Жаңалықтар

Басты мақсат — балалар құқығын қорғау

Өңірімізге арнайы іссапармен келген Nur Otan партиясы жанындағы Отбасы, әйелдер мәселелері және балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңестің жұмыс тобы Ақтөбе қаласындағы бірқатар білім беру, денсаулық сақтау және әлеуметтік қорғау мекемелерін аралады.

Аталған республикалық қоғамдық кеңестің сарапшысы Мансия Исказинаның айтуынша, жұмыс тобының негізгі мақсаты — балалардың құқықтарын қорғау және олардың жан-жақты дамуы үшін жағдай жасау.

— Nur Otan партиясының «Өзгерістер жолы: Әр азаматқа лайықты өмір!» сайлауалды бағдарламасын, сондай-ақ «Бақытты отбасы» партиялық жобасын іске асыру барысын бақылау мақсатында еліміздің Батыс өңірлеріне іссапарға шықтық.

Сапар кезінде мониторингтік топ өкілдері балалардың әлеуметтік қолдау мекемелеріндегі оқыту, тұру жағдайларын бақылап, өңірдегі отбасы, әйелдер және балалардың құқықтарын қорғау мәселелерін шешу бағытында қабылданып жатқан шаралармен таныспақ. Біз әр облыстағы қалалар мен аудандарды, шалғайда жатқан ауылдарды аралаймыз.

Айта кетейік, 2019 жылы еліміздің 2020 елді мекеніндегі 1350 мекемеде жүргізілген мониторинг жұмыстардың нәтижесінде 130 мекемеде күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіліп, жиһаздар сатып алынды. Материалдық-техникалық базасысы нығайтылды. Сондай-ақ медициналық, әлеуметтік мекемелердің 200-ге жуық қызметкері оқудан өтті, — дейді Мансия Исказина.

Бұдан соң ол жұмыс тобының өкілдерімен таныстырып, Ақтөбе қаласындағы бірқатар нысандарды аралады.

Алдымен олар «Аяла» өмірлік қиын жағдайдағы балаларды қолдау орталығында болды. Орталық директоры Жаңылсын Нұрғалиеваның айтуынша, қазір мұнда 35 тәрбиеленуші бар. Оның 29-ы ата-ана қамқорлығынсыз қалған, ал, алтауы уақытша тұрып жатыр.

— Балалар Әуе қалашығы шағын ауданындағы №29 және №72 орта мектептерде білім алады. Сабақтан тыс кездері әр бала қызығушылықтарына қарай түрлі үйірмелерге қатысады. Мәселен, бірі бассейнге барып, спорттың бокс, дзюдо секілді түрлерімен айналысса, енді бірі музыка мектебіндегі домбыра, вокал кластарына қатысады, — дейді ол.

Жалпы, орталық 36 балаға арналған. Биыл уақытша келген 9 бала ата-анасымен жұмыс жасау нәтижесінде кері қайтарылған. «Балалардың қиын жағдайға тап болуларының бір себебі — ата-аналарының ішкілікке салынуы», — дейді орталық мамандары.

Бұдан соң мониторингтік топ өкілдері «Жайна» мүмкіндігі шектеулі балаларға арналған сауықтыру стационарында болды. Мұнда балаларға әлеуметтік, медициналық, педагогикалық және психологиялық қызметтер көрсетіледі. Орталық ең ауыр дәрежедегі және ата-анасының қамқорлығынсыз қалған мүмкіндігі шектеулі балаларды1 жарым жастан 18 жасқа дейін қабылдайды. Бүгінде 120 маман балалардың денсаулығын жақсартып, тәрбиелеуге үлес қосуда. Балалардың физикалық дамуымен қатар, ой-өрісінің дамуына қажетті жаттығулар мен түрлі әдістер қолданылады. Сондай-ақ олар тегін емдік дәрілер қабылдайды. Орталық директоры Нұрила Жарболованың айтуынша, қазір мұнда 100-ге жуық мүмкіндігі шектеулі бала тәрбиеленіп жатыр.

Отбасы, әйелдер мәселелері және балалардың құқықтарын қорғау жөніндегі республикалық қоғамдық кеңесінің өкілі Әлия Жекенова:

— Осы айдың 12-16 аралығында Батыс Қазақстан облысында болып, 100-ден астам мекемені араладық. Енді Ақтөбе өңірінде де екі күн бойы 60-қа жуық мекемеге бақылау жұмыстарын жүргіземіз. Жұмыс қорытындысы 29 қазан күні Nur Otan партиясының Маңғыстау облыстық филиалы базасында өтетін кеңестің көшпелі отырысында айтылады. Сондай-ақ кейбір заңнамаларға өзгерістер енгізілмек, — деді.

Республикалық қоғамдық кеңестің жұмыс тобы Ақтөбе қаласындағы «Малика» оңалту орталығы мен «Үміт» сәбилер үйін, басқа да әлеуметтік қорғау мекемелерін аралады. Сондай-ақ екі күн бойы облыстың Мәртөк, Ойыл, Қобда және Мұғалжар аудандарында да болды.

Ақбота ҚАЛДЫБЕК.  

Басқа жаңалықтар

Back to top button