Жаңалықтар

Тұтынушы құқығы қалай қорғалады?

Брифинг

Биыл қаңтар мен қыркүйек айлары аралығында 1142 тұтынушыдан арыз-шағым түскен. Бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 168 пайызға көп. 

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында өткен брифингте облыстық тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментінің бас маманы Гүлзада Алматбаева мен «Тұтынушылардың құқықтарын қорғау кеңесі» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Муран Манепов мәлімдеді.

Аталған департамент қызметін бастағалы бері 2 жылға жуық уақыт ішінде, барлығы 1822 тұтынушының арыз-шағымдары мен сұрақтары қаралған. Мәселен өткен жылдың қорытындысы бойынша 680 өтініш келіп түссе, биылғы жылдың жылдың 9 айында 1142 арыз-шағым қаралған.

— Биыл департаментке түскен 1142 өтініштің басым бөлігі, яғни 62 пайызы бөлшек сауда үлесіне тиесілі. 7 пайызы тұрмыстық қызметтер, 4 пайызы электронды сауда бойынша тіркелді. Қалған 9 пайызы туризм, қаржы, қоғамдық тамақтану, медицина, білім, байланыс және көлік қызметі салаларының үлесінде. Сонымен қатар, тұтынушы құқығы бойынша заңнама талаптарын түсіндіру және басқа да сұрақтар бойынша  207 өтініш түсті, — дейді Гүлзада Алматбаева.

Тұтынушы құқықтарының бұзылуы, әсіресе 14 күн ішінде сапасыз тауарларды сату, тауарды қайтару немесе ауыстыру, сатып алынған тауарды жеткізу мерзімін бұзу, сапасыз ұялы телефондарды сату және оларды кепілдікпен жөндеу мерзімдерін бұзу секілді басқа да фактілер бойынша кездеседі,

Тұтынушылар көп жағдайда электронды сауда кезінде наразылық білдіріп жатады. Сондықтан электронды сауда жасағанда интернет-дүкенді дұрыс таңдап, тауардың бағасы, кепілдік мерзімі, оны сатып алу, жеткізу және қайтару шарттарының бар-жоғына мұқият көз жеткізу керек.

— Департамент өкілдері қараған өтініштердің 875-і тұтынушы тарапынан оң шешілді. Облыс тұтынушыларына 31,5 миллион теңгеге жуық қаражат қайтарылды.

Соңғы кездері тамақ өнімдеріне қатысты сұрақтар көп түсетінін атап өткім келеді. Егер тұтынушыға мерзімі өткен тауар немесе сапасыз өнім сатылса, тауарды қалай қайтаруға болады? Бірінші кезекте өнімді және тауардың чегін алып (егер чек болмаса, тұтынушы куәгерлердің немесе камералардың жазбаларымен сатып алу фактісін растай алады),  жеке куәлігімен дүкенге келіп, өнімді неге жарамсыз деп санайтындығыңызды айтуыңыз қажет. Егер тұтынушының тауарды қайтару туралы талабы ауызша қанағаттандырылмаса, жазбаша шағым жазу керек. Заң бойынша сатушы 10 күнтізбелік күн ішінде жауап беруі керек. Егер шағымға жауап берілмесе, бұл тұтынушы құқығын бұзу болып саналады. Тиісті шағымды біздің департаментке түсіресіз немесе мәселені облыстағы сотқа дейінгі реттеу субъектілерімен реттей аласыз, — деді  Гүлзада Алматбаева.

Брифинг соңында Муран Манепов қазіргі заңнамалық талаптарға сәйкес, құқығы бұзылған тұтынушының қоғамдық бірлестіктерге, мемлекеттік органдарға хабарласу мүмкіндіктері бар екенін түсіндірді.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.

Басқа жаңалықтар

Back to top button