылар, іс жүргізушілер, т.б.) көбірек іздейді.

Жыл басынан бері осындай екі жәрмеңке өткізіліп, соның нәтижесінде 86 адам жұмысқа орналастырылды. Жалпы, бүгінгі күні Ақтөбе қаласы бойынша жұмыс ұсынушылар тарапынан порталға — 1279 ұсыныс, ал жұмыс іздеушілер тарапынан 1751 түйіндеме енгізілген, — деді Кәмила Бурахан.

Жәрмеңкеге Ақтөбе металл құрылғылары зауыты, «Epsilon Group», «Green Capital Kazakhstan», «Мекен-5 СК» жауапкершілігі шектеулі серіктестіктері, басқа да кәсіпорындар мен мекемелер қатысты. Жұмыс берушілер талаптанушылар арасынан химик-технолог, эколог, инженер мамандарды, есепшілер мен қаржыгерлерді, дизайнерлерді, программистер және «Е» санатындағы жүргізушілерді, басқа да мамандарды іздестіретінін айтты.

Сондай-ақ «Атамекен» Ұлттық кәсіпкерлер палатасы облыстық филиалының мамандары келушілерге шағын кәсіпкерлікті қолдауға бағытталған мемлекеттік бағдарламалар мен олар арқылы қалай іс бастауға болатыны туралы түсіндірді. Жәрмеңке барысында сұранысқа ие мамандықтар бойынша қалай қайта даярлықтан өтуге болатыны, еңбек тәжірибесі жоқ жастарға арналған шаралар, т.б. жөнінде де ақпараттық-түсіндіру жұмыстары жүргізілді.

 А.САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button