Тәуелсіздік — 30

ЕҚЫҰ-ға төрағалық еткен жыл

2010 жылдың басты оқиғасы — Қазақстанның Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымына төрағалық етуі болды. Қазақстанның ЕҚЫҰ-ға төрағалық ету кезіндегі жұмыстары посткеңестік кеңістіктегі жанжалдарды реттеуге, осы ұйым жауапкершілігіндегі аймақтың қауіпсіздігінің өзекті проблемаларын талқылауға және өркениеттер диалогын тереңдете түсуге бағытталды. Бұл тұста ұйымға мүше мемлекеттер саны 56 болды.

1-2 желтоқсанда ел астанасындағы Тәуелсіздік сарайында ЕҚЫҰ-ның Астана саммиті өтті. Оған тек осы ұйымға мүше елдерден ғана емес, БҰҰ, НАТО, ТМД елдерінен де, барлығы 2,5 мың делегат қатысты. Астана Саммиті Қазақстан үшін ғана емес, әлемдік қауымдастық үшін де елеулі оқиға ретінде тарихта қалды. Беделді ұйымның Қазақстаннан кейінгі төрағасы Литва Республикасы Қазақстанның бастамаларына жоғары баға берді. Сол кездегі Литва Президенті Даля Грибаускайте: «Қазақстанның тамаша елордасы Астанадағы ЕҚЫҰ Саммитінің достық атмосферасы және қабылданған шешімдер ұйымға мүше елдердің, сондай-ақ екі елдің арасындағы қарым-қатынастарды одан әрі дамыту үшін мықты іргетас болатынына сенемін. Литва Қазақстаннан төрағалық тізгінін қабылдай отырып, Сіздер тарапыңыздан берілген төрағалықтың жоғары стандарттарын сақтайтын болады», — деп атап көрсетті.

Сондай-ақ осы жылдың сәуір айында Ақордада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстанға ресми сапармен келген БҰҰ-ның Бас хатшысы Пан Ги Мунмен кездесті. Пан Ги Мун Қазақстанның әлемдегі бейбітшілікті сақтау, ядролық қарудан бас тартуға үндеу жолындағы қызметіне өзінің алғысын жеткізді.

Ал жаздың алғашқы күнінде елордада Қазақ хандығының негізін қалаған Керей мен Жәнібек хандарға ескерткіш ашылды. Ескерткіштің жалпы биіктігі — 12 метр. Жобаның авторы — астаналық жас мүсінші Ринат Әбенов. Ескерткіш ҚР Тұңғыш Президентінің мұражайы алдындағы саябақта орнатылды.

Астанамызда Керей мен Жәнібек хандар ескерткішімен қоса, Есілдің сол жағалауында олардың есімін иеленген үлкен көшелер де бар.

Аналарға алқа жауған жыл

2009 жылы елордада өткен Қазақстан әйелдерінің V форумында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Көпбалалы аналарды қолдау үшін, мен үкіметке құрметті ана атағын тағайындау тәртібін өзгертуді тапсырдым. 2010 жылдан бастап «Алтын алқаны» бұрынғыдай 10 бала емес, жеті бала тәрбиелеген аналар алатын болады. Ал «Күміс алқаға» 6 бала тәрбиелеген аналар ие болмақ», — деген еді. Соған сай «Қазақстан Республикасының мемлекеттік наградалары туралы» Заңға өзгертулер енгізілді.

Шүкір, 6-7 және одан да көп бала тәрбиелеп отырған аналар елімізде — қалада да, ауылда да баршылық. Заңға өзгеріс енісімен жергілікті әкімдіктердің қызметкерлері жер-жерлерде түсіндіру жұмыстарын жүргізіп, қажетті құжаттар тізбесімен таныстырды. Біздің облыста бірінші болып Ойыл ауданындағы аналардың құжаттары Елбасының қол қоюына ұсынылды. Сөйтіп, жыл басында бұл ауданда 148 ана — «Алтын алқа», ал 88 ана «Күміс алқа» иегері атанды.

Алтын және күміс алқалы аналарға 8478 теңге көлемінде жәрдемақы тағайындалды. Бұл үшін бюджеттен 30 миллиард теңге қаражат бөлінді.

«Гүлденсе ауыл, гүлденеміз бәріміз»

 2010 жылдың басты оқиғаларының бірі — «Ауылдың гүлденуі — Қазақстанның гүлденуі» акциясының бастау алуы болды. Бұл — ақтөбелік жастар бастама ретінде көтерген үлкен жаңалық, игі іс еді. Бастаманы еліміздің басқа өңірлеріндегі жастар да қолдады. «Ауылдың гүлденуі — Қазақстанның гүлденуі» акциясы аясындағы жұмыстар жыл сайын сәуірдің соңынан бастап, тамыздың соңына дейінгі аралықта жүргізілетін болды. Оған студент, оқушы жастар тартылды.

2010 жылы облысымызда акция аясында 300 отряд жасақталып, 50 мыңнан астам жас жазғы уақытта жұмыспен қамтылады деп жоспарланды. Оларға өздерінің туған ауылдарында көшелерді, ауыл айналасын, өзен-көлдердің жағасын тазалап, ретке келтіру тапсырылды. Ақтөбелік жастардың бастамасын іске асыруға 1 миллиард теңге көлемінде қаржы бөлінді. Студенттер мен оқушылардың еңбекақылары 25 мың теңге шамасында болды. Ең белсенді жастарға 62 жеңіл автокөлік, 1 мың ноутбук сыйға берілді. Сондай-ақ балалар мен жастарға астанада демалып қайту үшін жолдама да берілген.

Мысалы, Ә.Молдағұлова атындағы гуманитарлық колледждің оқушысы Зейнұр Робертұлы автокөліктің біріне ие болып, осыған орай өз пікірін: «Еңбектің наны тәтті болатынына да біз осы акцияның арқасында көз жеткіздік», — деп жеткізіпті. Ал Ойыл қазақ орта мектебі осы акция аясында «Марафон-эстафетаның үздік білім ұйымы» атанған. Бұл мектептен акцияға 134 бала қатысқан. Ақтөбедегі №7 кәсіптік лицейдің оқушылары қаладағы 11 мектептің спорт алаңдарын толық жабдықтап берген, т.б. қыруар істер жасалды.

Үмбетбай Уайдин — 75 жаста

«Иә, Үмбекең сондай адам — ол ұлтының есті дәстүріне құлай берілген азамат, оған ессіздіктің бәрі жат. Халқы десе оның қаны қайнап тұрады, оның намысын жыртып, тілі сайрап тұрады». Профессор Темірбек Қожакеевтің бұл пікіріне Үмбетбай Уайдинді танитын әр адамның сөзсіз келісері анық.

2010 жылы Ақтөбе өңірі өз перзенті, көрнекті жазушы, сатирик Үмбетбай Уайдиннің 75 жылдық мерейтойын кеңінен атап өтті. Осыған орай 21 желтоқсанда облыс орталығында жазушының өзі, сондай-ақ Сейіт Кенжеахметұлы, Көпен Әмірбек сынды белгілі сатириктердің қатысуымен «Сырымды айтайыншы» атты салтанатты жиын өтті. Кеште туған жері Үмбетбай Уайдинге темір тұлпар тарту етті.

Үмбетбай Уайдин 1935 жылы 10 қарашада Ырғыз ауданындағы Темірастау ауылында дүниеге келген. Тырнақалды өлеңдері мектеп қабырғасында жүргенде Ырғыз аудандық «Колхозшы» газетінде жарық көрген. «Қара көзілдірік» (1968 ж), «Құрдым шиыр» (1971 ж), «Ендігісін айтпаймын» (1974 ж), «Ішің білсін» (1976 ж), «Контейнермен келген кемпір» (1978 ж), «Тілсіз қоңырау» (1980 ж), «Быды-быды» (1982 ж), «Нанайын ба, нанбайын ба?» (1984 ж), «Инабат иірімдері» (1985 ж), «Мәселе қайда жатыр?» (1987 ж), «Пәлен-пәштуан» (1992 ж), «Мәңгілік мәселе» (1993 ж), т.б. кітаптары жарық көрген. Шығармалары орыс, украин, қырғыз, қарақалпақ, тува тілдеріне аударылған. Қазақстан сатириктерінің «Найзагер» қауымдастығы президентінің орынбасары болды.

Үмбетбай Уайдин  2018 жылы дүниеден өтті. Бүгінде Қ.Жұбанов атындағы Ақтөбе өңірлік университетінде және Ырғыз аудандық кітапханасында Үмбетбай Уайдин атындағы кабинеттер ашылған.

Батырлар аллеясы ашылды

Қыркүйек айында Ақтөбедегі Әлия Молдағұлова атындағы даңғылдың бойында өңірімізден шыққан Кеңес Одағының батырларына арналған аллеяның ашылуы болды. Жаңа аллея Ұлы Отан соғысындағы Жеңістің 65 жылдығына арнап ашылды.

Осыған орай өткен салтанатты жиынға сол кездегі облыс және қала басшылары, аллея иесі — батырлардың ұрпақтары мен Ұлы Отан соғысының ардагерлері қатысты. Жиналғандар Ұлы Отан соғысы құрбандарын бір минут үнсіздікпен еске алып, курсанттар аллеяның ашылу құрметіне оқ ату рәсімін жасады. Батырлар бейнелері орналасқан тақталардың алдына гүл шоқтары қойылды.

Аллеяда 48 батырға арнап гранит стела қойылған. Оның аумағы көркейтіліп, 300 шаршы метр жерге гүл егіліп, 3 мың шаршы метр тротуар тақталары төселген. 96 көше шамы орнатылған. Бүгінде аллея Ақтөбедегі көрнекті орындардың біріне айналды.

Азия ойындарының тұңғыш чемпионы

 2010 жылы Қытайдың Гуанжоу қаласында ХVІ жазғы Азия ойындары өтті. Қазақстан ұлттық құрамасының қатарында бұл Азиадаға ақтөбелік каратэші Ринат Сағындықов та қатысты. Ринат құрлық ойындарында 5 жекпе-жек өткізіп, бәрінде де жеңіске жетті. Сөйтіп, ол Ақтөбе спортының тарихына Азия ойындарының тұңғыш чемпионы болып енді. Біздің даңқты боксшымыз Галиб Жафаровтың өзі Азия ойындарында күміс (Пусан, 2002 ж) және қола (Доха, 2006 ж) медальмен шектелген болатын. Ал Ринаттың жолын кейіннен тағы бір ақтөбелік каратэші Андрей Ақтауов жалғады.

Жалпы, қазақ елі тәуелсіздік жылдарында, 1994 жылдан бастап жазғы Азия ойындарына 7 рет қатысты. Оның төртеуінде Азия алыптары саналатын Қытай, Оңтүстік Корея және Жапониядан кейінгі төртінші орынды иемденді. Екі рет — бесінші орын және 2018 жылғы Азиадада 9-орын алды. Қазақстанның, жалпы алып құрлықтың бүкіл спортшылары қазір 2022 жылы өтетін жазғы Азиадаға дайындыққа кірісті. ХІХ жазғы Азия ойындары келесі жылы қыркүйекте Қытайдың Ханжоу қаласында өтеді деп жоспарланған.

Тарих беттерін парақтаған И. ЖАЙМАҒАМБЕТОВА.

Басқа жаңалықтар

Back to top button