Жаңалықтар

Айығып шыққандар үлесі — 96,5 пайыз

17 қазанда облыста коронавирус инфекциясын жұқтырған 25 жағдай анықталды. Оның 23-інен ауру белгілері байқалып отыр, ал екі адамның денсаулығына байланысты еш шағымы жоқ.

Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметі орталығында өткен тікелей эфирде айтылды. Тікелей эфир әдеттегідей әлеуметтік желілердегі aqtobe_press парақшасы арқылы таралып, облыстық санитарлық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының міндетін атқарушы Гүлбану Дәулетова мен облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаров індеттің таралуы мен вакциналауға қатысты өңірдегі қазіргі жағдай жөнінде баяндады.

Коронавирус инфекциясын жұқтырғаны анықталған 25 адамның 21-і — облыс орталығының тұрғыны. Сонымен қатар Мәртөк ауданынан — 3, Әйтеке би ауданынан 1 оқиға тіркеліп отыр. Жалпы, пандемия басталғалы бергі уақытта өңірімізде коронавирус дертін жұқтырғаны анықталғандар саны 33 815 болды. Оның ішінде 23,8 пайыз жағдайда ауру еш белгі бермей, тек зерттеу барысында ғана анықталған. Айығып шыққандардың үлесі — 96,5 пайыз немесе 32 661 адам.

Тіркелген науқастар арасында індетті сырттан, яғни басқа ел немесе басқа өңірден жұқтырып келгендер үлесі — 0,7 пайыз. Қазір үй карантинінде 8572 адам отыр.

«Ashyk» қосымшасы арқылы карантиндік шектеулерді өрескел бұзған, яғни «қызыл» статусы бола тұра көпшілік орындарға барған 94 адам анықталды. Оларға әкімшілік шара қолданылып, айыппұл салынған. Жалпы, 4,1 миллион теңгеден астам сомаға айыппұл салынған.

Гүлбану Дәулетова мен Бекболат Ізбасаров көпшілік тарапынан бірқатар сұрақтарға да жауап берді. Мысалы, жаңа жылдан кейін коронавирусқа қарсы вакцина ақылы болады деген сөз бар. Бұл шындыққа қаншалықты жанасымды?

Облыстық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасары Бекболат Ізбасаровтың айтуынша, мұндай мәселенің көтерілгені рас. Жаңа жылдан кейін тек өз елімізде өндірілетін вакциналар ғана тегін салынып, ал шет елден әкелінген вакциналар ақылы болуы мүмкін. Дегенмен бұл мәселе әлі де пысықталу үстінде, әзірге нақты шешім қабылданған жоқ.

А.САРЫБАЙ.

Басқа жаңалықтар

Back to top button